Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Сервис стандартқа сай болсын
Оқуға 2 мин
Қазақстанның теміржол бекеттеріндегі вокзал ғимараттарында жолаушы халыққа көрсетілетін сервистік қызмет соңғы жылдары әлдеқайда артып, қызмет көрсетудің түр-түрі пайда болғаны рас.
Соның ішінде ірі вокзалдарда мүгедектерге арналған сервис, яғни қол арбадан бастап, арнайы автотұрақтың болуы, мүгедектер жолының қарастырылуы сынды қажеттіліктер жасалуы шарт. Қызылорда теміржол вокзалында мүгедектердің вокзал перронына көтерілетін пандустардың талапқа сай болмауына байланысты мәселе көтеріліп, бұл жайында «Қазақстан теміржолшысы» газетінде жарияланған болатын. Арада көп уақыт өкізбей Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі вокзал шаруашылығы бөлімі мамандары аталған кемшілікті жоюды қолға алыпты. Вокзал ғимаратында жергілікті тұрғындарға, жолаушыларға және де мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілген сервистік қызмет пен жеңілдіктер жайы жан-жақты ойластырылып, арнайы бағдарлама жасалыпты. Ал мүгедектерге арналған пандустарды стандартқа сай етіп ретке келтіру жұмыстарына қажетті қаражатты бөлімше басшылығы өз күштерімен тауып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұру жағдайларын қамтамасыз етті. Вокзалда мүгедек жандар үшін жасалған жұмыс нәтижесін көзбен көріп, бағасын беру үшін құрамында «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева, Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділаев, Магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Ғалымжан Жұмағұловтар бар арнайы комиссия құрылып, олар стандарттық жүйеге келтірілген пандуспен арбаға таңылған адамның еркін жүріп-тұруын іс жүзінде тексеріп көріп, атқарылған жұмысқа оң баға берді.