Әдеттегі жоспарлы және ағымдағы жұмыстарын күн сайын жүргізіп жататын Астана жолшыларында жаз келгелі бір мезет те тыным жоқ. 800-ге жуық шақырым темір жолдың қауіпсіздігіне жауапты олар жазғы жұмыстарды жайма шуақ мезгілде жеңіл жүріп тындыруға дағдыланған. Ірілендірілген Астана жол дистанциясының жол монтерлері 7 колоннадан тұратын 7 телімге біріктірілген болса, қазіргі таңда соның бір бөлігі станция жолдарында бағыттама бұрмаларының жер төсемдерін көтерумен айналысып жатыр. Түске дейін шақырайып шыққан күнімен ысып, түс ауа көшкен бұлтпен жаңбыры дайын тұратын Елорданың қай уақытында да теміржолшылар табиғаттың тосын мінездеріне үйренген, тоқтамастан жұмыстарын жалғастыра береді.  Бізді  жөндеу жұмыстары алаңына ертіп барған дистанцияның бас инженері Нұрлан Мұхатаевтың айтуынша, «толаскез» кезінде «Унимат» техникасы іске қосылып, бағыттама бұрмаларын көтеріп, қайта орнына қойғанға дейін ол жерлерге қиыршық тастар үйіліп төгіледі. Бұрманы көтерген кезде әбден жермен жексен болған олардың астына қиыршық тастар түсіп, бұрма біршама биіктеп барып, қайта өз орнына жайғастырылады. Бұл техникамен күніне 6 бағытттама бұрмасының жер төсемі биіктетіледі. Жолдың мінсіз қызметі үшін аса маңызды осы жөндеу жұмыстарынан бөлек жоспарлы шаруалар тізбегі де белгіленген. – Орташа, күрделі жөндеулер, рельс ауыстыру, жол өлшеу вагондарының жұмысы, ақаутапқыштар тексеруі, тағы да басқа жұмыстар жоспары бізде бір жылға алдын ала нақтыланған. Балдық көрсеткіштерімізді де айқындап отырамыз. Мысалы, биыл өткен 4 ай ішінде династия жұмысы 75 балдық көрсеткішпен бағаланды. Үстіміздегі жылы 48 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, яғни ағаш шпалдарды темір-бетон түріне ауыстыру жоспарланған. Оның 27 шақырымы Шортанды-Төңкеріс, қалғаны Астана –Жайнақ станциялары аралығындағы жолға жасалмақ. Жалпы бізге қарасты жолдардың шамамен 80 пайыздайы жаңартылған десек болады. Ал бағыттама бұрмаларының осы жылы 15-ін жаңартқалы отырмыз, – деп ақпарат берді бас инженер. Дистанцияда бүгінде 940 адам еңбек етеді. Кешегі көктемгі комиссиялық тексеруді 6 телімге 4 комиссия бөліп қарап шығу арқылы өткізіп, бірқатар олқылықтар бойынша тапсырмалар алынды. Ендігі мәселе осы айдың 25-нен бастап  мектептерде жазғы демалыстың басталуына орай темір жол бойларында орналасқан станция-бекеттердегі тұрғындармен, білім ордаларында түсіндіру жұмыстарын жүргізу басталды. Дистанцияның еңбек қауіпсіздігі инспекторлары осы шаруаны мүлтіксіз орындауға кіріскен. Ал жоспарланған ағымдағы жөндеулер жылдың әрбір күніне бөлініп, темір жолдың тынымсыз қозғалысына кепілдік берер жұмыстармен жалғасып жатыр.

Райхан Рахметова

Астана