Шығыннан – тиімділікке дейін

Сұхбат
13.10.2026, 09:10
Оқуға 7 мин
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Локомотив шаруашылығы — тасымалдау процесін тартымдық күшпен, яғни локомотивтермен қамтамасыз ететін және оларды техникалық жарақты күйде ұстайтын теміржол көлігінің маңызды саласы. Ұлттық компаниядағы Локомотив шаруашылығының жағдайы қандай? Қай бағытта жылжуда? «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Локомотивтерді жөндеуді ұйымдастыру департаментінің директоры Елдос Тоқбергеновпен әңгімеміз осы және өзге де мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Елдос Аманұлы, Компанияның тартымдық жылжымалы құрамын жаңартуға қатысты стратегиясы қандай және сатып алынып жатқан заманауи локомотивтердің ерекшеліктерін айтып өтсеңіз?  

– Біздің қазіргі стратегиямыз тасымалдаудың өсіп келе жатқан көлемін, әсіресе транзиттік бағыттарды ескере отырып, оларды қамтамасыз ету үшін тартқыш жылжымалы құрамды ауқымды әрі кезең-кезеңімен жаңартуға бағытталған. Жаңа локомотивтерді сатып алу ұзақ мерзімді сенімділік пен энергия тиімділігін қамтамасыз етеді. Өзіңіз білесіз, қазір біздің локомотив паркіндегі техникалардың басым бөлігі – отандық зауыт өнімдері. Отандық құрастырылымдағы қазіргі заманғы тепловоздар мен электровоздар (ТЭ33А, КЗ8А сериялары) – бұл жаңа буын техникасы. Олардың негізгі ерекшеліктеріне келсек, алдымен техникалық артықшылықтарын атар едім, олар: тарту күшін айтарлықтай арттыратын асинхронды тарту жетегі, жөндеуаралық жүрістің ұзартылуы, техникалық дайындық коэффициентінің 95%- ға дейін артуы. Екінші, қауіпсіздігі. Бұл арада, локомотивтер заманауи микропроцессорлық басқару және диагностика жүйелерімен, кешенді локомотивтік қауіпсіздік құрылғыларымен (КЛУБ-У) және БОРТ жүйесімен, машинистің сергектігін бақылау жүйелерімен және бейнемониторингпен жабдықталған. Үшіншісі, локомотив бригадаларына арналған жайлылық. Яғни кабиналардың шу және діріл оқшаулау деңгейі жоғары, олар климат-бақылау жүйесімен, эргономикалық креслолармен, тұрмыстық модульдермен (микротолқынды пештер, тоңазытқыштар, санитарлық тораптар) жабдықталған, бұл машинистер үшін қолайлылықты арттырып, шаршауын айтарлықтай азайтады.  

– Сіз үшін қандай негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) басымдыққа ие, тәуліктік орташа жүріс, техникалық дайындық коэффициенті, локомотив өнімділігі? Оларды жақсарту жоспары қандай?  

– Біздің департамент үшін аса маңызды үш негізгі KPI, яғни негізгі тиімділік көрсеткіштеріне келетін болсақ, бірінші бұл – Техникалық дайындық коэффициенті (ТДК). Ол парк мүлкінің жарамдылығын тікелей көрсетеді. Бұдан кейін локомотивтің тәуліктік орташа жүрісі. Ол техниканы пайдалану қарқындылығын көрсетеді. Және де локомотив өнімділігі, яғни тәулігіне бір локомотивке шаққандағы брутто тонна-шақырым көрсеткіші. Әрине бұл көрсеткіштердің көтеріңкі болуы біз үшін аса маңызды. Сондықтан біз оларды жақсарту үшін предиктивті (болжамды) техникалық қызмет көрсету жүйесін енгізіп жатырмыз, түйісу станцияларындағы локомотивтердің айналым кестесін оңтайландырумен қатар үнемді өндіріс есебінен локомотивтердің техникалық қызмет көрсету және ағымдағы жөндеу жұмыстарында болу уақытын қысқартамыз, сондай-ақ сервистің сапалы жүргізілуіне бақылау жасаймыз.  

– Локомотивтер – отын ресурсын көп пайдаланатын ауыр техника. Электр энергиясы мен дизель отынының шығынын азайту үшін қандай технологиялар енгізілуде? Энергия тиімділігі көрсеткіштері тасымалдаудың жалпы құнына қалай әсер етеді?  

– Иә, отын-энергетикалық ресурстар – бұл біздің шығындарымыздың басты баптарының бірі. Сондықтан отын ресурсын үнемдеу мақсатында бірқатар іс-шаралар енгізілуде. Мәселен, пойызды автоматты түрде жүргізу жүйелері (автомашинист) рельефті ескере отырып, қозғалыстың оңтайлы энергия үнемдеуші режимін таңдайды; отын мен электр энергиясын есепке алудың электрондық жүйелері («Энергодиспетчерлік» АЖ) – адами факторды жоққа шығарады; күту режимінде тепловоздарды жылыту жүйелері – қыс мезгілінде дизельдің бос жүрісін болдырмайды. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап Қытайдың «CRRC Dalian» компаниясы шығарған гибридті күштік қондырғысы бар (дизель + аккумуляторлық батарея) маневрлік тепловоздарды жеткізу жүзеге асырылмақ. Бұл локомотивтерді дизельдік, аккумуляторлық және дизель-аккумуляторлық режимдерде пайдаланып, дизель отынын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Атап өтерлігі, жеткізілімге жоспарланған осындай 270 тепловоздың 203 бірлігін Қазақстан Республикасының аумағында құрастыру жоспарланып отыр. Үнемделген отынның немесе кВт⋅сағ-тың әрбір пайызы тасымалдаудың өзіндік құнын тікелей төмендетіп, бұл халықаралық нарықтағы қазақстандық транзиттің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.  

– Еліміздің жасыл заңнамасы – Экологиялық кодексте ірі кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҮТ) енгізу міндеттелген. Осы арада Компания табиғи газбен немесе сутегі отын элементтерімен жұмыс істейтін локомотивтерді енгізу мәселесін қарастыра ма?  

– Иә, ҚР жаңа Экологиялық кодексіне сәйкестік аясында біз бұл бағыттарды белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Газ-поршеньді маневрлік және магистральдық локомотивтерді (СТГсұйытылған табиғи газ) енгізу – ең жақын әрі экономикалық тұрғыдан негізделген перспектива. Газға көшу отын шығындарын 30-40%-ға дейін төмендетуге және атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 70%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Сутегіге келетін болсақ, бұл ұзақ мерзімді экологиялық тренд. Біз әлемдік тәжірибеге ғылыми-зерттеу мониторингін жүргізіп жатырмыз. Бұл жердегі басты қиындық, әзірге дайын тұрған құю инфрақұрылымы жоқ және сутегі отын элементтерінің жоғары құны болып отыр.  

– Жолда қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуын, тыйым салынған сигналдардан өтіп кету немесе техникалық жабдықтың істен шығуы сынды жағдайларды азайту жұмыстары қалай құрылған? Жазалау мен алдын алу арасындағы тепе-теңдік қандай? Жалпы мұндай оқиғалар орын алған жағдайда қандай жаза қолданылады?  

– Қозғалыс қауіпсіздігін сақтау – Компания ұстанған басты қағида. Біз назарымызды тек орын алған факті бойынша жазалауға емес, терең профилактика мен тәуекелдердің алдын алуға да аударып отырмыз. Жұмысымыз қауіпсіздік жүйелерінің кешені арқылы үлкен деректерді талдауға және тренажерлық кешендерде стандартты емес жағдайларды пысықтауға негізделген. Әрине адами фактор мен техниканың істен шығуын 100%-ға жоққа шығару мүмкін емес, биылғы жылы жекелеген техникалық іркілістер мен регламент бұзушылықтар тіркелді. Теңгерім қатаң регламенттелген: жиі бұзушылықтар немесе тыйым салу белгісінен өтіп кету сынды нұсқаулықтарды өрескел елемеу – еңбек шартын бұзуға және машинист куәлігінен айыруға дейінгі қатаң тәртіптік шараларды қарастырады. Дегенмен, егер машинист ақаулықты өзі анықтаса немесе оқиғаның алдын алса, ынталандыру жүйесі де қолданылады.  

– Жыл басынан бері локомотив бригадалары тарапынан жолда болып жататын әртүрлі оқиғалардың алдын алу мақсатында қанша рет шұғыл тежеуіш қолданылды? Және бұл шұғыл тежеулердің локомотив шаруашылығының қаржылық көрсеткішіне тигізетін кері әсері бар ма?

– Жыл басынан бері локомотив бригадалары 3356-дан астам шұғыл тежеу қолданған жағдай тіркелді. Олардың басым көпшілігі адамдарды, малды, жолға шығып кеткен автокөлікті қағып кетудің немесе жолда жатқан бөгде заттармен соқтығысудың алдын алумен байланысты. Әрбір шұғыл тежеу – бұл инфрақұрылым мен дөңгелек жұптарына түсетін елеулі жүктеме: қажалу, деформацияның пайда болу қаупі, т.б. Бұл кейіннен дөңгелектерді жонуды және жоспардан тыс жөндеуді талап етеді және локомотив шаруашылығы үшін белгілі бір қаржылық шығындар әкеледі. Дегенмен, адамдар өмірі, жүктің сақталуы және жылжымалы құрамның бүтіндігі дөңгелек жұптарын жөндеуге жұмсалатын кез келген шығындардан қымбат екені белгілі.

– Локомотив шаруашылығын цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?  

– Біз «Цифрлық депо» моделіне көшіп жатырмыз. Осы бағыттағы негізгі жобаларға келсек, олар: ТЭРШ АБЖ (АСУЭДТ) – пойыздарды тартуға жұмсалатын электр энергиясы мен дизель отынының шығынын бақылайтын автоматтандырылған жүйе; Машинистің электрондық маршруты – қағаз тасымалдаушылардан толық бас тарту, жұмыс уақыты мен отын-энергетикалық ресурстар (ОЭР) шығынын автоматты түрде есептеу; Цифрлық медициналық тексеру (ЕҚБЖ – Еңбекті қорғауды басқару жүйесі) – бригадаларды рейске шығар алдында 2-3 минут ішінде автоматты түрде тексеретін (қан қысымы, тамыр соғысы, алкотест) және деректерді бірыңғай базаға тіркейтін кешендер; Жолдардың жай-күйін және бригаданың іс-әрекетін бақылау үшін локомотив камераларынан алынған бейнеағынды талдауға жасанды интеллект элементтерін енгізу нұсқасы қарастырылуда.  

– Елдос Аманұлы, сіз жетекшілік ететін департамент локомотивтерді жөндеуді ұйымдастырумен айналысады. Осы ретте локомотивтер жоспардан тыс жөндеуге жиі кіреді ме және жөндеу түрлерін жүргізетін кәсіпорындар тарапынан жөндеу сапасының ақсауына қаншалықты жол беріліп жатады?

– Жоспардан тыс жөндеулер санын азайту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Өкінішке орай, ескі парктің тозығының жетуіне байланысты жоспардан тыс жөндеуге кіріп жататын жағдайлар әлі де орын алып тұрады. Біз сервистік компаниялармен қатаң рекламациялық талап-арыз жұмысын жүргіземіз. Әрбір ақау немесе жөндеу мерзімінің бұзылуы жағдайы үшін елеулі айыппұл санкциялары салынады. Қосалқы бөлшектерге қатысты жағдай қазіргі уақытта тұрақталып келеді.  

– Локомотив бригадаларына қауіпсіздік ережелерін сақтауы үшін қойылатын талаптармен қатар оларға жасалып отырған жағдайлар қандай?  

– Қауіпсіздік мәдениеті дегеніміз – ережелерді жазаланудан қорыққандықтан емес, саналы түрде сақтау. Біз бригадалардан темірдей тәртіпті және сөйлесу регламенті мен «дайындық минутының» сөзсіз орындалуын талап етеміз. Сәйкесінше, өз тарапымыздан олардың жағдайын жақсартуға ерекше мән берудеміз, олар сапалы тамақтанып, толыққанды ұйықтап демалуы үшін желілік станциялардағы локомотив бригадаларының демалыс үйлерін жаңартудамыз, ыңғайлы арнайы киімдерді енгізіп жатырмыз. Сонымен қатар локомотив бригадаларын ынталандыру және біліктіліктерін арттыруға да айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, апатсыз жұмыс және отынды үнемдегені үшін сыйақы берудің ашық жүйесі жұмыс істейді. «Мамандығы бойынша үздік» сияқты кәсіби шеберлік конкурстарын өткіземіз. Осылайша, машинистің өзін темір жолдың элитасы ретінде сезінуіне ықпал етудеміз.  

– Әңгімеңізге рахмет!  

 

Әлемде
13.10.2026
Stadler АҚШ нарығына арналған алғашқы аккумулятордан қуат алатын пойызды таныстырды
Жаңалықтар
13.10.2026
ҚТЖ өндірістік оқыту жүйесін жетілдіруде
Сұхбат
13.10.2026
Шығыннан – тиімділікке дейін
Жаңалықтар
13.10.2026
«Жас үздік маман» байқауы мәреге жетті
Аймақтар
13.10.2026
417 теміржолшы білімін арттырды
Қауіпсіздік
13.10.2026
Теміржолда балаларды тасымалдау кезінде санитарлық талаптарды сақтау ескертілді
Жаңалықтар / Мұрағат
13.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №81 13 қазан 2026 жыл
Әлеумет
12.10.2026
ҚТЖ магистральдық желі қызметкерлері үшін 80 модульдік ғимарат орнатты
Жолаушылар тасымалы
12.10.2026
Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға пойызда қандай жағдай жасалған?
Аймақтар
12.10.2026
Кәсіподақ қызметіне баға берілді
Жаңалықтар
12.10.2026
ҚТЖ-ның 400 астам локомотивті Тrip Optimizer зияткерлік жүйесімен жарақтандырылды
Жаңалықтар
12.10.2026
«Жолаушылар тасымалы» қызметкерлері Кәсіподақ күні қарсаңында марапатталды
Жолаушылар тасымалы
12.10.2026
Пойыздағы сапарыңызды жайлы ететін бес зат
Жаңалықтар
12.10.2026
Жамбыл теміржолшылары Кәсіподақ күнін боулинг жарысымен атап өтті
Инфрақұрылым
12.10.2026
Немістің логистикалық компаниясы Орта дәліз бойында 14 терминал салуды жоспарлап отыр
Инфрақұрылым
12.10.2026
Астана-1 вокзалындағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Теміржол көлігімен экспорттық тасымалдар көлемі 7,1%-ға артты
Жаңалықтар
09.10.2026
Атырау филиалы «ҚТЖ» жүйесіндегі үздік әскерилендірілген теміржол күзеті деп танылды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Орта дәлізде жүк ағыны артты: сегіз айда 44,2 мың контейнер тасымалданды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ желісімен 77 млн тоннадан астам көмір тасымалданды