Маңғыстау станциясындағы жол қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында құзырлы мекеме өкілдері бірлескен рейдке шықты. Желтоқсандағы мерекелер, жыл соңына орай құзырлы орындар қырағылықты күшейте түскен.Себебі белгілі, мейрам күндері қыдырып, ары бері босқан көпшілік кейде қауіпсіздікті ұмытып оқыс жағдай орын алатын осындай кез. Сондықтан Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің Маңғыстау станциясы бойынша қозғалыс қауіпсіздігі бас маманы А.Шарапатдинов бастаған теміржолшылар мен Ақтау станциясы ЖІІб өкілдері бірлесе өткізген рейд халықты алдын ала сақтандыру шараларын қамтыды. – Рейдте станциялық жолдар мен сұрыптау паркінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орнатылған арнайы белгілер, аншлагтар мен банерлердің талапқа сай болу, болмауы тексерілді. Нәтижесі жақсы. Көбісі биыл жаңартылған, жазулары анық көрініп тұр. Олар "Сақ болыңыз!", "Қызмет жолы", "Өміріңізге қауіпті!", "Темір жолдан белгіленген арнайы өткел жолдан өтіңіз!", "Темір жолмен жүру қауіпті!" "Пойыздан сақтан!", т.б. ескертулер. Десе де рейд барысында сондай ескертулерді де елемей, темір жолды кесіп бара жатқандар да кездесті. 5 адамға хаттама толтырылып, тиісті шара қолданылды, – деген А.Шарапатдиновтың айтуынша сол күні сондай-ақ станция кезекшісінің станциядағы маневрлік жұмыстары да қаралған. Әрбір маневрлік қозғалыс кезінде қауіпсіздік сақтау үшін кезекші парктік дыбыс күшейткішпен хабарлап, ескерту беріп отырған. Оған қоса станция іргесіндегі Маңғыстау, Дәулет, Қызылтөбе ауылдарындағы тұрғындар мен мектеп оқушыларына да түсінік жүргізілген. Оларға "Азаматтар! Темір жол – аса қауіпті аймақ, өзіңізді де, жақындарыңызды да сақтаңыз!" үлгідегі бүклеттер таратылған.