2026 жылғы қаңтар–қазан айлары аралығында «Қазтеміртранс» АҚ бойынша жүк тиеу көлемі 802 мың вагоннан асты. Оның ішінде шамамен 690 мың вагон ішкі тасымалдарға, 112 мыңнан астамы экспорттық тасымалдарға тиесілі.
Жүк тиеу құрылымында тас көмір басымдыққа ие болып отыр. Оның көлемі 461 мың вагоннан асып, жалпы жүк тиеу көлемінің шамамен 58%-ын құрап отыр.
Сондай-ақ құрылыс жүктері бойынша 86,6 мың вагон, түсті кендер мен күкірт шикізаты бойынша шамамен 57 мың вагон, темір және марганец кендері бойынша 46,9 мың вагон жүк тиелген. Есепті кезеңде аталған төрт жүк санатының жиынтық үлесі жалпы жүк тиеу көлемінің 81%-дан астамын құраған.
Еліміздегі жүк вагон паркінің ең ірі жалғыз операторы саналатын «Қазтеміртранс» АҚның жекеменшік вагон паркіндегі құрамдар саны 38 мың бірлік шамасында. Олар ашық және жабық вагондар, платформалар, астық және цемент тасушылар, тағы басқа да вагон түрлері. Енді компания қызметіне келсек, ол жүк вагондарын бағдарлау, арнайы жылжымалы құрамдарды жалға беру сияқты бағыттарды қамтиды. «Қазтеміртранс» АҚ вагондарымен тасымалданатын жүктердің басым бөлігін сусымалы, яғни көмір, шағыл тас, кен сияқты жүктер құрайды.
Сонымен қатар ыдысты-даналанған жүктер, астық, құрылыс жүктері, тағы басқа тауарлар да тасымалданады. Компания перспективалы даму бағыттарына айрықша ден қойып отыр. Олардың қатарында жүк тасымалдаушы жылжымалы құрамдар паркін жаңалау, корпоративті басқару жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ қызметтер сапасы мен әлемдік стандарттар үлгісіне сәйкес келу сияқты басты бағыттар бар.
«Қазтеміртранс» АҚ-ның басты артықшылығы, ең үлкен вагон паркі болып отыр. Сондықтан жүк жөнелтушілерді вагондармен қамтамасыз етудің ең үлкен мүмкіндігі туып отыр. Екіншіден, клиенттерге жеке кабинеттері арқылы онлайн режимде ең қолайлы сервис қарастырылған, үшіншіден компания ең ашық тарифтік саясатты ұстанады. Сонымен қатар көмірді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранс» АҚ-ның иелігінде 29 мың ашық вагоннан тұратын парк бар.