Мысыр елдегі алғашқы электрлендірілген жоғары жылдамдықты теміржол желісін салып жатыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Жалпы ұзындығы шамамен екі мың шақырым болатын жаңа магистраль Қызыл және Жерорта теңіздері арасындағы көлік-логистикалық байланысты күшейтіп, жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтеді. Ел билігі жобаны «рельстегі Суэц каналы» деп атап отыр.
Жаңа теміржол Суэц каналын алмастырмайды, керісінше оны толықтырады. Порттарға тартылатын теміржол желілері теңіз терминалдары мен елдің ішкі аймақтары арасындағы жүк тасымалын бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
Жоба бойынша келісім Мысыр мен немістің Siemens компаниясы арасында 2021 жылы жасалған. «Мысыр – 2030» бағдарламасына енгізілген магистраль жылына қосымша 13 млн тонна жүк өткізуге мүмкіндік береді. Жолаушылар үшін жоғары жылдамдықты және өңірлік пойыздар қатынайды.
Қазір елде жалпы ұзындығы шамамен екі мың шақырым болатын үш желі салынуда. Оның ішінде 660 шақырымдық алғашқы бағыт Қызыл теңіздегі Айн-Сохна портын Жерорта теңізіндегі Марса-Матрух порттарымен байланыстырады.
Екінші желі ұзындығы шамамен 1,1 мың шақырым болып, 6 қазан қаласын Абу-Симбелмен жалғайды. Үшінші, 225 шақырымдық бағыт Кена қаласын Сафага порты мен Хургадамен байланыстырады.