Достық – Мойынты: құрылыс қызу жүріп жатыр

Инфрақұрылым
05.05.2023, 09:25
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Өткен сәрсенбі күні, яғни 26 сәуірде сағат таңғы 5.05-те Астананың «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан №122 Астана – Семей жолаушы пойызына отырдық. Бағытымыз – Балқаш станциясы. Мақсатымыз – былтыр қарашада қазығы қағылған Мойынты – Достық учаскесіндегі екінші жолдың құрылысымен танысу.

«Арай Транс» компаниясына қарасты жекеменшік жолаушылар пойызы Балқаш-2 станциясына кешкі сағат алтыдан аса жетті. Бізді қарсы алған Асылбек Айтқазинов осы теміржол құрылысына жауапты Ірі жобаларды іске асыру дирекциясының өкілі екен. Қонақүйге бара жатқан жолда ертеңгі күннің жоспарын келістік. 27 сәуір күні таңғы тоғызда Достық – Мойынты көлік дәлізін жаңғырту және салу жөніндегі сектор қызметкерлері отыратын кеңседе жолығатын болдық. Бұл сектор «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Ірі жобаларды іске асыру дирекциясы тарапынан құрылған.

ЖОБАНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ НЕДЕ?  

Жалпы қазақстандық көліктік теміржол дәліздерін және жүк тасымалының негізгі көлемі өтетін учаске – Достық – Ақтоғай – Мойынты теміржол желісінде екінші жолдарды сала отырып және жекелеген пункттерді, оның ішінде Достық шекаралық жүк тиеу станциясын дамыта отырып жаңғырту – саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан Қазақстан темір жолының көліктік транзиттік әлеуетін дамытудағы өзекті және маңызды қадам. Осы ретте аталған жобаны іске асыру жаңғыртудың негізгі нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етпек. Яғни, бұл жоба, болжамды трафик көлемін негізге алып, электр қуатымен қамтамасыз ете отырып, Достық – Мойынты, Достық – Алашаңқай учаскесі мен Достық станциясының өткізу қабілетін және өңдеу қуатын арттырмақ, сондай-ақ контейнерлік пойыздардың маршрут жылдамдығын тәулігіне 1500 км-ге дейін ұлғайтады. Ал көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту коммуникацияның барлық түрлерінде жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, сол себепті тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымды құру арқылы елдің экспорттық әлеуетін қолдау қарастырылуда екен. «Мойынты – Достық» екінші жолдар құрылысының бас мердігері «Integra Construction KZ» ЖШС компаниясы болып табылады.  

ЖҰМЫС ЖЕР ТӨСЕМІНЕН БАСТАЛАДЫ  

Ірі жобаларды іске асыру дирекциясының техникалық қадағалаушысы Талғат Қарсақбаевпен құрылысы жүріп жатқан телімге жол тарттық. Станцияның айқыш-ұйқыш жолдарын тастап, жазық даламен зулап келеміз. Артымыздан көтерілген будақ-будақ шаң біріне бірі жалғасып, ауада көлбіп жатты... Көкдомбақ – Балқаш учаскесіне келіп жеткенде қызу жұмыстың үстінен түстік. Топырақ тиеген самосвалдар бірінен соң бірі келіп-кетіп жатыр, ал шынжыр табанды бульдозерлер төгілген топырақты жаймалауда. Оның өкшесін басқан автогрейдер топырақты қабат-қабатпен тегістеуге кірісті. Алыстан жаңағы екі техниканың жұмысын бақылап тұрған пневмокаток кезегі келгенде жол төсемдерінің үстіне төселген борпылдақ топырақты нығыздауға кірісті. Келесі техника жол іргетасын қабат-қабат тығыздап, тегістей түсті. Техқадағалаушы Талғат Қарсақбаевтың айтуынша, жер төсемі жұмыстарын бас мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС жалдаған субмердігер «Стандарт-1» ЖШС атқаруда екен.  

– Жер төсемі құрылысы Мойынты – Бүйрек, Бүйрек – Сарықұм, Сарықұм – Көкдомбақ, Көкдомбақ – Балқаш-1, Ақжайдақ – Ащыөзек және Ащыөзек – Тағынқара сияқты 6 жол аралығында жүргізілуде. Біз қазір Көкдомбақ – Балқаш аралығындағы жұмыстарды бақылауға алдық. Яғни жұмыстың сапасы, техникалық параметрлерге сай болуын қадағалаймыз. Егер жұмыс ойдағыдай орындалып жатса, әрі қарай басқа шақырымдарға ауысып жұмысын жалғастырады, – дейді техқадағалаушы.  

Бізге ұсынған деректерге сүйенсек, бүгінгі күнде алты жол аралығы бойынша 57 805 текше метр жердің құнарлы топырағы сыпырылып алынған. Олардың орнына 178 883 текше метр топырақ төселіп, 8269 текше метр жерден топырақ қазылып алынған. Ал жер төсемін салуға 144 техника жұмылдырылуда екен.  

– Әрбір учаскеде әртүрлі субмердігерлер жұмыс істеп жатыр. Біздің еншімізге Көкдомбақ – Балқаш-1 аралығы тиді. Жоба бойынша 57 510 текше метр ПСР, яғни жердің 20 сантиметрге дейінгі құнарлы топырағын сыпырып алуымыз керек. Қазір бұл жоспарлы жұмыстың 15 мыңға жуық текше метрі орындалып, 102 мың текше метрге жуық топырақ төгілді. Жер төсемі жұмыстарына барлығы 41 бірлік техника жұмылдырылып отыр, – дейді «Стандарт-1» ЖШС-нің учаске бастығы Есен Озабаев.  

Жердің беткі қабатындағы құнарлы топырағы неге алынады деген сұрағымызға ол, кейін бұл алынған топырақтар жол салынып болған соң, жолдың жанына шөп өсу үшін қайтадан жайылып, төселінетінін айтты.

Бүгінде бас мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС тарапынан жер төсемін салу үшін топырақ алатын 17 жер шұңқыры бөлініпті. Бүгінде 7 жер шұңқыры пайдаланылуда екен.  

ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫНА САЙ  

Жобаның техникалық сипаттамасына келсек, жолдың жалпы ұзындығы 966,5 шақырымды құрайды. Соның ішінде бас жолдар 836,1 км, станциялық жолдар 130,4 км. Осы жоба аясында 31 жекелеген пункт жаңғыртудан өтіп, 396 дана жасанды құрылыстардың салынуы қарастырылған.  

Қазіргі таңда СОБ және байланыс жабдықтарын қайта орнату бойынша жұмыстар Мойынты – Бүйрек, Бүйрек – Сарықұм, Сарықұм – Көкдомбақ, Көкдомбақ – Балқаш-1 және Ащыөзек – Тағынқара аралықтарында жүргізілген. Ал энергетика объектілерін салу үшін «Проект ЭнС» ЖШС қосалқы мердігерімен шарт жасалған. Аталған кәсіпорын Мойынты – Бүйрек, Бүйрек – Сарықұм, Сарықұм – Көкдомбақ, Тағынқара – Саяқ аралықтарындағы 10 кВ АБ әуе желісін қайта жаңғыртып, Мойынты – Балқаш-1 учаскесіндегі құрылыс аймағынан әуе желілерін қайта орнататын болады. Бүгінде Сарықұм станциясы мен Орта-Дерсін станциясында екі құрылыс базасы құрылған. Сонымен қатар оқшаулағыштар, сымдар, кабельдер, муфталар, 208 дана СВ-105-5 темірбетон тіректері сияқты материалдар жеткізілген.  

Мойынты – Бүйрек, Бүйрек – Сарықұм, Сарықұм – Көкдомбақ, Көкдомбақ – Балқаш-1, Ащыөзек – Тағынқара, Тағынқара – Саяқ аралықтарында жасанды құрылыстарды (көпірлер, су өткізгіш құбырлар) салу үшін бас мердігер «АЗМК» АҚ және «LСI-МК» ЖШСмен темір-бетон конструкциялары мен бұйымдарын өндіруге келісімшартқа отырған.  

ОРТА-ДЕРСІН СТАНЦИЯСЫНДА  

Біз ат басын бұрған келесі бекетіміз Орта-Дерсін станциясы болды. Бас мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС бұл бекетте рельс-шпал торкөздерін (РШТ) тігуге және жинауға арналған база құрыпты. Мұндай базалар Ақтоғай, Сарықұм станцияларында да жасақталыпты. Бүгінде бас мердігер тарапынан 90 км жуық рельс-шпал торкөздері тігілген.  

– Орта-Дерсін станциясы аумағындағы бұл база «Мойынты-Достық» теміржол құрылысына қажетті рельс-шпал торкөздерін тігіп, жинау үшін уақытша құрылды. Қаңтар айында келіп осы базаны дайындауға кірістік. Қазір материалды сақтайтын қойма салып жатырмыз. Біз «Integra Construction KZ» ЖШС-нің Солтүстік дирекциясына қараймыз. Биылғы жылға бізге берілген жоспар 172 км. Жұмыс енді басталды. Бүгінде біз 4 км жуық РШТ дайындап қойдық. Қазіргі күні 199 вагон темір-бетонды шпал келді. Яғни, 50300 шпал, бұл 27 км-ге арналған. Темірбетонды шпалдар Теміртау мен Алматы зауыттарының өнімі болып табылады. 25 метрлік рельстер – Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімдері. Ал бекітпелер Түркиядан шыққан. Жұмысқа автокран және тағы басқа техникалар жұмылдырылып отыр. Базада 40 адам жұмыс істеп жатыр, 19 жол монтері, 2 жол шебері, қалғандары қызмет көрсетуші персоналдар: аспаздар, медбике, вагон тазалаушылар. Қызметкерлер 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс істейді. Жататын орындары вагондарда, жуынатын бөлмелер, монша, тамақ ішетін орын-жай, жатын бөлмелер қарастырылған. Яғни еңбек қорғау талаптары толық сақталған, – деп жұмыс барысымен таныстырды «Integra Construction KZ» ЖШС-нің ПМС бастығы Батырбек Табаев.  

Біз Мойынты – Достық телімінің Балқаш бөлігінде жұмыс көрігін қыздырып жатқан құрылысшылар еңбегіне сәттілік тілеп, қош айтыстық.  

 

Цифрландыру
03.02.2026
Сингапурлық технология Қазақстан логистикасын қалай өзгертті?
Жаңалықтар
03.02.2026
Меморандумға қол қойды
Аймақтар
03.02.2026
Жауапкершілік жүгі жоғары
Станция тынысы
03.02.2026
Достықтағы «достық» ескерткіші
Әлеумет
03.02.2026
Әлеуметтік әріптес
Жаңалықтар / Мұрағат
03.02.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №8 03 ақпан 2026 жыл
Жаңалықтар
02.02.2026
Жаңа Конституция – еңбек адамының құқықтық кепілі
Инфрақұрылым
02.02.2026
«Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс барысы пысықталды
Аймақтар
02.02.2026
Жолшылар жаңа қонысқа көшті
Қауіпсіздік
02.02.2026
Теміржол бойындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Станция тынысы
02.02.2026
Теңдік станциясы толық қуатта: тәулігіне жүздеген вагон өңделуде
Жолаушылар тасымалы
02.02.2026
ҚТЖ пойыздарында 60 жастан асқан жолаушыларға арналған жаңа жеңілдік шарттары
Жолаушылар тасымалы
02.02.2026
«Астана – Семей» бағытында жаңа жолаушылар вагоны пайдалануға берілді
Жаңалықтар
31.01.2026
ҚТЖ дамудың адам игілігіне бағытталған үлгісіне көшуді қолдайды
Жаңалықтар
30.01.2026
ҚТЖ және РЖД: 2026 жылға арналған даму басымдықтары анықталды
Жаңалықтар
30.01.2026
ҚТЖ пойыздары жолаушыларына арналған ТОП-6 ыңғайлы сервис
Инфрақұрылым
30.01.2026
Жаңа порт құрылысы басталмақ
Станция тынысы
30.01.2026
Бірлігі жарасқан ұжымның биік белесі
Қауіпсіздік
30.01.2026
«Бір қателік өмірімді өзгертті»
Жаңалықтар
30.01.2026
Туризмді дамыту сөз болды