«Нұр Жолы – Қорғас» бағытында жүк күту уақыты 10 есеге қысқарды
Қазақстанда көлік саласын цифрландыру жүк тасымалының жылдамдығына да әсер ете бастады. «Нұр Жолы – Қорғас» бағыты бойынша жүк көліктерінің кезекте күту уақыты бұрынғы 30 күннен 3 күнге дейін қысқарған. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында министр Digital Qazaqstan стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар туралы баяндады. Негізгі мақсат – жүк тасымалының тиімділігін арттыру, көлік инфрақұрылымының жағдайын бақылау және азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің мерзімін қысқарту.
Саладағы негізгі жобалардың бірі – Smart Cargo платформасы. Ол 58 дереккөзді біріктіріп, халықаралық жүктердің бүкіл маршруты бойынша қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
«Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты да іске қосылды. Бұрын қолданылған қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код енгізілген. Қазірдің өзінде 11 мыңнан астам цифрлық паспорт рәсімделіп, жүк өткізу жылдамдығы 30 пайызға артқан.
«Нұр Жолы – Қорғас» бағытындағы өзгеріс әсіресе кезекте күту уақытынан байқалады. Министрдің айтуынша, бұрын жүк көліктері шекарада орта есеппен 30 күн күткен болса, қазір бұл көрсеткіш 3 күнге дейін қысқарған.
«Кезекті күту уақыты 10 есеге қысқарды. Келесі қадам – Әзербайжан мен Ресей платформаларымен интеграция жасау», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Көлік саласындағы цифрлық сервистерді бір ортаға біріктіру үшін e-Kөлік жүйесі де дамытылып жатыр. Оның деректер базасы ретінде Smart Data Transport платформасы қалыптасуда. Қазіргі таңда оған 9 деректер көзі қосылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 40-қа дейін жеткізу жоспарланған.
Жүйеде жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы көлік желісіне толық мониторинг жүргізу көзделіп отыр. Бұл қозғалысты бақылауға ғана емес, саладағы тәуекелдерді ертерек анықтап, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Цифрландыру мемлекеттік қызмет көрсетуге де енгізілуде. Азаматтардың өтініштерін жасанды интеллект көмегімен өңдеу нәтижесінде оларды қарау мерзімі 15 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқарған. Ендігі мақсат – бұл мерзімді бір жұмыс күніне дейін жеткізу.
Осылайша, көлік саласындағы цифрлық жобалар біртіндеп қағаз құжат айналымын азайтып, жүк қозғалысын бақылауды жеңілдетіп, шекарадағы күту уақытын қысқартуға бағытталып отыр.