Қазақстанда темір жол инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы іске асырылуда. Ол Ақтау және Құрық порттарын кеңейтумен болат магистральдардың жұмысын үндестіруге бағытталған.
Қызылжар - Сексеуіл, Шалқар - Бейнеу және Бейнеу - Маңғыстау учаскелерінде негізгі жобаларды іске асыру арқылы Каспийге баратын жолдардың өткізу қабілетін шамамен 1,6-2,6 есеге ұлғайтуға және тасымалдау көлемін жылына 25 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік тумақ. Мұндай тәсіл порттардың одан әрі өсуі үшін резервті қамтамасыз етеді. Осылайша, теміржол инфрақұрылымын дамытудың бекітілген бағдарламасына сәйкес Бейнеу - Маңғыстау учаскесінде тасымалдардың болжамды көлемін өткізуді қамтамасыз ету үшін жаңа разъездер мен қосымша қабылдау-жөнелту жолдары салынуда, сонымен қатар Шалқар - Бейнеу учаскесі жаңғыртылуда. Тұтастай алғанда, бұл - бағыттың өткізу қабілетін тәулігіне 25 жұп пойызға дейін ұлғайтуға және темір жол жұмысын жоспарланған порттарды кеңейтумен және Каспийдегі флотты толықтырумен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде Ақтау және Құрық порттарының жиынтық қуаты жылына 21,8 млн тоннаны құрайды.
Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту аясында 5 мың шақырымға жуық жаңа темір жол желілерін салуды және 3 мың шақырымнан астам қолданыстағы учаскелерді жаңғыртуды қарастыратын темір жол инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтудің ауқымды бағдарламасы іске асырылуда. Атап айтқанда, жол шаруашылығын дамытуды, қазіргі заманғы автоматика мен телемеханика жүйелерін, оның ішінде цифрлық автобұғаттауды енгізуді көздейтін жалпы ұзындығы 3000 шақырымға жуық темір жол учаскелерін жаңғырту бойынша 7 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Негізгі жұмыстарды аяқтау 2026 жылға көзделген.
Осы бағдарлама шеңберінде Ақтау және Құрық порттарына қарай теміржол бағыттарының өткізу қабілетін ұлғайту үшін жоғарыдағы жобалардың маңызы зор.
Сондай-ақ темір жол желісін жаңғыртудың жалпы бағдарламасы шеңберінде желінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және халықаралық көлік дәліздерін дамытуға бағытталған Алтынкөл - Жетіген, Қандыағаш - Тобыл, Ақсу-1 - Жаңа Семей және Никельтау - Әлімбет жобалары іске асырылуда. Жұмыстар екі негізгі бағытты көздейді: жол шаруашылығын дамытуды және станциялық жолдарды ұзартуды қоса алғанда, қолданыстағы темір жол инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ пойыздар қозғалысының өткізу қабілеті мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы автобұғаттау жүйелерін енгізе отырып, технологиялық қайта жарақтандыру.
Көрсетiлген жобаларды iске асыру нәтижесiнде жаңғыртылатын учаскелердiң өткiзу қабiлетiн ұлғайту күтiлуде. Бұл жүк пойыздарының санын ұлғайтуға, Ақтау және Құрық порттарына кiреберiстердегi инфрақұрылымдық шектеулердi жоюға, сондай-ақ Каспий теңiзi арқылы экспорттық және транзиттiк тасымалдарды ұлғайту үшiн қосымша мүмкiндiктер жасауға мүмкiндiк бередi.