Транскаспий – Ұлы Жібек жолының жалғасы

Жүк тасымалы
04.06.2024, 15:49

Осыдан қаншама мың жыл бұрын, анығырақ айтсақ, біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырда Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын Ұлы Жібек жолының дәуірі басталды. Қытайдағы Хуанхэ өзенінің аңғарынан бастауын алған ұлы жол Тарым ойпатын көктей өтіп, Памир үстіртінен асып, Орталық Азияны, Батыс Азияны кесіп өтіп, Жерорта теңізінің шығыс жағалауына дейін жетті, деп жазды Егемен Қазақстан газеті.  

Ғалымдар есебінше, жалпы ұзындығы 12 мың шақырым болған деседі. VI-VII ғасырларда Жетісу мен еліміздің оңтүстігі арқылы өтетін бағыттың тиімділігі арта түскен. Біздің заманның ұлы жолы – Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) болатын сыңайлы. Мұны кей кезде Орта дәліз деп те жүрміз. Бұл бағыт та бастауын Қытайдан алады. Ляньюньган портынан басталған маршрут Қорғас құрғақ портына, Достық бекетіне таяп келеді, одан әрі тауар тиелген вагондар Ақтау мен Құрық порттарына жеткізіледі. Тізбек әрі қарай Әзербайжан, Грузия және Түркия топырағында жалғасып, Қара теңіз арқылы Еуропаға шығады. Транскаспийдің де ұзындығы 12 мың шақырымға шамалас. Ұлы Жібек жолы арқылы бір кездері сан алуан тауар, әсіресе жасмин суы мен амбра, кілем мен мата, гауһар мен піл сүйегі, алтын құйма мен қауын-қарбыз толассыз тасымалданыпты. Әрине, ең басты тауар – жібек еді. Қазір де Транскаспий арқылы тауардың түр-түрі тасылады. Солардың ішіндегі ең асылы да бағалысы – қазіргі жібегіміз – мұнай. Ұлы Жібек жолының бойында Құлан, Аспара, Алматы, Талхир, Сауран, Сығанақ, Испиджаб сияқты көркем шаһарлар бой көтерді. Қазіргі Транскаспий желісі түсіп жатқан өлкелердің де өн бойына қан жүгіріп, инфрақұрылым жақсарды. Жаңа теміржол өткелдері, жаңа порттар мен бекеттер тұрғызылып, сауда орталықтары көпфункционалды қатынасты күшейтті. Ең маңыздысы – VI ғасырдағы Түрік қағанаты, XIII ғасырдағы Шыңғыс хан империясы, ал XIV ғасырдағы Teмip империясы Ұлы Жібек жолының бойында тарамдалып жатқан бүкіл жолды бақылауына алса, бүгінде Транскаспийді де, байырғы алып империялардың заңды мұрагері Қазақстан тарапы бас болып дамытып, маршрутқа қатысты барлық іс-шараны елорда төрінен реттеуге атсалысып отыр.

Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, расында, бізге тиімді әрі қызық бағыт – мұнда теміржол да, теңіз жолы да, құрғақ порт та бар. Сондықтан мультимодальды дәліз. Бағыт жылына 6 млн тонна жүкті тасымалдайды. Елдер 2025 жылы 10 млн тоннаға жеткізуден үмітті.

Негізі Транскаспий – тасымал маршрутын әртараптандыру жолындағы бір қадамымыз. Алайда тап осы бағытты тереңдете дамыту және келешекте оны негізгі жолға айналдыру – бірегей мақсат. Сол себепті, мемлекет салаға, әсіресе Ақтау портына мейлінше мол инвестиция құюға кірісті. ҚТЖ мәліметінше, 2023 жылдың бірінші жартысында Ақтау теңіз сауда порты арқылы 2,6 млн тоннадан астам құрғақ және мұнай жүктері тиелді. Бұдан басқа тиеліп жатқан жүк қанша. Соңғы уақытта Баку – Тбилиси – Жейхан бағыты бойынша мұнай тасымалдау көлемінің ұлғаюы да Транскаспий бүйірінің томпаюына сеп.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2030 жылға таман Транскаспий бойынша жүк ағыны жылына 500 мың контейнерге жетуге тиіс. Сол мақсатта 2025 жылы портта қызметтердің кең ауқымды спектрін ұсынатын контейнерлік хаб пайдалануға беріледі. Одан өзге, «Бақты» өткелінде жаңа құрғақ порт салынуға тиіс. Орта дәліздің өткізу қабілетін еселеу үшін Президент ҚТЖ-ны транспорттық-логистикалық компанияға айналдыру туралы тапсырма да берген. Әлемдік айналым күшейді. Жан-жақтан сауда ағындары келе жатыр – Оңтүстік Шығыс Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға тауар тасу енді көбеймесе азаймайды. Олардың деңгейіне сай болу үшін ТХКМ да тынбай жетілуге тиіс. «PTC Holding» компаниясы былтыр қазанда Қара теңіз жағалауында Поти портында (Грузия) контейнерлік терминалдың құрылысын бастаған еді. Бұл да ТХКМ-ды кеңейту тұжырымдамасымен сабақтасады.

Енді қалыптасып келе жатқан Құрық порты арқылы былтыр әдепкі 6 айда ­1 млн тоннадан аса жүк тиелді. Портта келер жылы көпфункционалды «Саржа» теңіз терминалы бой көтермек. Порт­тан бөлек, пойыз жолдар да белсенді салынып жатыр. Соның бірі – Алматыны айналып өтетін, қазақ-қытай арасындағы тасымал көлемін 5 есе арттыруға қабілетті Достық – Мойынты теміржол бағыты. Теміржол бағытын тиімді етуде былтырдан бері біраз шаруаның басы қайырылды. Қазақстан, Грузия және Әзербайжан бірігіп «Middle Corridor Multimodal Ltd» компаниясын құрып, штаб-пәтерін Астанадан сайлады. Бірлескен кәсіпорын бір терезе қағидатымен қызмет көрсетіп, тауар жеткізудің құны мен мерзіміне кепілдік береді, Қытай – Еуропа және Түркия – Қытай бағыттары бойынша жүк ағынын арттыру мақсатында мультимодальды сервисті дамытуға қатысты ортақ саясат жүргізеді.

Біздің ел арқылы жүріп өту уақытын мейлінше қысқарту – басты міндет. Бұрын Қытайдан ТХКМ арқылы Қара теңіздегі порттарға жүк жеткізу уақыты 53 күн болатын. Қазір 18-23 күн аралығында жеткізіп беріп жатыр. Мерзімді біртіндеп 10-15 күнге дейін төмендетуге болады. Дегенмен шаруаны тежейтін факторлар бар. Порттар әлі жеткілікті ауқымда жұмыс істей алмай тұр. Каспий теңізіндегі ірі үш порт – Ақтау, Құрық және Түркіменбашы, еуропалық транзит өтетін Румыниядағы Констанца портының қуаты әлі жеткіліксіз. Оның үстіне жүк корабльдері де тапшы.

Дүниежүзілік банктің көлік жөніндегі жетекші маманы Чарльз Кунак Орта дәліздің дамуын тежеп тұрған іркілістерді былай сипаттайды.

«Дәліздің Қытай мен ЕО арасындағы сауданың үлкен үлесін еншілейтіндей әлеуеті бар, бірақ ол әлі өңірлік деңгейде қалып отыр. Проблемалардың көбіне инфрақұрылымдық емес, эксплуатациялық сипаты басым. Баға жоғары және тұрақсыз, жеткізу уақыты тым ұзақ, сенімсіздеу. Мұның бәрі аздап алаңдаушылық туғызады. Транспорттар түйісінде кідіріс көп болады. Порттардың әлсіз тұсы – әр жеткізуші өз дәлізі тұсында әртүрлі баға ұсынады. Әсіресе әртүрлі көлік тоғысатын жерлерде процедураларды реформалау және жеңілдету аса маңызды», дейді халықаралық сарапшы.

Торап бойында инфрақұрылымдық шектеулер, ұзаққа созылатын кедендік процедуралар, өткізу қабілетінің төмендігі, әсіресе батыс бағытта (Ақтауда) тиісті логистикалық хабтың жоқтығы, вагон мен платформалардың тозып кетуі, кеме мен паром тапшылығы секілді проблемалар да бар.

Мұның бәрі кезең-кезеңімен шешілетін түйткіл. Өйткені ТХКМ-ға біз емес, Қытай, Түркия, Еуроодақ секілді алпауыттар үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл бағытта да олар өз мүддесін, өз мүмкіндігін таразыға тартады. Біз өз мүддемізді көксейміз. Тың жол. Келешегі кең бағыт. Қарт Еуразияның қантамыры іспеттенген Транскаспийдің біз үшін де, әлем үшін де мүдделер мүйісіне айналғаны да сондықтан.

ТХКМ-нің дамуы нәтижесінде үшінші елдер арасында жеткізілім көлемі көбейеді. Қазақстан астығы Әзербайжан мен Түркияға бұрынғыдан да көбірек апарыла бастайды. Әзербайжанның жемісі мен көкөнісі елімізге көптеп келеді. Орта дәліз бірте-бірте Орталық Азия мен Таяу Шығысты да жалғайды. Бәрін айт та бірін айт – Транскаспий ең бірінші кезекте орта келешекте «мұнай экспорттау көлемін арттыру» дейтін ауыр да мағыналы міндетті іліп алып кете алса игі. Өйткені Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы мұнай тасымалдау (қазір 80 пайыз мұнайымызды Новороссийскідегі порт арқылы Еуропаға жібереміз) тәуекелі тым артып кетті. Былтыр қыста ТХКМ мен «Еуропа – Кавказ – Азия» көлік дәлізін ұйымдастыру бойынша ЕО мен серіктес елдер арасындағы халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы арасында қол қойылды. Аталған меморандум халықаралық қаржы институттары тарапынан инвестиция тартуға жол ашты. Еуропалық қайта құру және даму банкі зерттеуіне сүйенсек, ТХКМ бойынша үздіксіз жеткізуді күшейту үшін 18,5 млрд еуро инвестиция керек. Бұл қаржының басым бөлігін ЕО елдері төлеп беруге дайын. Нақтылап айтсақ, қазірдің өзінде 10 млрд еуро бөліп қойды. Шешім былтыр Брюссельде қабылданды. 1,5 млрд еуро Орталық Азиядағы көліктік инфрақұрылымның стратегиялық жобаларына жұмсалады.

«Ұзындығы 11 мың шақырым болатын көлік дәлізі біздің аймақтарымызды 15 күн немесе одан аз уақыт ішінде байланыстыруға арналған. Біз бұл дәлізді бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Сол себепті, Еуропалық комиссия және Еуропалық инвестициялық банк ОА транспорттық мүмкіндігіне инвестиция салады», деп мәлімдеді сауда бойынша еурокомиссар Валдис Домбровскис.

ТХКМ бойынша атқарылуға тиіс маңызды істің бірі – бірыңғай цифрлық платформа құру. Бұған дейін дәліз арқылы жүк жеткізу бір орталықтан қадағаланып, басқарылмады. Мүдделі тараптар жүктің қай жерде бара жатқанын, межелі нүктеге қашан жететінін нақты режімде аңдай алған жоқ-ты. Сол олқылықтың орны толмақ. Біраздан бері пысықталып келе жатқан мәселенің шешімі Сингапур сапарында айтылды. ҚТЖ мен сингапурлық PSA компаниясы бірлесіп Транскаспий маршруты бойынша цифрлы дәліз жасап шықты. Жүйе уақытты үнемдеп, тасымал үдерісін мейлінше ашық қылады және Қазақстанды сауда ағыны үшін тартымды ете түседі. Мемлекет басшысының Сингапурға сапары кезінде «KTZ Express» АҚ пен «Global DTC Pte Ltd.» Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде цифрлық дәліз құру жөніндегі жобаның іске қосылғаны туралы хабарлады.

«Біздің «Global DTC» мен бірлескен бастамамыз көлік логистикасын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Цифрлық технологияларды кедендік ресімдеу үдерісіне интеграциялау тасымал тиімділігі мен ашықтығын едәуір арттырады», дейді «KTZ Express» АҚ бас директоры Дамир Қожахметов.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михневтің айтуынша, 2030 жылға таман Транскаспийдің өткізу қабілеті 11 млн тоннаға жетсе, Орталық Азия елдері тәп-тәуір табысқа кенеледі. Ол тасымал көлемін үш есе көбейтуге жағдай жасайтын 5 шартты атап өтеді. Біріншіден, Орта дәлізді экономикалық дәліз ретінде қарастыру; Екіншіден, логистикалық шешімдерге көбірек көңіл бөлу; Үшіншіден, кедендік процедураны жеңілдету және реформалау; Төртіншіден, жеткізуші, жүк жіберуші және олардың агенті арасындағы ақпарат алмасуды жедел әрі нақты қылатын цифрландыру үдерісін күшейту; Бесіншіден, инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастыру.

Мамандардың есебінше, дұрыс пайдаланылса Орта дәліз Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдеріне жыл сайын 600 млрд доллар табыс тауып отыруға жағдай жасайды.

Дүниежүзілік банк есебіне мән берсек, Транскаспий арқылы тасымалданатын тауарлар көшін мұнай және мұнай өнімдері (1 млн тоннадан астам) бастайды. Одан кейінгі орындарда – контейнерлік жүктер (мың тоннадай), көмір мен кокс (600 мың тоннадан астам), қара және түсті металдар (500 мың тоннадан астам), астық және агроөнеркәсіп кешені өнімдері (300 мың тоннадан астам).

2023 жылы ТХКМ маршрутымен 2,7 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Сөйтіп, көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 86 пайызға жоғарылаған. 2024 жылға қойылып отырған деңгей – 4 млн тонна. Ортамерзімді келешекте көлем 10 млн тоннаға дейін өседі деп күтіледі. Қазіргі уақытта Орта дәлізде 11 елдің 25 теміржол, транспорттық-логистикалық, порттық және кеме қатынасы компаниясы жұмыс істеп жатыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Ренат Бектұровтың айтуынша, бұл жобаның әлеуетін толық ашуға қатысушыелдер транспорттық құжаттама, салық саясаты, үйлестіру тетіктері және кеден процедуралары бойынша өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек.

«Орта дәліз транзит көлемін ғана емес, елдер арасындағы сауданы да ынталандырады. 2040 жылдары ОА елдерінің контейнерлік сауда көлемі 470 мың ЖФЭ-ге (жиырму футтық эквивалент) жетуі мүмкін. Маршрут бойынша сауданың өрістеуі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтады. Яғни олар өз бағыттарын әртараптандырады, белгілі бір деңгейде аталған өлкенің елдері үшін осы дәліз бойымен жүк жіберу тиімді әрі тез бола түседі. Ал бұл өз кезегінде сауда саласын цифрландыру және кедендік реттеу саласында тәжірибе алмасу сияқты артықшылықтарды сыйлайды», дейді.

Дүниежүзілік банк болжамынша, Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның 2021-2030 жылдар аралығындағы жүк базасының жиынтық әлеуетті өсімі 90 млн тоннаны (+44 пайыз) құрайды. Оның 70 млн тоннасы – елімізден шығатын қосымша экспортқа тиесілі.

Тұмсығын көкке шаншыған кемелер мен мың контейнерді мінгестірсе де теңіз үстімен міз бақпай баяу жылжитын томаға-тұйық танкерлер арлыберлі жосылып жатқан; тиелген тонна-тонна тауарды бұйым көрмей, темір табанынан от шашыратқан құрамдар арлы-берлі ағылып жатқан әлемде қанша көлік жолы бар. Көп. Әйгілі Транссібір магистралі, Еуропа пен Батыс Африканы жалғайтын Трансатлантика бағыты, Азиядағы ауқымды дәліз – Трансазиялық теміржол, Солтүстік Америка мен Азияның дәнекері болған – Солтүстік теңіз жолы, Балтық елдерін Еуропаға бастап баратын Батыс-Шығыс жолы, тізбелей берсек саны көп. Бейқам жатқан Транскаспий солардың бірі ғана болып қоя ма? Әлде елеулісі атана ма? Хазар (Каспий) дейтін ұлы теңізден шапағат көріп отырған елдердің көңіл ауаны жылдар өте қалай өзгереді? Бәлкім, осы ғасырдың ортан беліне тақау, бәлкім аяқ жағына таман Орта дәліз бағзыдағы Ұлы Жібек жолындай маңызға ие болып шыға келер? Кім біліпті. Бір білеріміз – енді сауда ағыны тоқтамайды, тоқырамайды. Аңдыздап келген ағын сияқтанған алпауыт экономикалар дамымасына қоя ма? Әлі-ақ Қазақстанның оңтүстігі, оңтүстік батысы мен орталығы да бұл дәліздің толыққанды қатысушысы атанатын күн туар.

 

Әлеумет
05.12.2024
Көлік полицейлері жыл басынан бері 80 мыңнан астам құқық бұзушыны анықтады
Инфрақұрылым
05.12.2024
Алматы облысында айналма жолдың алғашқы рельстері төселді
Аймақтар
05.12.2024
Осы жылдың 10 айында Ақтөбе арқылы 18 544 транзиттік пойыз жүріп өтті
Әлеумет
05.12.2024
Маңғыстау темір жолында жиырмадан астам модульдік үй бой көтерді
Жаңалықтар
04.12.2024
ҚТЖ басшылығы Алматыны айналып өтетін теміржол желісі құрылысының жұмысымен танысты
Жолаушылар тасымалы
04.12.2024
Елімізде биыл пойызбен 21 миллиондай жолаушы тасымалданды
Инфрақұрылым
04.12.2024
Жаңаарқа торабының электр жабдықтарын жаңғыртудың маңызды кезеңі аяқталды
Әлемде
04.12.2024
Wabtec сутегі-дизельді қозғалтқышты сынақтан өткізіп жатыр
Жаңалықтар
04.12.2024
Осы жылдың 10 айында Ақтау порты арқылы 4,2 миллион тонна жүк тасымалданды
Аймақтар
03.12.2024
ҚТЖ басшылығы Алматы теміржол торабындағы кәсіпорындарды аралады
Қауіпсіздік
03.12.2024
Қызылордада шұғыл тежеу екі есе өсті
Аймақтар
03.12.2024
Тараз торабындағы келелі кеңес
Аймақтар
03.12.2024
Атырау теміржолында «Қыс-2024» оқу-жаттығуы өтті
Спорт
03.12.2024
Ақтөбеде теміржолшылар арасында спорттық сайыстар өтті
Аймақтар
03.12.2024
Семейлік теміржолшыларға жаңа автокөліктер пайдалануға берілді
Аймақтар
03.12.2024
«Кіші Түрксіб» іске қосылды
Жаңалықтар / Мұрағат
03.12.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №102 03 желтоқсан 2024 жыл
Жүк тасымалы
02.12.2024
Қараша айында ҚТЖ желісі бойынша 1,4 млн тоннадан астам биылғы астық тиелді
Сұхбат
02.12.2024
Сәкен Рахметов: «Ілкімді істер де көп, жетістіктер де жеткілікті»
Аймақтар
02.12.2024
Үздіктер анықталды