Оқ пен оттың ортасынан оралған Бақытбек Қырықбаев

Әлеумет
10.05.2019, 10:17

Қазіргі таңда Семей ЖТ бөлімшесі бойынша 27 Ауған соғысының ардагері еңбек етуде. Теміржол саласының майталмандарына айналған кешегі жауынгерлер бүгінде жас буын арасында патриоттық рухты қалыптастыруға елеулі үлес қосуда.

Мәселен, олар 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде ерлер арасында өткізілетін сайыстарға үнемі қолдау білдіріп, түрлі басқосуларда ерлік пен өрлік жайында тағылымды әңгіме қозғап тұрады.

Жас буын теміржолшылар, әсіресе вагон шаруашылығының білікті маманы, кешегі Ауған соғысында оқ пен оттың ортасынан оралған Бақытбек Қырықбаевтың соғыс өрті жайындағы шерткен әңгімелерін қызыға тыңдайды. Семейдегі вагон жөндеу депосында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Бақытбек Ағзамұлы – Ауған елінің Құндыз уәлаятындағы Бағлан қалашығында, нағыз соғыс өртінің ортасында екі жыл бойы интернационалдық борышын адал орындап келген жауынгер.

Өңірі орден-медальға толы. Маңыздысы сол – ол күллі шығыс өңірі бойынша «Ауған халқының алғысы» төсбелгісін және «Ерлігі үшін!» медалін иеленген жалғыз адам. Бұл айрықша марапатты алуға себеп болған қантөгісті есіне алғанда еріксіз күрсінеді...

– Ауған жерінде қарапайым қатардағы жауынгер ретінде автокөлік жүргізушісі-механик қызметін атқардым. Тау ішіндегі биік асулармен қару-жарақ, жанармай, азық-түлік, құрылыс заттары мен түрлі материалдар тасымалдайтындықтан бұл ең қауіпті міндет болатын. Жиіжиі жау тосқауылына тап боламыз. Бірде терең сай ішінде қоршауда қалдық. Алдымызда кетіп бара жатқан көліктер ұзап кеткен болатын. Соңымда қалған машинаның жүргізушісі кабинадан шығып, құлап түскенін көлік айнасынан көзім шалып қалды. Армян жігіті еді, аяғынан оқ тиіп, ауыр жараланыпты. Сол сәттерде оқ та борап кетті. Жер бауырлап еңбектеп барып, жаралы қаруласымды кабинаға алып, атыса отырып, жау қоршауын бұзып шықтым, – дейді отты күндер жайындағы естелік әңгімесінде.

Осы қаһармандығы үшін Бақытбек Қырықбаев «Ерлігі үшін!» медалімен наградталыпты. Бүгінде «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы оны түрлі жиындар мен жастармен өтетін басқосуларға жиі шақырып тұрады.

Тағы бір естелігінде тау етегіндегі бекетте күзетте тұрған шақта қауіпті топты тұтқынға алғаны туралы баяндап берді.

– Суыт жүрісті төрт ауғандықты тоқтаттым. Өздерін: «диқанбыз, егістікті суаруға бара жатырмыз» деп таныстырды. Алайда, кеңес әскерилеріне кектене қарайтыны, суық жүздері, қолдарында кетпенқайласының болмауы күдік тудырды. Жүріп өткен іздерін тексере келе, бұта түбіне жасырған қару-жарақтарын тауып алдық. Егер өткізіп алғанда ту сыртымыздан соққы берері анық еді. Ауған жерінде борышын өтеген сарбаздарды тек оқ пен оттың ортасында, ұрыс қимылдарында ғана жүретін, қарсы келгеннің бәрін қырып салатын әскери адам болған деп ойлау – қате пікір. Біздің сарбаздар Кабул, Кандагар, Құндыз сынды қалаларда Ауған жастары үшін жоғары оқу орындарының ғимараттарын салды. Ауруханалар, тұрғын үйлер, мектептер тұрғызды. Кеңес агрономдары сұрыптап шығарған күріш алқаптарына арнап суқоймаларын салды. Қысқасы, бауырлас Ауған халқының игілігі үшін үлкен көмек жасады. Өкініштісі, ол туралы БАҚта көп айтыла бермейді, – дейді ағамыз.

Бір ғажабы, семейлік теміржолшылар арасында Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің басым көпшілігі вагон шаруашылығында еңбек етіпті. Мәселен, бүгінде бақилық болған Ербол Мусин, Талғат Құрамысов, Игорь Чабасов есімі әлі күнге дейін әріптестерінің жадында. 

Жаңалықтар
22.07.2024
Қазақстан, Түрікменстан және Ауғанстан жаңа теміржол магистралінің құрылысын талқылады
Инфрақұрылым
22.07.2024
Күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда
Әлеумет
22.07.2024
Теміржолшылардың балалары лагерге аттанды
Спорт
22.07.2024
Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай Таразда спартакиада өтті
Жаңалықтар
22.07.2024
Ауғанстан, Түрікменстан және Өзбекстан делегациясы Бейнеу астық терминалының мүмкіндігімен танысты
Жолаушылар тасымалы
22.07.2024
Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арнайы безендірілген пойыз жолға шықты
Темір жол тарихы
21.07.2024
«Алатау» жүрдек пойызы қалай пайда болды?
Жаңалықтар
19.07.2024
Жаңа – Есіл локомотив депосының паркі жаңартылды
Жаңалықтар
19.07.2024
Мемлекеттік тілді дамыту бойынша өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды
Станция тынысы
19.07.2024
Шағыр станциясында жүк тиеп жөнелту артып келеді
Аймақтар
19.07.2024
«Жасыл істер марафонында» Жамбыл бөлімшесі бірінші орынды жеңіп алды
Жүк тасымалы
19.07.2024
Биыл Қытайға 2 млн тоннадан астам астық экспортталмақ
Сұхбат
19.07.2024
Барлық сын-тегеурінге төтеп бердік
Инфрақұрылым
19.07.2024
11 мың шақырым теміржол жөндеуден өтеді
Жаңалықтар / Мұрағат
19.07.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №59 19 шілде 2024 жыл
Қауіпсіздік
18.07.2024
Темір жолдағы химиялық апаттарды жою бойынша оқу-жаттығу өтті
Әлеумет
18.07.2024
50 бала лагерьге аттанды
Қауіпсіздік
18.07.2024
Жанып келе жатқан жолаушылар пойызы сөндірілді
ҚТЖ келбеті
18.07.2024
Велосаяхатшы сапарға шықты
Жүк тасымалы
18.07.2024
Қазақстанда теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі артты