«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Теміржолсу» АҚ қысқы кезеңде шаруашылықтың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді дайындық жұмыстарын дер кезінде толық аяқтап, жылыту маусымына сақадай сай кірді.
Бекітілген жоспардағы 17 іс-шараның барлығы белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалған.
– Биыл да әдеттегідей 2026-2027 жылдардың қыс маусымына ерте қамданып, бекітілген іс-шараларды орындауға жаздың басынан кірістік. Осылайша, барлық 35 қазандықтың жылыту маусымына дайындығы 100 пайызға қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 48 қызметтік және өндірістік ғимаратты дайындау, 23 жылыту жүйесін шаю және қысыммен сынау жұмыстары толық аяқталды. Бұдан бөлек, 39 шақырым жылу желісі, 98 су сорғы станциясы, 62 су резервуары, 64 су мұнарасы, 506 су құдығы, 34 кәріз сорғы станциясы, 50 шақырым кәріз желісі және 579 шақырым су құбыры желісі жөндеу түрлерінен өтіп, қысқы кезеңге сақадай сай дайын болды, – дейді «Теміржолсу» АҚ бас директоры Өмірзақ Бекенов.
Ағымдық жөндеу және техникалық сервис қызметі бойынша сектор мамандары алға тартқан деректерге сүйенсек, кәсіпорынның автокөліктер, тракторлар мен жүк көтергіш крандары да қыс маусымында қалтқысыз қызмет ету үшін 100 пайыз дайындықтан өткен. Барлық қызметкер қысқы арнайы киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз етіліп, тиісті оқытулардан өткен. Әсіресе, «алғашқы қыстаушылардың» дайындығына жіті көңіл бөлініп, техникалық сабақтарда қауіпсіздік техникасын сақтау тәсілдері мықтап түсіндірілген.
Алдағы жылыту маусымында «Теміржолсу» АҚ-ның көмірге деген қажеттілігі 12 359 тоннаны құрап отыр екен. Осыған орай, көмір жеткізу бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта 7 163 тонна көмір жеткізілген, бұл жалпы қажеттіліктің 60 пайыз шамасын құрап отыр. Ал мазутқа деген қажеттілік 4 292 тоннаны құрауда. Жеткізушілермен келісімшарттар жасалып, бүгінгі күнге дейін 770 тонна мазут жеткізілген. Қазіргі уақытта отын қоры 495,41 тоннаны құрап, бұл көлем 30 күнге жетеді екен. Сонымен қатар, тағы 4 цистерна вагон жолда келе жатыр.
– «Теміржолсу» АҚ «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарына да көмір жеткізуді ұйымдастырады. Тапсырыс берушілермен жасалған келісімшарттарға сәйкес, барлығы 69 070 тонна көмір жеткізу көзделсе, қазіргі уақытта осы көлемнің 57 753 тоннасы жөнелтілді. Бұл жоспарланған көлемнің 84 пайызына тең, – дейді кәсіпорын басшысы.
Директордың айтуынша, көмір ЦЖС, ЦЛВС, ЦД, ГП, ЦЛ, «ТЖС-Қарағанды», «ТЖС-Қостанай» және «ТЖС-Қызылорда» бөлімшелеріне жеткізілуде. Қалған көмір көлемін жөнелту бекітілген кестеге сәйкес жалғаспақ. Сонымен қатар кәсіпорын жұмысшыларына ЦЖС, ЦД және ГП ғимараттарындағы 200 нысанға ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеттері жүктелген. Қазіргі уақытта 131 нысандағы жұмыстар аяқталса, қалған 69 нысанда жөндеу жұмыстары жасалған келісімшарттардың талаптарына сәйкес жалғасуда. «Қыс шанасын жаз сайлаған» теміржолсулықтар қыстан қысылмайтындарына сенімді.