ISO дегеніміз не?
ISO дегеніміз не? Бұл ұғым қайдан пайда болды? «ISO – бұл стандарттау бойынша негізгі халықаралық ұйым және ол ISO сериясымен шыққан стандарттарға жауап береді. Оның басты міндеті, осы компанияға қосылған барлық ұйымдардың өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету және үйлесім тапқан халықаралық үлгідегі стандартты шығару. Қазақстан Республикасы бұл ұйымға 1999 жылдан бері мүше болып, содан бері табысты жұмыс істеп келеді» деген Диара Рамазанова әңгімесін ISO 9001 – сапа менеджменті жүйесінен бастауды жөн көрді. –«Сапа» ұғымы – клиенттің қажеттілігін өтей алатын, қандай да бір түрлі қасиеттердің дәрежесі. Сондықтан біз әр кезде клиенттердің нақ қазіргі, болашақтағы талаптарын ескереміз, өйткені, оларға ұсынатын қызметтер сапасын жақсартқымыз келеді. Ал сапаны басқару үшін, стандарт бізге сапаны басқарудың негізгі принциптерін ұсынып отыр. Біз осы принциптерді қолдана отырып, жұмысымызды, жұмыспен байланысты бағытты және ұсынатын қызметтер сапасын жақсарта аламыз. Сонымен қандай принциптер дейтін болсақ, біріншісі ол, тұтынушыға бағдарлану. Неліктен ол негізгі? Себебі, тұтынушы біздің кіріс көзіміз, оның біздің пайдамызға ықпалы зор. Сол себептен біз тұтынушының қажеттілігін өтеуге, талаптарын орындауға бағдарлануымыз керек. Және де стандарттың да «айтатыны» тұтынушының көңілінен шығу, дәлірек айтқанда, онымен өзара сапалы және тиімді әрекет ету. Сапаға ықпал ететін екінші принцип, ол көшбасшылық һәм жетекшілік. Яғни басшылық қатынасқа байланысты жетекшілік. Стандарт талабы бойынша, жоғары басшылық мақсат-міндеттер қоя білу, жоспарларды бекіту арқылы өзінің жетекшілігімен көріну керек. Осы әрекеттерімен олар жұмысты жақсартады, төмен тұрған құрылымдық бөлімшелерді дұрыс бағытқа бағыттайды, сөйтіп, өздерінің жетекшілік қырымен танылады. Үшінші принцип, ол адамдардың өзара қатынасы. Стандарт талабы бойынша, қызметкерлер арасында қатынас орнатылуы және жетілдірілуі керек, яғни қызметкерлер олардан не күтетінін түсіне алулары керек, өзара қалай қатынас орнату керектігін ұғулары қажет. Бұл жерде ҚТЖ-ны алып қарайтын болсақ, онда ол қызметкерлерге арналған түрлі ережелер, регламенттер, мысалға, ГВЦ-ның ГП-мен өзара жұмыс қатынасы, мұның бәрін тиісті регламенттеу құжаттарынан көруге болады. Төртінші принцип, ол процестік тәсілдеме. Бұл жерде біздің қызметіміздің бірыңғай процесс ретінде қарастырылуы сөз болып отыр. Процесс дегеніміз не? Мысалға, Экономика департаменті айналысатын бюджетті түзу процесін алайық. Оның өзінің негізгі кірігулері бар, яғни, құрылымдық бөлімшелерден келіп түскен 2018 жылға қажеттіліктері бойынша сұраным-өтінімдер, қандай да бір мәлімдемелер, және басшылық тапсырмасы. Осының бәрі бюджет түзеліміне кіреді, регламентке сәйкес қызмет жүзеге асады, соңында бекітілген бюджет шығады. Көп жағдайда бір процестің шығуы екінші процестің кіруіне әкеліп жатады. Бұл жерде бекітілген бюджет сатып алулар жоспарының бекітілуінің кіре берісі болып табылады. Бекітілген бюджет кірді, ал оның нәтижесінде сатып алулар жоспары бекітіліп шықты. Бұл жерде негізгі қатысушы болып ЦКМ табылып отыр. Бұл процестердің бәрі регламенттеледі, тиісті регламенттеу ережелері бар. Бесінші принцип, жақсарту. Бұған қатысты стандарт талабы мынау, біз үнемі жұмысты жақсартуымыз қажет, мақсатымызды, жоспарларымызды қайта қарастыруымыз керек, егер ауытқу көрсек, оны белгілеп алып, жақсарту, жетілдіру жолында жұмыс істеуіміз керек. Жалпы стандартты енгізудегі мақсатта, біздің қызметімізді жақсарту болып табылмақ. Алтыншы принцип, айғақтар негізінде, яғни нақты фактілер бойынша шешімдер қабылдау. ҚТЖ бұрыннан да нақты деректер, айғақтар негізінде шешім қабылдап келді. Ал стандарт осы қағиданы үнемі сақтауды талап етеді. Соңғы, жетінші принцип, өзара қарым-қатынас менеджментіне қатысты. Бұл арада, «ҚТЖ» компаниясын алатын болсақ, онда Ұлттық компанияға қызығушылық білдірген тараптарға қатысты қарым-қатынас туралы айтамыз. Яғни, қарым-қатынас менеджментіне қатысты принцип ҚТЖ-мен байланыс орнататын мердігерлер, жеткізушілер, серіктестер, әріптестер, клиенттер, мемлекеттік органдар, т.т. тараптармен өзара тиімді қарым-қатынасты орнатуды, яғни дау-дамайға жол бермеуді ұстанады, – деп сапаны басқарудың негізгі принциптерінен толық мағлұмат берді семинар модераторы.Процестер иелері кімдер?
Бұдан кейін жаттықтырушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның негізгі үш процесіне және осы процестердің иелеріне тоқталды. Бұл процестердің нәтижелі болуына жауапты ҚТЖ басшылары екен. Магистральдық желі қызметтерін ұсынатын процестердің иесі Атқарушы директор – ЦЖС филиалы директоры болса, темір жол көлігімен жүк тасымалы қызметін ұсынатын процесс иесі Атқарушы директор – «ҚТЖ-ЖТ» АҚ президенті. Үшінші процесс, ол жолаушылар тасымалы, оның жетекшісі Атқарушы директор – «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті. Бұл бүгінде «ҚТЖ» ҰК»АҚ-ға пайда әкеліп отырған негізгі үш процесс екенін атап өтті семинар жүргізушісі. Сондай-ақ, ол ҚТЖ қызметінде аса маңызды 4 қосалқы жүйе, атап айтқанда, қозғалыс қауіпсіздігі, ақпараттық қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі және экологиялық қауіпсіздік бар екенін және олардың жұмыс істеп тұрғаны туралы айта келіп, бұл процестердің де иелері бар екенін жеткізді. Мәселен, қозғалыс қауіпсіздігі, еңбек қорғау мен экологиялық менеджментті Компанияның бас инженері қадағайлатын болса, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ҚТЖ-ның корпоративтік қамтамасыз ету жөніндегі вице-президенті құзырында.Түйін
Осылайша, халықаралық стандарттарға жеке-жеке тоқталып, олардың мақсат-міндеттерін, талаптарын семинарға қатысушыларға егжей-тегжейлі жеткізген Ішкі жаттықтырушы жыл сайын Ұлттық компанияда осы стандарттар талаптарының орындалу барысына қатысты ішкі аудиттің жүргізіліп отыратынын мәлімдеді. «Ішкі аудит МБЖ-ның қалай жұмыс істеп жатқанын, ҚТЖ қызметкерлері бекітілген талапқа сай қалай жұмыс істеп жатқанын, сондай-ақ, жүйенің әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын ішкі аудитторлар тобы ішкі аудит жүргізеді. Биыл Орталық аппарат, ЦЖС, ХозУ, ФЦкадр және ГВЦ-ны тексердік. Аудит барысында стандарт талаптарына сәйкессіздіктер табылды, соған байланысты ұсынымдар жасалды. Бірақ, жалпы алғанда Менеджменттің біріктірілген жүйесі оң нәтижеде жұмыс істеп жатыр. Осы жүйе енгізілген бастапқы кезде көп олқылықтар болған еді, қазір көп алға ілгерушілік бар. Қазір адамдар МБЖ туралы біледі, түсінеді, осы жүйенің бекітілген талабына сәйкес жұмыс істеу керектігін түсіне бастады. Оның үстіне ішкі аудит Компанияны сыртқы аудитке дайындауға мүмкіншілік береді, ал сыртқы аудитті сырттан келетін адамдар жүргізетіндіктен онда әр мүлт кеткен әрекетің міндетті түрде белгіленеді. Сондықтан бүкіл халықаралық стандарттар жүйесін бірыңғайландырған Менеджменттің біріктірілген жүйесін ҚТЖ-ның әрбір қызметкері түсініп оқып, білуі керек» деп түйіндеді сөзін семинар жаттықтырушысы.Сұлугүл БАКЕСОВА