М. Тынышпаев атындағы Астана ALT көлік колледжінде «Еңбек нарығының өзгеруі жағдайында колледж бен жұмыс берушілердің стратегиялық серіктестігі: болашақ мамандарды даярлауда күш-жігерді біріктіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Көлік және теміржол саласындағы жетекші кәсіпорындардың басшылары, әлеуметтік серіктестер мен колледж әкімшілігі қатысқан басқосуға теміржол кәсіпорындары қатарында ALSTOM компаниясы, Астана локомотив пайдалану депосы, «Кедентранссервис» АҚ, «Қамқор Локомотив» ЖШС, Астана локомотив жөндеу депосы өкілдері де арнайы келді.  

Дөңгелек үстел барысында кәсіби кадрлар даярлаудың өзекті мәселелеріне арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалып, колледж директоры Әлішер Жұмаділдин қазіргі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау жұмыс берушілердің білім беру процесіне тікелей қатысуынсыз мүмкін еместігін атап өтті. Астана локомотив пайдалану депосының директоры Дулат Ахмадиев болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуындағы өндірістің рөлі туралы баяндама жасады. Отырыста өндірістік тәжірибенің сапасын арттыру, дуальды оқытуды дамыту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, тәлімгерлік жүйесін нығайту және кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мамандар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.  

Жиын соңында кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Кәсіпорын өкілдері колледж базасында мамандандырылған оқу кабинеттерін ашуға ерекше қызығушылық танытты. Теміржол саласының заманауи талаптарына сай келетін құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу кабинеттерін құру бойынша бастамалар талқыланды. Сонымен қатар кәсіпорындар тарапынан колледжге заманауи оқу симуляторларын пайдалануға беру мүмкіндігі қарастырылды.  

Мұндай жабдықтарды қолдану студенттердің кәсіпорынға өндірістік тәжірибеге шықпай тұрып, нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын ортада кәсіби дағдыларын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Колледж басшылығының айтуынша, өндіріс орындары тарапынан аталған бастамалардың көтерілуі олардың сапалы кәсіптік білім беруді дамытуға мүдделі екенін көрсетеді.