5 жылда Қазақстан арқылы өтетін Қытай – Еуропа контейнерлік тасымалы 5 есе артты
Оқуға 1 мин
2016 жылдан бастап Қытай – Еуропа бағытында Қазақстан арқылы контейнерлік тасымал 5 есеге өсті. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Алматыда III Қазақстандық халықаралық «Көлік және логистика» көрмесі аясында өткен конференцияда мәлімдеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Ол контейнерлік тасымалдарға арналған спот мөлшерлемесінің айтарлықтай өскенін атап өтті. 2016 жылғы қаңтар-сәуір аралығында 40 футтық контейнер үшін Шанхай-Роттердамның ең төменгі споттық мөлшерлемесі 772 АҚШ доллары деңгейінде тіркелді.
2021 жылдың қазан айында спот мөлшерлемесі 14 807 АҚШ долларына жетті. Пандемия нарықтық үлесті арттыруға қосымша серпін берді. Әуе және теңіз көлігі жұмысында іркілістер туындаған күрделі кезеңде темір жол жүк иелеріне темір жол тарифтерінің тұрақтылығын, транзиттік жүктерді жеткізу мерзімдерінің сенімділігін паш етті.
Соның нәтижесінде, өткен жылдан бастап көптеген жүк жөнелтушілер жүктерін контейнерлік пойыздармен жөнелтуге жаппай көше бастады.
Жалпы Қазақстанда оңтүстік-шығыс Азия елдерін Еуропа елдерімен байланыстыратын және басқа мемлекеттерге шығуға мүмкіндік беретін көліктік-логистикалық тізбегі қалыптасқаннан бері жыл сайын транзиттік тасымал, оның ішінде контейнерлік тасымалдың қарқынды өсіп келе жатқаны байқалады.