Құрметті теміржолшы Оразбай Әбішев өмірден озды, деп хабарлайды Rail-news.kz. 1930 жылы 10 маусымда Сыр елінде дүниеге келген Оразбай Әбішев еңбек жолын Қызылорда паровоз депосында жөндеуші болып бастап, өзінің еңбекқорлығы мен қабілет-дарынының арқасында уақыт өте келе тепловоздарды жөндеудің қыр-сырын терең меңгерген, «алтын қолды» шебер атанып, бүкіл кеңестер одағына аты шығып, абыройға кенелгені баршаға мәлім. Құрметті теміржолшы өз заманының ең жоғарғы наградалары «Ленин» және «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталып, 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иемденді. Қазақстан темір жолының мақтанышына айналған ардагер өндірісте өзінің жеке мектебін қалыптастырып, жарты ғасырға жуық уақыт ішінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп өсірді. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң да саладан қол үзбей, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңес құрамында мол тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөлісіп келді. Мәнді де мағыналы ғұмыр сүрген қадірлі ақсақалымыздың өмір жолы кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі және өнеге болмақ.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы мен ұжымы Социалистік Еңбек Ері, Құрметті теміржолшы Оразбай Әбішевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.
Марқұмның жатқан жері жарық, иманы саламат болсын!