Келер жылы Дарбаза – Мақтаарал және Достық – Мойынты теміржол желісінің құрылысы қолға алынбақ
Оқуға 2 мин
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қоғамдық кеңестің бейнеконференция форматында өткен отырысында ведомствоның 2021 жылғы 9 айдағы қызметі туралы есебін ұсынып, жұмыс жоспарымен таныстырды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Ведомство басшысы алға тартқан мәліметтерге сүйенсек, өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторларында өндіріс көлемі өсіп, жиынтық көрсеткіші 105,7% құраған. Мәселен, машина жасау саласы 22,8% деңгейінде өндіріс көлемінің тұрақты өсімін көрсетіп отыр. Өңдеу өнеркәсібінің басқа салалары бойынша да оң динамика байқалады.
Бейбіт Атамқұлов, өңдеуші өнеркәсіптің берік негізі қалануына іске асырылып жатқан индустриялық саясаттың оң ықпал еткенін атап өтті. Бұл пандемия жағдайында да сала өсімін сақтауға мүмкіндік берген. Оның айтуынша, еліміздің транзиттік әлеуетін әрі қарай арттыру үшін келесі жылы Түркістан – Шымкент – Ташкент учаскесінде Дарбаза – Мақтаарал және Достық – Мойынты жылдамдығы жоғары теміржол желісі құрылысының жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда екен.
Министр көлік саласында пандемияға қарамастан, транзиттің жалпы көлемі биылғы 9 айдың қорытындысында 17,5 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 2,4% жоғары болғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысына да ерекше тоқталды.
Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы әзірленген. Онда орта және жоғары қайта балқытып өңделген тауарларды шығаратын кәсіпорындарды қолдау, бизнестің ыңғайласпа міндеттемелерін енгізу, кәсіпорындарды цифрлық трансформацияға және Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге ынталандыру, отандық тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету және өнеркәсіптің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы қалыптастыру шаралары қарастырылған.