Гүлім Бейсбекова, жастар кеңесінің аймақтық өкілі: "Замандастарыммен мақтана аламын"

Әлеумет
11.02.2019, 17:45

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын жырлағандай, қай қоғамда да топты жарып шығып, қатарын алға сүйрейтін жалынды жастар баршылық. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің менеджері, компанияның басқарма төрағасы жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңесінің Астана қаласы бойынша аймақтық өкілі Гүлім Бейсбековамен компанияның жастар саясатына қатысты аз-кем сұхбаттасқан едік. 

– Қазақстан теміржолының белсенді жастарының бірісің, Халықаралық құқық мамандығы бойынша жоғары білімді қыз неге теміржолда қызмет етуді таңдады, теміржол сені несімен қызықтырды?  

– Мен Ақтөбеде туып-өсіп, үздік мектепте білім алдым. 2009-2013 жылдар аралығында ҚазМЗУ-да соңғы курста оқып жүргенімде түрлі ұйымдарда тағылымдамадан, яғни стажировкадан өтемін деп алдыма мақсат қойдым. Бұл аралықта мен тәжірибеден өтпеген мекеме кемде-кем. Соның ішінде «Penal Reform International», ЮНИСЕФ, БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар өкілдіктері және тағы басқа беделді мекемелер болды. Соңғы курста ҚТЖ-ға стажировкаға келдім. Маған осы компаниядағы атмосфера бірден ұнады. Себебі ол жерде қайнаған өмір, ол сені ылғи да жинақы, сергек жүруге итермелейді. Осы саланы тереңірек біліп, өз біліктілігімді арттыру мақсатында ҚазККА-да екінші жоғары білім алдым. 2015 жылдан бері компанияның басқарма төрағасы жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңесінің Астана қаласы бойынша аймақтық өкілімін. Осы аралықта ҚТЖ-ның республикалық жастар форумына белсенді атсалысып, ондағы бірнеше жобалар бойынша жүлделі орындарға ие болдым. Бұған қоса менің атам мен әжем де осы салада жұмыс істеген, әкем Қуатбек те қазір теміржолда еңбек етеді.

– Қазақстанда жоғары білім алып, Корея мен Қытайда білім жетілдіріп, ағылшын, қытай тілдерін меңгеріпсің. Бүгінде Л. Гумилев атындағы ЕҰУ заң факультетінде құқық саласында PHD докторантысың. Ғылыми-зерттеу қызметіне араласып, мақалаларың шетелдік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар жинақтарына енуде. Осыншама белсенді болуға күш-қуатты қайдан аласың?

– Егер адам өзі қаласа, бәріне де үлгереді. Бізде жастар арасында жан-жақты белсенді мамандар жеткілікті. Өйткені ҚТЖ-да қызмет ету дегеніміз – 24/7 режимінде байланыста болу деген сөз, мәселен, біздің салада диспетчерлер, қаржыгерлер, өндірістік қызметкерлер солай еңбек етеді десе де болады. Сондай жұмыс көлеміне қарамастан біздің жастар қоғамдық шараларға қатысуға қашан да уақыт табады. Әсіресе, ҚТЖ жастары қамқорлыққа мұқтаж жандарды әлеуметтік қолдау, зейнеткерлер мен балаларға қамқорлық көрсету, қоғамда отбасының ролі мен басымдылығын нығайту, теміржолшылардың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын сақтау және насихаттау, теміржолшылар ортасының моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту, дене тәрбиесі және спорт саласында қызметтерді жандандыру бойынша жұмыстарын жүзеге асыруда үлкен күш болып табылады. Біз, ҚТЖ жастары компания басшылығына жан-жақты дамуымызға, өзімізді-өзіміз жетілдіруімізге осындай зор мүмкіндіктер бергені үшін, ынталандырып, қолдағаны үшін алғысымыз шексіз.

– Жуырда Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатыстың. Алған әсеріңмен бөлісе кетсең?

– Жастар саясаты бізге не береді? Бізге бұл командалық жұмыс істей алуды үйретуде керемет тәжірибе береді. Сонымен қатар біз Жастар саясаты аясындағы шаралар арқылы шетелдерге шығамыз. Өз басым Мәскеуде өткен РТЖ жастарының слетіне 2 рет қатыстым. Ол жақта Қазақстан теміржолының атынан сөз сөйлесем, одан бөлек Сочиде өткен Бүкіләлемдік жастар фестивалінде де өз елімді таныстырдым. Біздің компания ҚР темір жол индустриясында жетекші орын алады. Сонымен қатар, ол – өз жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жасап, барлық жағынан толық қамтамасыз етіп отырған ірі ұйымдардың бірі.

Ал жастар жылына келсек, оның әрине берері көп болары сөзсіз. Кешегі Елбасы қатысқан салтанаты жиында мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастарға қарап олардың қандай жалынды күш екеніне көз жеткізіп, іштей қуандым, мақтандым. Мен үшін биылғы жыл кәсіби қызметімде де, жеке өмірімде де оң өзгерістер әкеледі деп сенемін. Себебі, күтпеген жерден мен осы жылы өз махаббатымды кездестірдім...

– Керемет жаңалық... Құтты болсын, баянды болсын! Осындай ойын ашық айтатын, өжет, белсенді, көптің алдында көсіле сөйлей білетін, елдің назарында жүретін жігерлі болып қалыптасуыңа кімдер немесе қандай сәттер әсер етті?

– Мен оқыған мектеп көшбасшыларды тәрбиелейтін білім ордасы болды, пікірсайыс клубтарына жазылып, соңғы сыныптарға дейін сол клубтың белсенді мүшесі болдым. Ал сегізінші сыныптан бастап сол клубты басқардым. Онда мен өз пікірімді білдіріп, позициямды қорғауды меңгердім, дұрыс сөйлеп, өз ойымды жеткізе білуге үйрендім. Сосын мені жастайымнан намысшыл, еркін, ешкімге тәуелсіз болуға тәрбиеледі. Өз туған жеріңнің атын шығаратын азамат бол деп өсірді. Сосын туыстар жиналғанда немесе отбасымызбен ас ішіп отырғанда айтылатын тәрбиелік мәні зор әңгімелер де маған оң тәрбие берді деп айта аламын. Жалпы өмірде бәрі оңай емес, оқумен байланысты, магистрлік, тағы да басқа оқу гранттары, шетелде оқуға жолдама алу сынды тағы да басқа жетістіктерге жету жолында мен бірталай кедергілерді жеңдім. Қуаныш пен қиындық, стресс қатар жүрді. Бірақ, Аллаға шүкір, көздеген мақсатыма жетіп келемін.

– Өзің және бүгінгі жастар бос уақытын қалай өткізеді? Және не жетіспейді деп ойлайсың?

– Осы 27 жасыма дейін көп жақсы дүниелерді көрдім, біраз жерге бардым. Өзімді жетілдірдім, білім алдым. Сондықтан маған бос уақытымды қыдырып, түнгі клуб жағалаумен өткізу деген мүлдем қызық емес. Маған тыныш жерде достарыммен кездескен, болашаққа жоспар құрып, соны талқылаған ұнайды. Сол сияқты менің құрдастарым, замандастарым да өз уақытын босқа өткізбей, тиімді іспен айналысқанын қалар едім. Менің байқауымша, қазіргі жастар арасында мақсатсыз, бос жүргендері аз. Бәрі де алға ұмтылады, арман-мақсаттары айқын жастар. Оларды көбіне интеллектуалды ойындар, кітап клубтары немесе басқа да өзін дамытатын орындардан жиі көруге болады. Өйткені бүгін адамдарды таңқалдыру қиын, бәсеке қатты. Ал жетіспейтін жағы – меніңше, жастар қолда барын бағалай алмайтын сияқты. Қаншама мүмкіндіктер бар, соны пайдалана алмайтындар бар. «Зона комфорта» деген бар, содан шыққысы келмейді. Қандай да бір тәуекелге бару, бір нәрсеге қатты қызығушылық таныту жетіспейтін секілді. Ал жалпы алғанда, мен жастарға сенемін, замандастарыммен мақтана аламын.

– Сұхбатыңа рахмет! Алдағы өміріңе сәттілік тілеймін!

Райхан РАХМЕТОВА 

Суретті түсірген автор




Жаңалықтар
22.07.2024
Қазақстан, Түрікменстан және Ауғанстан жаңа теміржол магистралінің құрылысын талқылады
Инфрақұрылым
22.07.2024
Күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда
Әлеумет
22.07.2024
Теміржолшылардың балалары лагерге аттанды
Спорт
22.07.2024
Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай Таразда спартакиада өтті
Жаңалықтар
22.07.2024
Ауғанстан, Түрікменстан және Өзбекстан делегациясы Бейнеу астық терминалының мүмкіндігімен танысты
Жолаушылар тасымалы
22.07.2024
Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арнайы безендірілген пойыз жолға шықты
Темір жол тарихы
21.07.2024
«Алатау» жүрдек пойызы қалай пайда болды?
Жаңалықтар
19.07.2024
Жаңа – Есіл локомотив депосының паркі жаңартылды
Жаңалықтар
19.07.2024
Мемлекеттік тілді дамыту бойынша өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды
Станция тынысы
19.07.2024
Шағыр станциясында жүк тиеп жөнелту артып келеді
Аймақтар
19.07.2024
«Жасыл істер марафонында» Жамбыл бөлімшесі бірінші орынды жеңіп алды
Жүк тасымалы
19.07.2024
Биыл Қытайға 2 млн тоннадан астам астық экспортталмақ
Сұхбат
19.07.2024
Барлық сын-тегеурінге төтеп бердік
Инфрақұрылым
19.07.2024
11 мың шақырым теміржол жөндеуден өтеді
Жаңалықтар / Мұрағат
19.07.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №59 19 шілде 2024 жыл
Қауіпсіздік
18.07.2024
Темір жолдағы химиялық апаттарды жою бойынша оқу-жаттығу өтті
Әлеумет
18.07.2024
50 бала лагерьге аттанды
Қауіпсіздік
18.07.2024
Жанып келе жатқан жолаушылар пойызы сөндірілді
ҚТЖ келбеті
18.07.2024
Велосаяхатшы сапарға шықты
Жүк тасымалы
18.07.2024
Қазақстанда теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі артты