Жаңа жылға санаулы күн қалғанда Маңғыстау вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету бөлімінің жұмысшысы темір жолдағы аса үлкен зардапқа соқтыруы мүмкін қауіптің бетін қайтарды. Ол Маңғыстау станциясына аялдаған №2510 пойызының №74875758/271 жүк вагонының бүйірлік рамасынан ұзындығы 120 миллиметрлік сынықты тауып, қауіпті апаттың алдын алды.    – Ақау табылған жүк вагоны «Қазтеміртранс» АҚ-на тиесілі, күрделі жөндеуден 2014 жылы шыққан. Алдағы ақпан айында деполық жөндеуге жіберілуі керек болатын. Орын алған жағдай бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде. Сыртынан көрініп тұратын, аса үлкен көлемдегі жарықты 20 желтоқсан күні, күндізгі ауысымда 8-жолды техникалық қарау кезінде аға вагон қараушы Ерлан Ереков тапты. Егер вагон сол қауіпті ақаумен Маңғыстау станциясынан шығып кеткенде, Шетпе станциясына жетер ме, жетпес пе еді... Ойлаудың өзі қорқынышты, – дейді орын алған жайтқа қатысты  Маңғыстау вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жұмабек Якупбаев.        Оның айтуынша, бүйірлік рамасынан мұндай көлемді сынық бұған дейін Маңғыстау станциясына келген пойыздарды бақылау кезінде кездеспеген. Сондықтан өз ісіне ұқыппен қарап, осындай ақауды дер уақытында көре білген вагон қараушыны мекеме арнайы марапатқа ұсынғалы отыр. Ерлан Ереков Маңғыстау вагон пайдалану депосында 13 жылдан бері еңбек етіп келеді,  тәжірибелі вагон қараушы.  Осыған дейін де бірнеше мәрте қырағылығымен, жұмысқа деген жауапкершілігімен көзге түскен екен. Айта кетейік, аталған қауіпті ақау 2016 жылғы желтоқсанның 12-сі мен  2017 жылдың наурыз айы аралығында өтіп жатқан вагонның бүйірлік рамасына күшейтілген тәртіптегі бақылау айлығы кезінде анықталып отыр.

Шахида ЖҰМАН

Маңғыстау