Түркияда жаңа буын локомотивтерін өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталады. Türasaş компаниясы Эскишехирдегі өндірістік алаңында жаңа құрастыру цехын салу үшін Cenpol Grup İnşaat және Turgut Fırat Proje İnşaat компанияларымен жалпы құны 3 млрд түрік лирасы, шамамен 55 млн еуро болатын келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жаңа өндірістік ғимаратты 2027 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Кешен заманауи инженерлік жүйелермен және өндірістік жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде роботтандырылған құммен тазалау және бояу кешені орнатылады.

Кәсіпорынның қуаттылығы әзірге жарияланған жоқ. Türasaş өндіріс көлемін арттыруды 2035 жылға дейін қалыптасқан жоғары сұраныспен байланыстырып отыр.

Жаңа алаңда E5000 электровоздарын, сондай-ақ осы модельмен бірқатар тораптары біріздендірілген перспективалы алты осьті локомотивтерді шығару көзделген.

E5000 қуаты 5 МВт, максималды жылдамдығы сағатына 140 шақырым. Локомотив жүк және жолаушылар тасымалына арналған әрі Еуропаның TSI талаптарына сәйкестік сертификатын алған.

Түркияның ұлттық тасымалдаушысы TCDD компаниясы 95 E5000 электровозына тапсырыс берген. Сериялық өндіріс 2024 жылы басталып, алғашқы локомотивтер 2025 жылдың ортасында пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тапсырыс берушіге 40 локомотив жеткізілген. Қалған 55 машинаны 2027 жылдың соңына дейін шығару жоспарланып отыр.