Бүгінде жалпы ұзындығы 303 шақырымды құрайтын жаңа Бақты-Аягөз телімінде құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде. Мердігер компания алдағы желтоқсан айының 20-на дейін жоспар аясындағы бірқатар жұмыстарды толық аяқтауды көздейді. Ал жобаның жалпы қолданысқа беру мерзімі келесі жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Үш учаскеге бөлінген телім бойында әсіресе болашақ станцияларға тиесілі нысандар бой көтеріп, жолдар төселіп жатыр. Соның ішінде, Үржар станциясындағы жұмыстарға ерекше басымдық берілуде. Оның өзіндік себептері бар. Жоба аясындағы ұсынымдар бойынша Үржар станциясы шекаралық Бақтыдан кейінгі ең үлкен аралық станция болмақ.
Қазіргі күні жоба бойынша болашақ станция аумағында 8 қабылдау-жөнелту жолдары, бір басты жол салыну жоспарлануда. Жалпы, телім бойы пайдалануға берілген соң келешектегі Үржар станциясы жүк тасымалының артуымен бірге кезең-кезеңмен дамытыла бермек.

Қазіргі есеп бойынша Үржарда қос пәтерлі он үй және вахталық жұмысшыларға арналған 20 орындық үй тұрғызылмақ. Оның сыртында 40 орындық локомотив пайдалану депосының демалыс үйін салу да көзделген. Қазіргі күні болашақ станция басында қос қабатты ЭО ғимараты салынып жатыр.
– Техникалық талаптар бойын- ша көпір, теміржол, бұрмалар, электрмен қамту, байланыс және басқару жүйелерін орнату бірінші кезекте жүргізілуі тиіс. Бұл орайда бүгінде теміржол, бұрмалар төселіп, жоғары кернеулі электр желілері де тартылуда, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жаңа жобаларды салу» дирекциясы «Бақты-Аягөз» теміржол желісі құрылысының мониторингі жөніндегі бас менеджері Нұрлан Шәріпқанов.
Ауа райы қолайлы болып тұрғандықтан құрылыстар түнгі ауысым бойынша да атқарылуда. Мамандардың айтуынша, дәнекерлеу жұмыстары стандартпен ережеге сәйкес градустық температурада жүргізілуде. Мердігерлердің қадағалауымен жұмысқа жергілікті тұрғындар да тартылған.
Жалпы, Үржар станциясында жол дистанциясы, байланыс және белгі беру дистанциясы, қалпына келтіру пойызы мен өрт сөндіру пойыздары орналасатын болады. Сонымен қатар, станция нысандары толықтай пайдалануға берілген мезгілде қозғалысшыларды, жолшылар мен күзет қызметі сынды барлық сала мамандарын қоса алғанда 350- ден астам теміржолшы қызмет етеді деп күтілуде. Алдағы ақпан айында кадрлық ұсынымдар құзырлы орындардың қарауына жіберілетін болады.
– Сонымен қатар, қазіргі күні Үржар ауданы әкімдігімен бірлесіп мамандар әзірлеу мәселесі де көтеріліп жатыр. Станция 17 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығы Үржар ауылы мен Науалы, Елтай ауылдарына таяу орын тепкен. Яғни, аграрлық сала жақсы дамыған, халық саны аса тығыз өңір. Сондықтан да, теміржол саласы үшін маман тапшылығы туындамауы тиіс, – деді «Бақты-Аягөз» теміржол желісі құрылысы дирекциясының басшысы міндетін атқарушы Ернар Төлепбергенов.
Ал, стратегиялық маңызға ие жоба Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және Қытаймен теміржол қатынасын кеңейтуге бағытталғаны белгілі. Осы ретте болашақ Үржар – жүк станциясы болуға лайықты. Бұл қазіргі есеп бойынша жүк ағындарын бөлудің тиімділігін арттыруға, сонымен қатар, ең маңыздысы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік жасауға да жол ашады.
Түйіндей айтсақ, бүгінгі таңда Бақты-Аягөз телімінің бойындағы құрылыс барысы кестеге сай жалғасуда. Соның ішінде жұмыстардың негізгі бөлігі Үржар сынды шекара маңы аймағында және Бақты станциясы ауданында жедел атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн.