Темір жол – ел экономикасының күретамыры әрі ең қолайлы көлік түрлерінің бірі. Дегенмен, бұл инфрақұрылым нысанында үлкен қауіп жатқанын уақытша ұмыту - орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.  

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Алматы магистралдық желі бөлімшесі филиалы Бурундай станциясында 1 жылда кемі 2 қайғылы оқиға тіркеледі.  Бұл оқиғалардың барлығы өкінішке орай, адамдар жауапкершілігінің төмендігінен болып отыр.  

Бурундай станциясы мамандары мен желілік полиция учаскесі, әскерилендірілген теміржол күзетімен бірлесе тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жиі өткізуде. Соның ішінде станция бойындағы жергілікті тұрғындар, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылуда. Алайда өкінішке қарай, жыл сайын қайталанатын жазатайым оқиғалар тоқтамай тұр. Бұл жағдайдың басты себебі – қауіпсіздік ережелерге деген немқұрайлық пен сақтық шараларын елемеу. Жалпы станция бойындағы қайғылы жағдайдың барлығы жол қысқарту мақсатымен теміржолды кесіп өткісі келген ересектер арасында орын алуда. Осы ретте тағы да темір жолдың қаупі туралы айта кеткім келеді. Темір жолдағы қауіпсіздік – бұл әр адамның міндеті. Темір жол бойында сақтық шарасын орындау сіздің алдағы амандығыңыз үшін аса маңызды. Мысалы, Бурундай станциясында орын алған жағдайлардың көбі тоқтап тұрған пойыз астынан өтіп жатқан кезде болған. Тоқтап тұрған пойыз кез-келген секундта қозғалып кету қаупі бар. Бұны ересек адам түгілі, кішкентай ойын жасындағы балаға дейін түсінуі шарт.

Бұл орайда, жолды тек арнайы белгіленген жерлерден өту қажеттілігін еске салғым келеді. Темір жол қателікті кешірмейді. Бір сәттік асығыстық пен немқұрайлықтың соңы түгелдей бір өмірді қиып өту мүмкін. Маман ретінде темір жолдың қаупі, сақтық ережелер туралы түсіндіруден, айтудан жалықпаймыз. Алайда, ең маңызды жауапкершілік әр адамның өз қолында қалатынын ұмытпайық.  

Дәулет Қарабатыров,
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

Алматы магистралдық желі бөлімшесі филиалы 

Бурундай станциясы басшысы