Боранды станциясының маңындағы темір жол асты өткелінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.
Өткелдің жай-күйі соңғы жылдарда Жуалы ауданының тұрғындары үшін өзекті мәселеге айналған. Көпір астындағы жол жарамсыз күйге түсіп, көлік ағыны көбейген сайын көпір асты тарлық ете бастаған. Темір жол Бауыржан Момышұлы ауылын кесіп өтеді. Ал бұл өткел – Жуалы ауданының орталығын жалғап жатқан жалғыз жол.
Білуімізше, бұған дейін автокөліктердің қозғалысы үшін су өткізуге арналған темірбетон құбыр пайдаланылып келді. Ал оның техникалық өлшемдері көлік қозғалысына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндіктен, жүргізушілер мен тұрғындарға қолайсыздық туғызғаны түсінікті. Қайта жаңғыртылып, жолы кеңейтілген өткел бұл мәселені шешіп, тұрғындардың қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді. Өз кезегінде Боранды станциясы арқылы өтетін пойыздар қозғалысында да кедергілер азая түспек. Қайта жаңғыртудан өткен өткелдің ұзындығы – 31 метр, биіктігі – 5,3 метр, ал жүру бөлігінің ені 8,5 метрді құрайды.