Жаңа кезеңге нық қадам

Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Сәрсенбі, 17 қыркүйек күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас ғимаратындағы Инновациялық орталықта «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның теміржол жолаушылар тасымалы саласындағы аса маңызды және ашық мәселелері туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифинг барысында жаңа вагондардан цифрландыруға дейінгі теміржол жолаушылар тасымалының дамуы сөз болды.

Басқосу алдында қатысушылар арасында интерактивті ойын өтті. Жолаушылар тасымалымен байланысты бірнеше сұрақтар көгілдір экранға шығарылып, ең көп жауап берген журналистке естелік сыйлығы тарту етілді. Бұдан кейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Әнуар Ахметжанов ұлттық тасымалдаушы оператордың бүгінгі тыныс-тірлігі, атқарып жатқан шаруалары, перспективалары туралы слайд-шоу арқылы баяндады.

Оның айтуынша, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жылжымалы құрам паркінде қазір орташа жасы 16 жылды құрайтын 2188 вагон бар. Соңғы 10 жылда ұлттық тасымалдаушы паркі 50%-ға жаңарса, 2030 жылға қарай толығымен жаңартылмақ. Жылжымалы құрамды жаңғырту шеңберінде Stadler компаниясымен 2030 жылға дейін купе, плацкарт, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған мамандандырылған вагондар мен генератор-вагондарды қоса алғанда 557 вагон шығаруды көздейтін шартқа қол қойылыпты.  

Осы ретте, Stadler вагондары заманауи кондиционерлеу жүйесімен, бейнебақылаумен, электрлі жылытумен және автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталатынын атап өткен жөн. Жолаушылардың жайлылығы үшін әр купе электр розеткаларымен жабдықталып, ұялы телефондарды қайта зарядтауға арналған USB қосқыштары орнатылады екен. Жаңа вагондар климаттық ерекшеліктер мен қалалар арасындағы қашықтықты ескере отырып, Қазақстанда пайдалану жағдайына қарай арнайы әзірленетін болады. Ал жолаушылар бұл заманауи вагондарға қай кезде қол жеткізбек дейтін болсақ, келісімшарт талаптарына сәйкес вагондардың бірінші партиясы ұлттық операторға осы жылдың соңына дейін берілетін болады. Және де зауыт өзі өндірген бұл вагондарға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсетуді өз мойнына алмақ. Бұл өз кезегінде аталған жылжымалы құрамның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, қызмет ету мерзімін ұзартады.  

«Stadler вагондарының бірінші партиясы келесі жылдан бастап 4 маршрутта іске қосылады. Атап айтсақ, олар №3/4 «Астана – Алматы», №353/354 «Астана – Семей», №85/86 «Астана – Шымкент», №47/48 «Астана – Атырау» бағдарлары. Бұдан басқа «Жолаушылар тасымалы» АҚ Тверь вагон жасау зауытының технологиясы бойынша әзірленген жолаушылар вагондарын жеткізуге «ЗИКСТО» АҚ-мен ынтымақтастықты жалғастыруда», – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры.

Жалпы, ұлттық тасымалдаушыға 2022-2025 жылдардан бастап 255 вагон, 18 электр пойызы (МВПС) келіп түсті, жыл соңына дейін тағы 63 вагон келеді деп күтілуде. «ЗИКСТО» АҚ вагондарына келсек, оның да барлық вагондары қазіргі заманға сай ыңғайлы жасалып әрі қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Оларда кондиционерлер, ауаны тазарту сүзгілері, түтін датчиктері, дәретханалар, тамбурлардағы бейнебақылау жүйесі, ал купеде кәдімгі электр розеткаларынан басқа USB қосқыштары бар. Осылайша, 2030 жылға қарай «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркінің орта жасын 10 жасқа дейін төмендету және вагондарды ауа баптау жүйесімен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.  

Атап өтер тағы бір жайт, келесі жылы вагон паркін жаңарту есебінен Тальго вагондарынан жасақталған «Алматы – Қостанай» бағдары бойынша жүретін №119/120 жаңа пойызын іске қосу жоспарланса, кейбір бағдарлардағы пойыздар қозғалысына өзгерістер енгізілмек. Мәселен, №105/106 «Алматы – Петропавл» және №1/2 «Алматы-Ташкент» бағдарларындағы пойыздар күн сайын қатынап, қозғалыс жиілігін ұлғайту көзделген.  

«Жаңа вагондардың енгізілуі сапарлардың жайлылығы мен қауіпсіздігін жақсарта түседі. Жолаушылар жаңа вагондардағы кең салондарды, жақсартылған ұйықтайтын орындарды, заманауи климаттық бақылау жүйелерін және қызмет көрсетудің жоғары деңгейін атап өтуде. Бұл ұлттық тасымалдаушыға деген сенімді нығайтып, ішкі және халықаралық қатынастардың дамуын ынталандыра түседі. Бүгінде жаңа вагондар Ақтөбе – Атырау, Павлодар – Түркістан, Қызылорда – Семей, Алматы – Павлодар, Алматы-2 – Саратов сияқты танымал бағыттарда жүруде», – деп атап өтті ұлттық оператор жетекшісі.  

Цифрландыруды дамыту шеңберінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ Eutelsat OneWeb, Jusan Mobile және Kaztechnology компанияларымен серіктестікте бола отырып, пилоттық режимде №67/68 «Астана – Өскемен» және 3/4 «Астана-Алматы» Тальго пойыздарында жоғары жылдамдықты спутниктік интернетті іске қосты. Осы арада, төмен орбиталық спутниктік топтастырылған Oneweb жүйесі маршрутты тіпті қолжетімі қиын учаскелерінде де тұрақты интернетпен қамтамасыз етеді. Қосылу жылдамдығы 100 Мбит/с дейін жетеді. Ал байланысу тұрақтылығы қозғалыста жұмыс істеуге бейімделген жабдықтың және ауыспалы қамтудың арқасында сақталмақ. Сондай-ақ билеттерді тексеру үшін жолсеріктердің мобильді терминалдары, қолма-қол ақшасыз төлеуге арналған POS-терминалдар және бейнебақылау жүйелері енгізілуде. Барлық жазбалар автоматты түрде бұлт қоймасында сақталып, бұл бақылау мен қауіпсіздік деңгейін арттыра түспек.  

«Жолаушылар тасымалы» АҚның жаңа бір өнімі, Астана – Бурабай бағдары бойынша жүретін жаңа буын «Burabay Express» пойызы. Бұл №888/887 электр пойызында Starlink технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі алғаш рет енгізілген. 250 Мбит/с дейінгі Wi-Fi жолаушылардың үнемі байланыста болуына, яғни, фильмдер көруге, жұмыс істеуге, жол бойында тума-туыс, жақындарымен сөйлесуіне мүмкіндік бермек.  

Осы жылдың соңына дейін №33/34 «Ақтөбе – Алматы» және №21/22 «Қызылорда-Семей» пойыздарының екі құрамында Starlink арқылы интернетті іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, ұлттық тасымалдаушы цифрлық сервисті енгізді, онда қазақстандықтар нақты уақыт режимінде пойыздардың қозғалысы, олардың келуі және жөнелтілуі туралы өзекті ақпаратты ала алады. Сервис пойыз жағдайының үздіксіз мониторингін қамтамасыз ететін «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ахуалдық орталығын құру шеңберінде әзірленді. Жолаушылар пойыздарында орнатылған GPS-трекерлерден алынған деректер автоматты түрде тәулік бойы бақылау жүргізілетін орталыққа беріледі. Бұл құрамдардың ағымдағы орнын жоғары дәлдікпен анықтауға және олардың қозғалыс кестесі туралы ақпаратты жедел жаңартуға мүмкіндік береді. Сервис tablo.railways.kz сайтында қолжетімді болмақ.  

«Біз теміржол туризмін дамытуды жалғастырамыз. Өзбекстанға бағытталған пойыздардан басқа, Қытайдан «Сиань – Алматы» халықаралық жобасы жүзеге асырылды. Бұл бағыттар мәдени байланыстарды нығайтып, Қазақстанның көліктік және туристік әлеуетін дамытады, сондай-ақ өңірдің тарихи мұрасын танымал етеді», – деп ой бөлісті Әнуар Ахметжанов.  

 

Аймақтар
20.05.2026
Қызылорда облысының әкімі Шиелі вокзалының құрылысымен танысты
Әлемде
20.05.2026
Ханчжоу метросы үшін автоматтандырылған пойыз таныстырылды
Спорт
20.05.2026
Жеңімпазды сән-салтанатпен қарсы алды
Жаңалықтар
20.05.2026
Жол жүру ережесін бұзған 200-ден астам жолаушы пойыздан түсірілді
Әлемде
20.05.2026
Бішкек «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол жобасына Қытайдан 305 млн доллар алады
Жаңалықтар
19.05.2026
Түркістан облысында Сырдария өзені арқылы өтетін бірегей теміржол көпірі салынуда
Әлемде
19.05.2026
Баку–Тбилиси–Баку жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды
Аймақтар
19.05.2026
Маңғыстауда Транскаспий бағыты арқылы өтетін жүк тасымалы өсті
Инфрақұрылым
19.05.2026
«Бақты-Аягөз» телімінде құрылыс қызу жүріп жатыр
Аймақтар
19.05.2026
Теміржолшылар қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған үздік жобаларын таныстырды
Аймақтар
19.05.2026
Ақтөбеде биыл 56 шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізіледі
Жаңалықтар
19.05.2026
Жаңа техникалар алды
Инфрақұрылым
19.05.2026
Бекеттердің жолы жаңартылып, жүк тасымалы ұлғаяды
Жаңалықтар
19.05.2026
Жауапкершілік жүгі ауыр
Аймақтар
19.05.2026
Жәдігерлер – өткен күннің белгісі
Жаңалықтар
19.05.2026
11 локомотив пайдалану депосы жаңа техникаға ие болды
Спорт
19.05.2026
Аманжол – Азия чемпионы
Жаңалықтар / Мұрағат
19.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №38 19 мамыр 2026 жыл
Жүк тасымалы
18.05.2026
Қазақстан астық пен ұн экспортын жаңа бағытқа бұрмақ
Әлемде
18.05.2026
Қытай – Еуропа теміржол экспресі 130 мың рейс межесіне жетті