Саятшылықты серік еткен ағайынды теміржолшылар

ҚТЖ келбеті
20.03.2025, 11:23
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

Жамбылдық теміржолшылар ағайынды Абатовтарды ата кәсіпті жалғастырып, саятшылық өнерді дамытуға атсалысып жүрген ұлтжанды азаматтар деп таниды. Ағалы-інілі Мақсат пен Бағдаттың теміржолда еңбек етіп келе жатқанына 22 жылдан асыпты. Ағасы – Тараз станциясында маневрлік диспетчер болса, інісі – ВЧД-27 Жамбыл вагон пайдалану депосында аға вагон қараушы болып жұмыс істейді. Олардың қым-қуыт тіршіліктен уақыт тауып, жүйрік мініп, тазы жүгіртіп, аң аулап тұруды әдетке айналдырғанын естігенде біз де таңғалдық. Таңдандық та, кездесіп-әңгімелесуге асықтық.

Теміржол –  қажырлы жұмысты, күш-қайратты, жауапкершілікті талап ететін сала екені мәлім. Басқа жұртқа бір сарынды, ауыр жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мүлдем олай емес. Теміржолдағы еңбек жолын  2003 жылы ПЧ-52 Түлкібас жол дистанциясында жолшы болып бастаған Мақсат Абатов  мұнда да ерекше перспективалар барын айтады. Оның еңбек жолы – соған дәлел.  

– Осы салада еңбек етіп келе жатқалы 22 жылда өз ісіме деген жауапкершілігіммен қатар, спортпен шұғылданатынымның арқасында қызметім өсті, талай марапаттарға ие болдым. Қазақстан теміржолының 100 жылдығына орай Түлкібаста теміржолшылар арасында қазақ күресінен өткен жарысқа қатыстым. Дистанция бастығының орынбасары «Мақсат, барыңды сал, қалайда жеңіп шық. Жеңіске жетсең, 4-разрядқа ауыстырамын», деді жігерлендіріп. Соның алдында ғана екіншіден үшіншіге ауысқанмын. Разряд алу оңай емес, талап қатал. Ал жарысқа 86 келі салмақта шығып тұрмын, финалға жетсем, 120 келі салмақтағы балуандармен кездесуім керек. Ақтық белдесуде тактикаға салып жүріп ұттым, түйе балуан атандым. Разрядым өсті. Кейін облыстық спартакиадаға жіберді. Онда волейбол ойнап, көзге түстім. Ол жылдарда Жамбыл бөлімшесі филиалын Сағымбек Ақшалов басқарып тұрған. Мені көріп, Тараз станциясының бастығына «мына жігітті осында ауыстырыңдар», деп тапсырма берді. Сөйтіп бар-жоғы екі күннің ішінде ауысып, Тараз станциясында вагон реттеуші болып жұмыс бастап кеттім. 2009 жылы ҚТЖ  спартакиадасына қатысатын құрама командаға іліктім. Онда біраз спорт түрі қамтылған, жүгіру, арқан тарту, гир көтеру, мылтық ату болады. Соның бәріне қатыстым, алтыншы орын алып қайттық. 2010 жылы құраманы өзім жинап команданың дайындығын қолға алдым. Ешқандай «подставной» ойыншысыз бардық. Чемпион болып оралдық. Сол жылы пойыз құрастырушы боп ауыстым.

2011 жылы волейболдан 3-орын алып келдік. Сондағы ойынымды көріп, Өскемен мен Павлодар облысы өздеріне шақырды, «пәтер береміз, жұмысың бәрі дайын», деді. Оны сол кезеңде Жамбыл бөлімшесін басқарған Талғат Құлжабаев естіп: «Сен Жамбылдың туын көтеріп жүрсің, қайда барасың, кетпе»,  - деді. Өзі қолдау көрсетіп, сол жылдардағы тұрғын үй бағдарламасы бойынша 4 бөлмелі пәтер алуыма көмектесті. Маневрлік диспетчер болуы ма да, былтыр  «Қазақстан теміржолының 120 жылдығы» медалімен марапатталуы ма да еңбектегі адалдығыммен бірге, спорттың көп септігі тиді. Тараз станциясы командасының спорт үйлестірушісімін. Жұмысыммен бірге қатар алып жүрмін. Ал аңшылық хоббиім. Екі ініммен бірге тазы баптап, саятшылықпен айналысамыз. Біреуі теміржолда жұмыс істейді, кенжеміз – ауылда, тазылардың күтіміне сол қарап отыр, - дейді Мақсат Абатов.

Ағайынды саятшылардың ортаншысы – Бағдат Тараз теміржол және коммуникация колледжінің түлегі. 2003 жылы оқуды бітірген соң, ВЧД-27 Жамбыл вагон пайдалану депосына слесарь болып жұмысқа орналасыпты. Қазіргі уақытта сол мекемеде аға вагон қараушы.

– Вагон шебері, техникалық қызмет көрсету пункті бастығының міндетін атқарушы болып та жұмыс істедім. Бірақ өзіме ауысыммен жұмыс жүйесі қолайлы болған соң, вагон қараушысы етіп ауыстыруды сұрандым.

Тазы ұстауға бала кезден құмармыз. Ағам екеуміз демалыс күндері қаланың күйбең тірлігінен уақыт тауып, ауылға барып, аңшылық құрып тұрамыз. Туған жеріміз – шаһардың іргесіндегі Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылы. Ата-анамыз сонда, кенже ініміздің қолында.  

Біздің Жамбыл өңірінде саятшылық өнері, оның ішінде тазы жүгірту кенжелеп қалған. Көрші Алматы облысында жақсы дамыған. Біз осы ата кәсіпті жалғастырып, кең өріс алуына өз үлесімізді қоссақ деп талпынып жүрміз. Былтыр қазақ тазысы арнайы патент алды ғой. Соған ағайындылар болып, біз де атсалыстық. Тараз қаласында өткен көрмеде біздің үш тазымыз да талапқа сай шығып, арнайы сертификат алды. Біреуіне жыл соңында Астанада өтетін көрмеге жолдама берілді.

Осы уақытқа дейін түрлі-түрлі жарыстарға қатыстық. Түркістанға, Балқаш жаққа да барып, тазыларымызды жарысқа қостық. Ондай жарысты Жамбыл жерінде өзіміз де ұйымдастырдық, - дейді Бағдат Абатов.

Ағайынды саятшылардың тазы жүгіртуден ұйымдастырған облысаралық жарыс 2020 жылы өткен болатын. Сол жарыста ғой, иттерге арнайы нөмірленген форма тіктіріп, жарыстың ережесін әзірлеп, жасанды түлкі жасап, тазыларды бірдей уақытта жарысқа қосу үшін тор дайындалғаны. Барлық түйткілдерді ескерудің нәтижесінде қатысушылар тек ризашылық білдіріп тарқасқан еді сол жолы.

Абатовтардың саятшылық өнерді осылай сақтап қалсақ, деп алаңдайтындарындай бар. «Себебі, қазір далада жортқан аң азайып барады, ал қаланың аумағы күннен-күнге өсіп жатыр. Ал бауырын жазып, саятшылық құру – тазының қанына сіңген әдет. Оларды көрме үшін ғана қаңтарып ұстауға болмайды. Онсыз жай иттерден айырмасы жоқ. Сол үшін тым құрыса, жылына бір рет тазы жүгіртуден жарыс өткізу керек», дейді.

Мақсат Абатов жыл сайын кезекті еңбек демалысын әдейі қыста, аңшылық маусым ашылатын кезде алатынын айтады. Содан маусым жабылғанша, саятшылық құрып, тазыларын баптап, уақыт өткізеді екен.

–  Әкем: «сен ауылға келе жатқанда бір-бір жарым шақырым қашықтықтан иісіңді сезіп, иттер шулап кетеді. Шешең мыналарға не көрінді деп, ұрсады. Мен күліп, олардың егесі келе жатыр деймін, артынша сен кіріп келесің», деп айтады. Ал қарашаңырақтағы інім: «күн сайын тамақ беретін мен, бірақ менен гөрі сені тыңдайды», деп ашуланады. Тазылар сезіп тұр ғой, ертең аңға шығатынымызды.

Таза қанды тазы түсіру үшін, үш жыл селеция жасадым. Қазір төрт тазымыз бар. Ұшар – күшік тазы. Жарғақ құлақты болғанына қызығып, асырадым. Тазылар шақшақ құлақты, жарғақ құлақты болып бөлінеді. Ел аузында мынадай бір әзіл әңгіме бар: «Екі түлкі қашып келе жатыр екен. Біреуі сұрапты: «артта қуып келе жатқан не тазы?» «Жарғақ» депті екіншісі, сонда түлкі: «шақшақтан қашып құтыламыз, жарғақтан қайтып құтыласың» деген екен.

Бір тазым биыл үшінші қар басты. Тазының жасын білу үшін қанша қар басқан деп сұрайды. Үш қар басты деген, үш жаста деген сөз. Ақбөрі мен Көкбөрі ұяластар. Шустрый деген күшігім биыл ауызданды. Сырттан деген тазымды құжаттарымен бірге бір досыма сыйладым. Сұрап қоймады, көңілін қимадым. Оның үстіне үлкендер мықты тазыларды бірге ұстама, қойға шауып кетеді деп кеңес берді.

Біздің атамыз Бейсенбек саятшы болған екен. Ақбілек пен Ұшар деген тазы ұстапты. Шамасы біздің тазы құмарлығымыз атамыздан келген, - деп сыр шертті Мақсат Абатов.

 

Аймақтар
18.09.2025
Көкшетауда Құрметті теміржолшы Мұратбек Тілеуленовпен кездесу өтті
Жаңалықтар
18.09.2025
Теміржолшылар экологиялық акцияны белсенді қолдады
Жүк тасымалы
18.09.2025
Қазақстаннан Қытайға өсімдік майының пилоттық партиясы жеткізілді
Цифрландыру
18.09.2025
Германия теміржолға 5G желісін енгізуде
Жаңалықтар
18.09.2025
Қарағандыда жүк пойызынан дизель ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Жаңалықтар
18.09.2025
Алматыда оқыту семинары өтті
Жолаушылар тасымалы
17.09.2025
Адамдар неге пойызбен жүруді жөн санайды?
Жолаушылар тасымалы
17.09.2025
Тағы қай бағыттың пойыздары Starlink интернетіне қосылатыны айтылды
Әлемде
17.09.2025
Калифорнияда сутекпен жүретін алғашқы пойыз іске қосылды
Жаңалықтар
17.09.2025
ALT университетінде ҚТЖ басшыларына арналған «Үздіктер алаңы» бағдарламасы басталды
Жүк тасымалы
17.09.2025
Қостанай өңірінен темір жолмен астық тасымалдау 20%-ға артты
Жаңалықтар
17.09.2025
Теміржолшылар қалдықтарды сұрыптау жолдарын үйренді
Жаңалықтар
16.09.2025
Теміржолшылардың қысқы маусымға дайындығы талқыланды
Жүк тасымалы
16.09.2025
Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол дәлізі жанданады
Трансформация
16.09.2025
Жүк тасымалы мен магистральдық желіні біріктіру – уақыт талабы
Аймақтар
16.09.2025
Қысқа әзірлік қарқынды жүргізілуде
Қауіпсіздік
16.09.2025
Екі көпір тұрса да, ерінетіндер көп
Аймақтар
16.09.2025
Әулиеата командасы бас жүлдені жеңіп алды
Қауіпсіздік
16.09.2025
«ҚТЖ»-да еңбек қауіпсіздігі мен экология бойынша үздіктер анықталды
Жаңалықтар / Мұрағат
16.09.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №75 16 қыркүйек 2025 жыл