Өңір тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету үшін көмір тасымалдайтын вагондар саны 16 мыңға жеткізілді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың депутаттар сауалына жауабында айтылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
«Жүк жөнелтушілерді вагондармен қамтамасыз ету үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бірқатар оперативтік іс-шаралар қабылдады. Оның ішінде көмір тасымалдауға жұмылдырылған ашық вагондардың саны ұлғайтылды. Қазіргі уақытта ашық вагондардың саны 13 мыңнан 16 мыңға дейін ұлғайтылды», – делінген Роман Склярдың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында.
Сонымен қатар ол көмір тасымалдауға көршілес теміржол әкімшіліктерінің ашық вагондары да тартылғанын атап өтеді.
«Қазтеміртранс» АҚ-ның ашық вагондарына басқа номенклатуралық жүктерді және экспортқа жүк тиеулер шектелді. Жылу электр станциялары- на жөнелту жұмыстары күн сайынғы бақылауда тұр. Айналма бағдарлар ұйымдастырылды. Жылжымалы құраммен толықтай қамтамасыз етілуде», – деді Үкімет басшысының орынбасары.