Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Жастардың мүмкіндігі шексіз
Оқуға 2 мин
Биыл VIII рет ұйымдастырылып жатқан жас теміржолшылардың аймақтық форумы кешегі аптаның соңында Шымкентте жалғасты. Екі күндік шараға барлық станция-бекеттерден жиналған жүзге жуық жас мамандар қатысты.
«ҚТЖ»ҰҚ»АҚ-ның адам ресурстары департаментінің менеджері Назира Бердібекованың айуынша, «Менеджмент жобасы», «Болашақ басқарушылар» тренигтері жыл сайын еліміздің он алты аймағында өтеді. Осындай сабақтарға қатысқан соң, жастар күнделікті жұмыс жүйесін оңтайландыруға бағытталған жобаларды жасап, оны дамытуға тырысады. Ал «Болашақ басқарушылар» тренингінің пайдасы оларды көшбасшы болуға үйретпек. Әрі қоғамдық іс-шараларға белсене араласу арқылы ұйымдастыру қабілетінің артуына жол ашады.
– Бұған дейін «Болашақ басқарушылар» жобасы бойынша «Транстелеком» АҚ Шымкент филиалының энергетик-маманы Қайсар Қарымбаев үшінші орын алған. Шымкент бөлімшесі бойынша аймақтық жастар комитетінің төрағасы болып үш жыл еңбек еткен Қайнар Исаев «Ең үздік аймақтық өкіл» атанып, қазір бөлімшедегі логистика бөлімін басқарады. Мұндай мысалдар көп. Жастардың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелеп, қызметтік баспалдақ бойынша көтерілудің мүмкіндігін осындай жиындардан табады,- дейді Назира Қуандыққызы.
Бүгінде «ҚТЖ»ҰК»АҚ «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы міндетін атқаратын Дархан Матаев та жастар жиыны өсірген жас.
– Әр жас теміржолшы өздігінен идея ойлап тауып, оны жүзеге асыру арқылы саланың дамуына үлес қоспақ. Форум басталғалы бүгінге дейін 1500 жас қатысты. Екі күн бойы тренигтерге қатысқанын растайтын сертификат беріледі. Ендігі бағыт –Тараз, Алматы, Астана. Екі мыңға жуық жасты қамтитын форумның қорытындысы жыл соңында шығарылып, 300-і іріктеледі. Бірақ, жастардың ойындағы жобаларын іске асыруына үнемі мүмкіндік бола бермейді. Темір жолда жұмыс қауырт болғандықтан, басшылар жас маманды форумға қатыстыруға аса құлықты емес. Жас маманның бір басына екі-үш адамның жұмысын үйіп қойып, жан-жаққа бұрылуға мұрша бермейді. Әрине, үйренгені өзіне жақсы, ертерек шыныққаны да дұрыс шығар. Бірақ кейде сол бастықтарының өзін де оқыту керектей көрінеді. Себебі, жасы ұлғайған кей басшылар уақыт талабына сай соңғы жүйені меңгеріп, компьютермен жұмыс жасай білмейді де, бар шаруаны жастарға артып қоятын да жағдай кездеседі,- дейді Дархан Бейбіұлы.
Екі күн бойы тренинг-семинарға қатысып, бір-бірімен кездесіп, ой-пікірлерін ортаға салып, ортақ жоспар құрып бір желпініп қалған жастар таудай арман арқалап тарасты.