Бүгінде Семейдегі вокзал аумағында жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы қызу қарқын алған. Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылуда.
Биылғы жылғы 10 қыркүйекте басталған көпір құрылысының аяқталу мерзімі желтоқсан айына белгіленген. Бұрын жолаушылар темір жол арқылы өтетін көпірмен тікелей қатынайтын. Қазір айналма жолмен жүруге мәжбүр. Сондықтан құрылыс жұмыстарын кешіктірмей аяқтап, жаяу жүргіншілердің кедергісіз өтуіне жағдай жасау қажеттілігі күн тәртібінде тұр, яғни алдағы бір айдың ішінде барлық жұмыстарды аяқтау міндеттелген. Құрылыс барысын жергілікті атқарушы билікпен қатар теміржол басшылығы да тұрақты қадағалауда.
Айта кетерлігі сол, Семей вокзалын қайта жаңғыртудың бастапқы жобасында конкорстық өткел салу қарастырылмаған болатын. Облыс әкімдігінің бастамасымен жолаушылардың теміржолдың бірінен екіншісіне қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуін қамтамасыз ету мәселесі ҚР Көлік министрлігімен және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп пысықталып, өткел құрылысын белгіленген мезім ішінде жүзеге асыру туралы нақты шешім қабылданған еді. Осылайша жарты ғасыр тұрған бұрынғы көпір бұзылып, сәнді де мәнді жаңа нысан салынуда.
«Бұрынғы жаяу жүргіншілер көпірінің орнына салынып жатқан өткелдің ұзындығы – 209 метр, биіктігі – 4,5 метр. Көпірге жалпы саны 11 тірек орнатылады. Жолаушылардың қолайлы әрі қауіпсіз қатынауы үшін оның төбесі мен екі қапталы толық жабылады. Қазіргі уақытта көпірдің екі шетіне негізгі тіректер орнатылды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы үшін көпірдің екі жағында лифт орнату да қарастырылған» – деп хабар таратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жалпы, биылғы жылы Семейдегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту аясында өткелдерді жөндеуге басымдық берілгенін айта кету керек. Қала аумағында 30-дан астам теміржол өткелі бар. Көктемде Речников көшесіндегі өткел пилоттық жоба ретінде жөнделді. Бүгінгі күнге дейін Қаржаубайұлы көшесіндегі бір, Лебаев көшесіндегі екі, Мичурин көшесіндегі үш және Титов көшесіндегі бір өткелде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін Дулатов көшесіндегі өткелдерді жөндеу көзделген. Сонымен биыл жалпы қала ішіндегі 9 теміржол өткелін жөндеу жоспарланып отыр.