Маңғыстауда малды баспас үшін машинистер жүзге жуық тоқтау жасады

Аймақтар
16.06.2021, 12:06
Маңғыстау өңіріне биылғы қуаңшылық оңай соғып отырған жоқ. Әсіресе, күйіп кеткен даладан қылтанақ таппай көтерем болған төрт түлікті құтқару үшін жоғарыдан қыруар қаржы бөлініп, әрекет жасалып жатқаны қуантады. Ең өкініштісі, жергілікті халықтың ауа жайылған малы темір жолды жағалап, пойыз астына түсіп жатыр. Маңғыстау темір жолы аумағында жыл басынан бергі айналдырған бес айдың ішінде машинистер жолға шыққан малды баспас үшін жүзге жуық шұғыл тежеу беріп, пойызды тоқтатуға мәжбүр болған. Оның 62 жағдайында мал басылған. Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау өңірі бойынша бас ревизоры Болат Дүйсәлиев шұғыл шара қолданбаса, жағдай ушығып кеткенін айтады. Айтуынша, біріншіден, машинистерге А пунктінен Б нүктесіне бару үшін белгіленген уақыт, жылдамдық бар. Одан ауытқудың өзі қып-қызыл шығын. Екіншіден, өңірде ұсақ малдан гөрі ірі қара көп өсірілетінін ескерсек, бір атан түйенің пойызбен соқтығысуы жүк немесе жолаушы пойызының зақымданып, рельстен шығып кетуіне, орасан зор материалдық шығынмен қоса апатқа соқтырары әбден мүмкін. Сағатына 70, 80 не 90 шақырыммен келе жатқан пойыз рельстен шығып кетсе, соңы не болары айтпаса да түсінікті... − Малдың теміржолға шығып, пойызға басылуы жиілеп кетуі дегбірімізді қашыруда. Оған бүгінгі қуаңшылық та әсер етуде. Теміржолға келетін қыруар шығыннан бөлек, төрт түліктің пойыз астына түсіп арам өліп жатқаны жанымызға батады. Жергілікті НЖС, жол дистанциялары басшылығы жан-жаққа хат жазып, шара қолдану туралы ұсыныспен шығып жүр. Малды есепке алыңдар, бақташы шығарыңдар дегенмен нәтижесі жоқ. Қазірге дейін малын бақташыға бақтырып, не түйенің артынан түйеші жүргенін көрген жоқпын. Әр адам өзінің малына ие болса, үйінде де, өрісте де қараусыз қалдырмаса, мұндай жағдай болмас еді. Теміржол аумағында жүрген мал үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал ол ақша кейбір малды қожайындарға түк емес. 10-15 мың айып ақшаны төлеп жүре береді. Тіпті кейбір малы көп байларға бір-екі малдың пойызға басылғаны шыбын шаққандай да әсер етпейді. Өзім сайланған Мұнайлы аудандық мәслихатында тұрақты комиссия бар. Сонда осы мәселені көтеріп, жеке шаруа қожалықтарын шақырып, кездесіп көрдік. Бәрібір баяғы жартас, сол жартас. Дөңгелек үстел де өткіздік. Көбі шақырсаң да келмейді, – дейді Болат Дүйсәлиев. Ауылдық жерде әр үйде жоқ дегенде бір-екі сиыр, түйе бар. Мал басы күннен-күнге көбеюде. Халықтың бәрін жинап кездесу мүмкін емес. Ауыл-ауылды аралап, ескерту жасап, әлеуметтік желіге жариялап, дабыл қаққаннан нәтиже болмай тұр. Кейбір тұрғындар жолды малдан өздеріңіз қорғап алыңдар дейді екен, демек мәселенің бір шешімін таппаса, теміржолшылар түгел бақташы болып кету қаупі бар деседі... Бас ревизордың айтуынша, жергілікті теміржол мекемелері осы мәселемен облыс әкімнің орынбасарына хат жазған. Ол аудан басшыларына тапсырма берген көрінеді. Жергілікті билік өкілдері де жеке қожалық иелерімен кездесіп, түсінік жүргізілген. Малды сырғалау, ен салу туралы жергілікті әкімдіктер де қимылдай бастаған. Әйткенмен, ол да мәселені шешуге қауқарсыз болып отыр. Тіпті, мал басылған күннің өзінде көбіне «иесіз» болып шығатын көрінеді. − Мал басылғасын барсаң иесін таба алмайсың. Сырғасы не таңбасы жоқ. Мысалы, жыл басынан бергі осы 62 жағдайдың тек 18-де ғана иесі табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалғаны кімдікі екені белгісіз. Оны машинистер пойызын тоқтатып қойып, күзетіп тұра алмайды. Суретке түсіруге, оларға қауіпсіздік үшін смартфон ұстауға тыйым салынған. Ал жолшылар жеткенше малдың белгісі кесілген, таңбасы ойып алынған болады. Кей кездері қожайыны анықталғанның өзінде жауапкершіліктен жалтарып кетеді. Шаруалар бір-бірінің малын танып, ен, сырғаларын кесіп әкететін де көрінеді. Маңғыстау жері кең, жергілікті халық, жалпы қазақ малды байлап ұстау дегенге үйренбеген. Жер өзіміздікі деп ен далаға айдап жібере салады. Соның салдары осындай келеңсіз жағдайға әкеліп отыр. 62 мал басудың жиырмасы жолаушы пойызымен болды. Бес ай ішінде 98 шұғыл тежеу берілуі, өте қауіпті, дабыл қағарлық жағдай, – дейді Болат Аманжолұлы. Темір жол қоршауы ішіндегі шөп, адам аяғы баспағасын шүйгін бола ма, малдар үйір келеді дейді. Жолдың жиегіне тасымалданған жем, тыңайтқыш төгіліп кейде қаулап өсетін де жағдай болады екен. Сондықтан Болат Аманжолұлы малдың теміржол маңын айналшықтап шықпауына әсер ететін тағы бір факторды алға тартады. Жеке қожалық ашып, кәсіпкерлікпен айналысуды қалайтындар теміржол бойында тіршілік бар, тоқшылық деп жолға жақын аумақтан жер алуға тырысатын көрінеді. − Жер алатын кәсіпкерлер жолға жақын, теміржолдан 300-500 метр қашықтықтан жер сұрайды екен. Әкімдік кәсіпкерді қолдайды. Кәсіп бастаймын деген адамға сұраған орыннан жер бөледі. Ал ол не істейді, егін саламын деп алып, жеріне мал бағады. Егін өсірсе де төрт түлігін теміржолға жақын жерге жайып жібереді. Содан кейін ол мал пойызға шықпағанда қайтсін? Маңғыстау станциясынан Өзенге қарай шықсаң Қарақия станциясына дейін сондай шаруа қожалықтары көп. Бейнеу мен Тассайдың аралығында Сам, Тұрыш елдімекендерінде де халық баяғыдан мал ұстайды. Ірі қараның теміржолға көп шығатын жерлері де сол аралық. Бейнеуден Маңғыстауға шыға бергенде Сай-Өтеске дейін, Тассайға қарай жүргенде Б паркінің айналасында да көп кездеседі. Қазірде әсіресе Сам мен Тұрыштың малы жол қозғалысына үлкен кедергі келтіруде. Ол ауылдар – құмның ортасында өмірбойы мал бағумен келе жатқандар. Жаңа жол салынып, Бейнеу-Тассай темір жолы сол ауылдың үстімен өтетін болғасын жағдай қиындады. Жолдың жобасында малдан, құмнан қоршау салу болған жоқ. Қазір сол жердің құмы әрлі-берлі көшіп, жолды жауып, малы да жолға шығып, үлкен кедергі келтіруде. Жолшылар өз күшімен жарамсыз шпалдардан қоршау салып әуре. Онымен жергілікті тұрғындар суға өткіземіз, қораға айдаймыз деп қоршауды бұзып, ірі қараның жүруіне жағдай жасайды. Теміржолшылар бұзылған қоршауларды түзетіп әлек. Ал халықты сөйлетсең, бізге теміржолдың керегі жоқ, малымыз қырылып қалатын болды дейді, – деп шарасыз бас шайқады бас ревизор. Бұл жол бұрын негізі Сам ауылына соқпай, 14 шақырым қашықтықтан өтетін болған екен. Жаңа жол салынған кезде ауыл халқы жолаушы пойызының игілігін көрсін деп жергілікті әкімдіктер араласып, жобаны өзгертуге ықпал еткен.  Амал қанша, бүгінде сол шешімнің пайдасынан зияны көбейіп тұрған секілді... 
Жолаушылар тасымалы
09.05.2025
Астанадан Жеңіс күніне арналған тақырыптық пойыздар жолға шықты
Аймақтар
08.05.2025
Жамбыл жол бөлімшесі ҰОС ардагерін құттықтады
Жаңалықтар
08.05.2025
ҚТЖ Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады
Темір жол тарихы
08.05.2025
Соғыс салған жара. Тұщыбектегі тағзым ескерткішінің тарихы
Темір жол тарихы
08.05.2025
Жамбыл теміржолшыларының ерлік жолы
Темір жол тарихы
08.05.2025
Соғыс жылдарындағы шойын жол шежіресі
Темір жол тарихы
08.05.2025
Сұрапыл жылдар шындығы
Жолаушылар тасымалы
08.05.2025
ҚТЖ жазғы кезеңде қосымша бағыттарды іске қосады
Мұрағат / Жаңалықтар
08.05.2025
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің 2025 жылғы 8 мамырдағы арнайы саны
Жаңалықтар
06.05.2025
«Нұрлы жол» вокзал кешенінде Жеңістің 80 жылдығына орай ағаш отырғызылды
Жолаушылар тасымалы
06.05.2025
«Keruen Express» туристік пойызы сапарға аттанды
Жаңалықтар
06.05.2025
«Батырлар ұраны» шырқалған кеш
Аймақтар
06.05.2025
Семейде өрт сөндіру пойызы қоймадағы өртті өшірді
Спорт
06.05.2025
Семейлік теміржолшы жүзден жүйрік шықты
Темір жол тарихы
06.05.2025
Жеңіс рухын сөндірмеген Қызылорда алауы
Аймақтар
06.05.2025
Арыстағы «Батырлар аллеясы»
Спорт
06.05.2025
Машинистер сайысы
Темір жол тарихы
06.05.2025
Майданға тартылған мұнай жолы
Қауіпсіздік
06.05.2025
Теміржолдағы тәртіп – адам өмірінің кепілі
Темір жол тарихы
06.05.2025
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды