Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Көмір тасымалы қарқын алды
Оқуға 2 мин
Семейлік теміржолшылар үшін көмір тасымалының маусымдық кезеңі басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен жаз бойы жүргізілгенімен, күзге қарай күрт қарқын алады. Қазіргі күні қатты отынды тиеу, жеткізу, түсіру және қозғалыс қауіпсіздігі тарапындағы межеленген жоспарлы шаралар жүзеге асырылуда.
Бір ғана көмір тиеу мәселесі бойынша осы кезеңге дейін көрсеткіш жаман емес. Қыркүйек айына дейінгі жоспарлы көрсеткіш артығымен орындалды. Яғни, өткен 8 ай ішінде 51 287 вагон, яғни 3572,4 мың тонна қатты отын тиелініп, тиісті жерлерге жеткізілген екен. Бұл межеленген жоспардан 727 вагонға артық көрсеткіш. Жүк тасымалы шаруашылығы мамандарының пікірінше, ерте көктем кезіндегі ауа райының қолайсыздығы орын алмағанда, кейбір мекемелер тапсырыстан бас тартпағанда, жөнелтілген көмір көлемі бұдан анағұрлым артық болар еді.
Әйтсе де, қазіргі күннің өзінде 102,3 пайызға орындалған көмір тасымалы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Мәселен, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғандағы айырмашылық 143,4 пайыз екен. Яғни, кеніш басындағы «Қаражыра – ЛТД» АҚ тапсырысының жоғарылауына орай тасымал тасқыны да бұрын-соңды болмаған деңгейде артып отыр.
Бүгінгі күні Семей ЖТ бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімі мамандары көмір тиеу, жеткізу бағытындағы шаралардың тиімділігін пысықтауда. Бірінші кезекте, клиенттермен келіссөз жүргізу, тапсырыстардың дер кезінде орындалып, қысқы отынның діттеген жеріне мерзімінде жеткізілуі басты назарда тұр. Сондай-ақ, вагон тапшылығы мәселесі де күн тәртібінен түспеуде. Десек те, жүк тасымалы мен қозғалыс шаруашылығындағы қазіргі қарқын жыл соңына дейін көмір тиеу, түсіру, жөнелту бойынша рекордтық көрсеткіштің жаңаратынын айғақтайды. Себебі, қатты отын тасымалы маусымының басталуына орай телімдік жылдамдық, локомотив өнімділігі, вагон өңдеу мен айналымы сынды өндірістік жұмыстар толықтай орындалыпты.