Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Миссиясы – өрттен қорғау
Оқуға 2 мин
Теміржол саласында өртке қарсы қызметтің тарихы сонау патшалық ресей теміржолынан бастау алады. Күні бүгінге дейін өртке қарсы жасақтар теміржолды тілсіз жаудан қорғау миссиясын абыроймен атқарып келеді.
Қызылорда өртке қарсы қызмет жасағының басшысы Ғалымжан Табынбаев міне, жиырма жыл – осы саланың ыстық-суығын татып келеді екен.
Алматы теміржол институтын бітірген соң еңбек жолын 1998 жылы Шымкент станциясындағы өртке қарсы қызмет жасағында бастаған ол сатылай өсіп, 2005 жылға дейін өртке қарсы қызмет пойызының басшысы, 2008 жылға дейін өртке қарсы қызмет жасағы басшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнінде көмекшісі міндеттерін абыроймен атқарып, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылорда өртке қарсы қызмет жасағының басшысы қызметіне тағайындалады.
Қазіргі таңда Ғалымжан Болтайұлы басқаратын жасақтың аймақтағы Шиелі, Қазалы, Сексеуіл және Қызылорда станцияларында өртке қарсы қызмет пойыздары бар. Теміржол көлігінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайларда авариялық-құтқару қызметін, оның алдын алу жұмыстарын жүргізе отырып жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуына қызмет жасайтын және тоқсан сайын құрамдардың қызметке дайындығын пысықтап, тәжірибелерін жетілдіру үшін оқу-жаттығу алаңында қорғаныс киімдерімен тілсіз жаумен күресетін өрт сөндірушілер жұмысы аса сақтықты, тәжірибені, қырағылықты қажет етеді. Бірнеше рет тілсіз жаумен бетпе-бет күресте шыңдалған сырбойылық өрт сөндіруші сарбаздар ұжымы 2009- 2010 және 2011 жылдары қатарынан үш мәрте салалық жарыстың жүлдегері болып танылып, Ғалымжан Табынбаев 2011 жылы «Үздік басшы» атанады. Ал биылғы жылы «ҚР ІІМ ТЖ комитетінің құрметті ардагері» кеуде белгісімен маратталыпты.
Отыз алты жылдан аса уақыт ат үстінде жүрген Ғалымжан Болтайұлы жайлы Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің бастығы Ибраким Басықараев: «Қызметте әріптестеріне талап қоя білетін, өрт сөндірушінің іс-әрекетін бес саусақтай меңгерген, орын алу мүмкін төтенше жағдайдың алдын ала білу қабілеті мықты, тосын әрі қиын ситуациядан жол тауып шыға алатын шебер ұйымдастырушы», – деп сипаттама берді.