Елордада қыркүйектің 20-21 күндері дәстүрлі машина жасаушылардың V форумы өтпек. Оған әлемнің 40 елінен 800 делегат қатысады деп күтілуде.
Форум тақырыбы – «Қазақстанның жаңа индустриализациялануы – жоғары технологиялы машина жасау ісі» деп аталады. Бұл шара машина жасау саласының даму бағытының перспективалары және өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуда зор нәтижеге қол жеткізетін тиімді пікір-талас алаңы болып табылады. Айта кетейік, бұл мерейтойлық форумды жаңа форматта өткізу жоспарланып отырғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда шара аясында жаңадан – салааралық өндірістердің машинажасау және электронды-оптикалық машинажасау мен индустриясының технологиясы деген секциялар пайда болады.
ҚР инвестиция және даму жөніндегі министрлігінің өндірістік қауіпсіздік және индустриалды даму комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашевтың Қазақстанның машинажасау саласының осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы туралы мәліметіне зер салсақ: биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында машинажасау өндірісінің көлемі 6,3%-ға артқаны, әсіресе, жеңіл машиналар өндірісінде айтарлықтай өсім байқалып отырғаны және трансформаторлар екі есе өскені, электр құралдары өндірісінің көлемі 63,8 млрд теңгеге жеткені белгілі болады. Сонымен қатар, темір жол машина жасау ісінде де қарқынды даму үдерісі байқалады, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында мұндағы өндіріс көлемі Т31,5 млрд-қа дейін артқан. Айта кетейік, биыл бесінші рет өткізілгелі отырған форум елдегі машинажасау саласының өркендеуіне үлкен ықпал етуде. Ауқымды шараға әлемдік брендке айналған атышулы компаниялардың өкілдері қатысып, олармен машина құрастыру саласында бірлескен кәсіпорындар құруға қол жеткізіліп отыр.Райхан РАХМЕТОВА