Ұлттық тасымалдаушы жолаушылар пойыздарын «Starlink» спутниктік интернетімен жарақтандыру бойынша ауқымды жобаны іске асырды. Цифрлық инфрақұрылым 51 маршрутта 1500 астам вагонды қамтиды және жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушының интернетке және заманауи цифрлық сервистерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жобаның нәтижелері мен жолаушылар пойызының цифрлық экожүйесін дамыту жоспарлары Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында ұсынылды. Тұсаукесер кезінде пойыз басшылары іс-шараға онлайн режимде қосылып, борттық Wi-Fi жұмысын көрсетті.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ бүгінде цифрландыру бойынша жобаларды белсенді жүзеге асыруда. байланыс инфрақұрылымын, жолаушыларға арналған ақпараттық жүйелер мен сервистерді біріктіретін толыққанды цифрлық экожүйені қалыптастыру олардың нәтижесі болады. Бұл сапардың барлық кезеңдерінде қызметтердің кең спектрін ұсынуға мүмкіндік береді, оларды адамдарға қолжетімді әрі ыңғайлы етеді», - деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма Төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Жолаушылар үшін тегін базалық қолжетімділік және ақылы интернет пакеттері қарастырылған. Базалық пакет мессенджерлердегі мәтіндік хабарламаларға арналған. Фотосуреттер, бейнелер, дауыстық хабарламалар және басқа да интернет-қызметтер үшін ақылы пакеттер ұсынылады.

Тұсаукесерге келушілерді Wi-Fi желісіне қосылумен Сапар робот-жолсерігі таныстырды. Робот жолаушылармен кездесіп, борттық желіні қалай пайдалану керектігін түсіндірді.

Спутниктік интернет жолда жаңа қызметтерге қол жеткізу үшін негіз болады. Сонымен қатар, ҚТЖ «Жолаушылар тасымалының ұлттық жүйесі» Ақпараттық жүйесін әзірлеуде. «BTS Digital» ЖШС филиалының цифрлық трансформация дирекциясының директоры Мерей Ернұровтың айтуынша, жүйе жолаушылар, пойыздар, билеттер, маршруттар мен қызметтер туралы деректерді біріктіріп, жолаушылар қызметтерінің жұмысын жеңілдетеді және оңтайландырады, сондай-ақ тасымалдаушылардың өндірістік, коммерциялық және қаржылық шешімдерінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Жолаушылар әзірленіп жатқан қызметтерге SuperApp мобильді қосымшасы арқылы қол жеткізе алады. Онда маршруттарды іздеуге, кестелерді тексеруге, орындарды таңдауға және билеттерді сатып алуға, ал сапар барысында хабарландырулар алуға, қосымша қызметтерді пайдалануға және қолдау сұрау үшін жүгінуге болады. 

Starlink спутниктік интернеті заманауи цифрлық сервистер мен технологиялық шешімдердің жұмысын қамтамасыз ететін жолаушылар пойыздары инфрақұрылымының маңызды элементіне айналды. Ол борттық Wi-Fi желілерін, вагонаралық байланыстарды және орталықтандырылған жабдықты басқаруды біріктіреді. Техникалық шешімдер әр түрлі құрамдарға бейімделген.

«Біздің міндетіміз – пойыздарды спутниктік интернетке қосу ғана емес, әртүрлі ұзындықтағы маршруттарда тиімді жұмыс істей алатын сенімді және ауқымды инфрақұрылымды құру», – деп атап өтті «Транстелеком» АҚ өкілі Игорь Погребицкий. 

Цифрлық шешімдер жолаушылар ағынын талдауға, сұранысты зерделеуге, қызмет көрсету сапасын бағалауға және өтініштерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Деректерді біріктіру жүйелік мәселелерді анықтауға және жолаушылар қызметін жақсарту үшін шешім қабылдауға көмектеседі.