Қуаныш Қожаев, Семей
Мереке марапаттан бастау алды...
Оқуға 2 мин
Тәуелсіздік мерекесін семейлік теміржолшылар жылдағыша асыға күтіп, елдің алдымен атап өтті. Мереке құрметіне арналған салтанатты жиын барысында отандық теміржолдың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар марапат алып, мерейлері тасыды.
Қалалық мәдениет сарайында ұйымдастырылған мерекелік басқосуға сала ардагерлері, барша теміржолшылар жиналған болатын. Салтанатты шараны Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаев алғысөзбен ашып, жыл үлесіндегі жетістіктерге ықшам шолу жасап өтті. Сондай-ақ, жүк тасымалы мен қауіпсіздік шаралары бойынша жоғары деңгейдегі көрсеткіштерге кеңінен тоқталып өтіп, теміржолшылардың егемен елдің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ал, жергілікті атқарушы билік атынан теміржолшыларды арнайы құттықтай келген қала әкімі аппаратының басшысы Зәуреш Исабаева да өз тілегін білдіріп, ширек ғасырдан астам уақыт бұрын тәкелсіздігін алған ел үшін зор жетістіктерге жеткен Қазақстанның келешегі кемел екеніне кәміл сенімді екенін жеткізді.
Мұндай салтанатты шаралар марапатсыз өткен бе?! Бұл жолы да еңбек бәсекесінде бағы жанып үздік атанған теміржолшылар түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, Семей станциясының пойыз құрастырушысы Мұхтар Алтайұлы Құрметті теміржолшы төсбелгісін өңіріне тақса, ҚР инвестициялар және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен байырғы салалық кәсіподақ ардагері Серіктай Жүкенов марапатталды. Мұнымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаевтың Құрметі грамотасымен ұлттық компания құндылықтарын адал ұстануы, жоғары кәсіби шеберлігі және ерекше сіңірген еңбегі үшін бөлімшенің кәсіподақ комитеті басшысы Асхат Жармұхаметов марапатталды.
Ал, өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев жергілікті барша спортшылар атынан Алғыс хат алып және арнайы кубокты иеленді.
Мұнымен қатар, көптеген теміржолшылар қала әкімінің, салалық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталып, мерейлері бір өсіп қалды. Ыстық ілтипатқа толы салтанатты кеш қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары әзірлеген мерекелік концертпен әсем жалғастық тапты.