Қызылорда жол дистанциясының теміржолшылары Қызылорда станциясының басты жолындағы бағыттауыш бұрманы ауыстыру жұмыстарын сәтті өткізді. Алты сағаттық толаскез таңертең басталып, сағат 13-30 дейін жалғасты.
Ауыстыру жұмыстарына Қызылорда қалпына келтіру пойызының жеке құрамынан 10 шақты теміржолшы мен қажетті құрал-саймандар салынған бірнеше вагонымен ЕдК-300/2 көтергіш краны пайдаланылды. Дистанция телімінің 2820-шақырымының 8-пикетіндегі №76 бағыттауыш бұрма толық құрамымен бірге ауыстырылды. Қызылорда жол дистанциясы бастығының орынбасары Батыр Мамедалиев жетекшілік еткен жауапты жұмысқа участок бастығының орынбасарлары Ақылбек Тоқтарбаев, Хамит Бақбергенұлы, ПДБ Нұрсұлтан Смайлов, жол жөндеушілер Берік Бекниязов, Нияз Аймахан, Аманкелді Қызылбасов және Ерлан Садуақасов секілді жалпы 30 шақты теміржолшы қатысып, толаскез уақытының тиімді пайдаланылуына жұмыс істеді. Кез келген күрделі техникалық жұмыстың сәтті өтуі – сақадай сай дайындық пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты.

Негізгі жұмыс бекеттің басты жолында атқарылатындықтан жолшылар бұрманың 4 құрамын толық ауыстыру үшін жол табанын бірнеше сантиметрге дейін қазып тазалаған. Бұрманы салу кезінде бір бөліктің бірімен-бірін жымдастыра салып байланыстыру да кәсіби шеберлік пен дәлдікті қажет етеді. Ол үшін көтергіш кранның жұмысын дұрыс бағыттап, команда бере білу, алдыңғы төселген бұрма құрамының ұшына келесі бөлігін төсеу кезінде бөліктер аралығындағы саңылаудың сақталуы, бөліктерді бірімен-бірін жалғастыра бекіту жұмыстары шын мәнінде жолшылардың шеберлігін, тәжірибесін керек етеді. Міне, осынау күрделі жұмысты қызылордалық теміржолшылар бір атаның баласындай ауызбіршілікпен ұйымдасып, толаскезді сәтті атқара білді.
Толаскез кезінде бекеттен кесте бойынша өткізілетін пойыздар құрамына кедергі болған жоқ. Толакезге байланысты тиісті пысықтау нұсқаулығының өткізілуіне, рұқсатнамалардың алынуына, мақсатты нұсқамалардың болуына, теміржолшы еңбегінің қауіпсіздігі, техникалық қауіпсіздік талаптарының орындалуына аса мән беріліп, еңбеккерлердің құрал-сайманмен, жұмыс кіиімімен қамтылуына да баса назар аударылды.
Алты сағаттық толаскез кезінде негізгі көтеру-түсіру, тиеу жұмысын атқарған Қызылорда қалпына келтіру пойызының жеке құрамы да сүбелі үлес қосқанын білдірген шебер Самат Бадрақов әріптестерінің өздеріне тапсырылған жұмысты кәсіби тұрғыда жасағанын, жоғары кәсіби деңгейі мен табандылығын ерекше атап өтті.
Үйлесімді қимылы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту барысында кран машинисі Жандос Жүрсінов пен оның көмекшісі Жаңаберген Әбдірашитов ең күрделі жүктерді орнымен орналастыруға атсалысты. Ал жауапты істе қауіпсіздікті қатаң қадағалап, темірдей тәртіппен жұмыс істеген жүк ілушілер Ғани Баянбаев, Нұрлан Есеналиев, Дәулет Балманов, Айдос Орынбасаров толаскез жұмысының тиімді өтуіне өзіндік үлес қосты.
