Темір жолдағы ең қиын саланың бірі – жол шаруашылығы. Жол жөндеуші – бейнеті бір кісіге жетерлік жұмыс. Соның ішінде қазіргідей техника мен технология жоқ сонау 60-70 жылдары жол жөндеудің қиындығы қандай болғанын сол кездегі көз көргендер біледі.
Ұлдай Құпиева – көп жыл жол жөндеуші болып жұмыс істеп, ерлермен қатар еңбек еткен жан. 1936 жылы 7 қарашада дүниеге келген апай еңбек жолын Мақат кентіндегі ОРС-НГДУ мекемесінде наубайханашы болып бастайды да, кейін темір жолға ауысып, қазіргі ПЧ-9 – Атырау жол дистанциясына жол жөндеуші болып жұмысқа орналасады.
– Ол кезде бәрі қолмен жасалатын. Таңнан тұрып, қолымызға құрал-сайманымызды алып темір жол бойын жағалап кетеміз. Ауа-райына қарамаймыз, күн ыстықта да, суықта да солай. Ол кезде ағаш шпалдар еді ғой. Жолдың босаңсыған жерін қайта жасаймыз, шіріген шпалдарды ауыстырамыз, астыңғы қабатын нығыздап, бұрандаларын бекітіп, өлшеп, туралап, сосын әрі қарай жол тартамыз. Зейнетке шыққаныма қырық жыл болса да сол күндердің бәрі санамызда сайрап жатыр, бүгінде шүкір, сол бейнеттің енді зейнетін көріп келеміз, – дейді Ұлдай Құрманғалиқызы.

Ұлдай апа 1956 жылы Қалбай Құпиев атты мұнайшы азаматқа тұрмысқа шығып, бес баланы дүниеге әкеледі. Барлығы да ер жетіп, қоғамның әр саласында еңбек етеді. Бүгінде екі ұл мен үш қыздан тараған немере-жиендерінің арасында теміржолшы болып еңбек етіп жүргендері аз емес. Апайды торқалы тоқсан жасқа толуына орай ПЧ-9 мекемесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапаш Шомыров ұжым атынан құттықтап барып, Алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті.