Қазақстан астығы қай елдерге жөнелтіліп жатыр?
ҚТЖ-да логистиканы ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз әкету ерекше бақылауға алынды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Биылғы егін астығын шығаруды жалпы ұйымдастыруды Астық штабы үйлестіреді. Оның көшпелі отырыстары Қостанай мен Көкшетауда жүк жөнелтушілердің, трейдерлердің, экспорттаушылардың, «Астық Транс» АҚ өкілдерінің, жергілікті әкімдіктердің, көлік прокуратурасының және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық қызметтерінің қатысуымен өтті.
Желіде астықты біркелкі тасымалдау үшін астық тасымалдаушылардың, жабық вагондардың және магистральдық локомотивтердің барлық қажетті паркі жұмылдырылған.
Биылғы егін астығын жөнелтудің негізгі көлемін егін жинау науқанының көшбасшысы болып табылатын Ақмола облысы қамтамасыз етуде. Маусым басталғаннан бері осы өңірден бүкіл ел бойынша астық тиеудің жалпы көлемінің 31% жөнелтілді. Ақмола астығының көп бөлігі экспортқа, атап айтқанда тікелей маршруттық құрамдармен жөнелтіледі.
Қостанай облысы тағы бір негізгі астық өңірі болып қала береді. Қостанай астығының басым бөлігі де экспортқа бағытталған. Негізгі экспорттық бағыт Өзбекстан болып қала береді – экспорттық көлемнің 43% сол жаққа жөнелтілді. Сондай-ақ, астық Әзірбайжан, Қырғызстан, Беларусь, Латвия, Эстония және Түрікменстанға жеткізілуде.