Семейде 240 шақырымдық телімде пойыз қозғалысы цифрлық басқаруға көшті
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Шығыстағы Семей белгі беру және байланыс дистанциясы жоспарланған жазғы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, негізгі міндеттемелерді күзгі комиссиялық бақылауға дейін аяқтады. Айта кету керек, ағымдағы жылы дистанция бойынша айтарлықтай іс-шаралар қолға алынып, нәтижелі жүргізілді.
Жыл басында жоспарланған бұл жұмыстар ұлттық компанияның биылғы жылдың ішіндегі негізгі көрсеткіштеріне жатады. Соның ішінде Дегелең – Жаңа-Семей учаскесі бойынша инфрақұрылымды жаңғырту ісіне айрықша тоқталуға болады. Осыған дейін көмір тиеу бойынша алдыңғы орында тұратын бірінші класты Дегелең станциясындағы кірме жолдар саны 9-ға дейін көбейтіліп, жүктеме көлемін азайтуға мүмкіндік туған еді. Ал биыл байланыс саласын жаңғырту бойынша көмір тасымалы жыл бойы толассыз жүргізілетін телім бойының өткізу қабілеті заманауи техникалық шешімдерді енгізу есебінен айтарлықтай ұлғайтылды. Бүгінгі күндері Павлодар бөлімшесіне қарасты Ақсу станциясынан бастап тораптық Жаңа-Семей жүк станциясына дейін жалпы ұзындығы 240 шақырым теміржол бойында цифрлық автоблокировка жүйесі салынды. Бұл жаңа жобаны іске асыру кезінде «технологиялық толаскездер» алынып, жұмыс белгілеген мерзім ішінде толық аяқталды.
Семейлік сала мамандарының сөзіне сүйенсек, цифрлық шешімдер аясындағы бұл іс-шараның теміржолдағы қозғалыс саласы үшін берері мол. Теміржол көлігіндегі пойыздар қозғалысының аралықтарын автоматты түрде реттеуге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қазіргі заманғы микропроцессорлық жүйенің тиімділігі алғашқы сынақ мерзімінде-ақ толық дәлелденді. Бұл жүйе бұрынғы релелік автоблокировкалардың орнын басып, ендігі жерде барлық ақпаратты цифрлық форматта өңдейтінін де айта кеткен орынды. Соның нәтижесінде телім бойындағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау, рельс тізбектерін бақылау, бағдаршамдарды басқару, ақпаратты локомотивке беру ісі толықтай цифрлық негізге айналдырылды.
– Жалпы, бұл учаскені жаңғырту инфрақұрылымның сенімділігі мен теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және бірінші кезекте еліміздің көлік дәліздерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді бұл орайда ШЧ-29 мекемесінің директоры, Құрметті теміржолшы Бейбіт Түменғали.
Қазіргі уақытта ұлттық компания трансформациялау аясында магистральдық желілерді дәл осындай цифрлық және микропроцессорлық диспетчерлік орталықтар мен автоблокировка жүйелеріне кезең-кезеңімен көшіріп жатқаны белгілі. Әрине цифрлық жүйенің артықшылықтары өте көп. Бірінші кезекте жоғары өткізу қабілеті қалыптасады. Яғни пойыздар арасындағы интервалды қысқартып, бір уақытта көбірек пойыз жөнелтуге мүмкіндік береді. Сол тәрізді интеллектуалды диагностика жүргізуде де тиімділік зор. Мәселен, жүйеде ақау пайда болған жағдайда, оның қай жерде және не себепті болғанын диспетчерге секунд ішінде жеткізеді. Тағы бір тиімділік – адам факторын азайту. Шешімдер компьютерлік алгоритмдер арқылы қабылданатындықтан, қателіктер қаупі мейлінше төмендейді. Және экономикалық тиімділік – цифрлық жүйе электр энергиясын өте аз тұтынады және күтіп ұстау шығындарын азайтады.
Осы орайда Ақсу мен Жаңа-Семей телімі Қаражыра көмір кенішінен тиелетін қатты отын тасымалы бойынша өте үлкен жүктемеге ие екенін айта кету керек. Оның сыртында маусымдық астық жөнелту мен жыл он екі ай жүргізілетін жолаушылар пойызы қозғалысының да жиілігі жоғары. Демек, биылғы жазда жүргізілген жоспарлы жаңғырту жұмыстары, сөз жоқ, бөлімшедегі көрсеткіштердің жоғарылауына зор ықпал етері анық.