Жаңа мамандықтарға сұраныс бар
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Цифрландыруға қатысты кешенді міндеттерді шешу үшін түрлі өндірістік бағыттарға қажетті мамандарды даярлау мақсатында жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық орнатудың маңызы зор.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да бірнеше жылдан бері кадрларды оқыту мен дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама жүзеге асырылып келеді және ол төрт негізгі бағытты қамтуда. Атап айтқанда, олар жоғары оқу орындарымен және колледждермен өзара ынтымақтастық; корпоративтік оқыту; кәсіби оқыту (біліктілікті арттыру курстары); білімді сақтау және кейінгі ұрпаққа беру (техникалық оқу, ішкі тренерлер, тәлімгерлік және менторлық).
Сонымен бүгінде компанияға қандай мамандар аса қажет дейтін болсақ, жаңа кәсіптер атласына сәйкес, алдағы жылдары жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты салада көлік басқару интерфейстерін жобалаушылар, магистральдардың гибридизаторлары, автоматтандырылған теміржол жүйелерінің операторлары сияқты жаңа мамандықтарға сұраныс арта түседі.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ мәліметінше, компанияға теміржол саласындағы білімі мен цифрлық құзыреттерді ұштастыра алатын мамандар қажет: атап айтқанда, деректер мен жасанды интеллект, талдау, ІТ-архитектура, киберқауіпсіздік, автоматтандыру, диагностика және телекоммуникация салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары.
Ұлттық компания жаңа мамандарды тартумен қатар, қазіргі қызметкерлердің цифрлық құзыреттерін арттыруға және заманауи цифрлық құралдарды тікелей жұмыс орындарында қолдануға да ерекше көңіл бөледі. Бұл ретте жасанды интеллект адамды алмастыратын құрал ретінде емес, оның жұмыс тиімділігін арттыратын технология ретінде қарастырылады, яғни жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге, ауытқуларды анықтауға және шешімдерді жылдам қабылдауға көмектеседі, ал негізгі өндірістік шешімдер үшін жауапкершілік бұрынғыдай адамның құзырында қалады.