Жыл басынан бері машинистер 830 рет пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған
Оқуға 2 мин
Жыл басынан бері жүріп келе жатқан пойыздардың алдына мал шығуына байланысты шұғыл тежеу қолданған 830 оқиға тіркелді. 440 жағдайда локомотив бригадалары төрт түлікті басуға жол бермеді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Марат Шәкенов, мал иелері жолаушылар мен жүк пойыздары жүретін теміржол маңында төрт түлігін жаю арқылы темір жолдың қауіптілігі жоғары аймақ екенін ескермей, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзып отырғанын айтады. Салдарынан қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнуде.
Әрине, теміржолшылар пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, қауіптілік ықтималдығы жоғары учаскелер бойына қоршаулар орнатып, тұрғындарға түсіндірулер жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ, әкімдік, құқық қорғау органдарының өкілдерін және өзге де мүдделі тараптарды шақыра отырып, «дөңгелек үстелдер» өткізілуде және бұл келеңсіздікпен күресуде бірлесе күш біріктіріп, проблемаларды оңтайлы шешу жолдары қарастырылуда.
Жыл сайын жол бойына 800-1000 км малдан қорғайтын қоршаулар орнатылады. Биылдың өзінде теміржолшылар жол маңайына орналасқан 47 мыңнан астам елді мекен тұрғындарына теміржол бойына мал жаю қауіптілігін ескертіп, ережемен таныстырған. Десе де, бұл шаралар жеткіліксіз болып отыр.
ҚТЖ мамандары жол бойында қараусыз жайылған мал үшін айыппұл салу қарастырылғанын, сонымен қатар, мал иелері пойыздар қозғалысына кедергі келтіргені және жылжымалы құрамға зиян келтіргені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске салады.