Рельс бұнақтарын дінекерлеу ұстаханасы

Инфрақұрылым
22.07.2019, 09:44
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Табиғаты тамаша таулы жерде орналасқан Бурабай курорты рельс дәнекерлеу кәсіпорны – салалық жарыста көш басын бермей келе жатқан іргелі мекеме. Көп жылдан бері Құрметті теміржолшы Әнуарбек Шұлғауов жетекшілік ететін кәсіпорында 350-ге жуық маман еліміздегі жол шаруашылықтарының қажеттіліктерін өтеп, өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Ұзындығы 25, 70, 100, 120 метр болып келетін жаңа рельстерді жасалу технологиясына қарай басын қосып, ұзынөлшемді рельстерді пісіріп шығаратын кәсіпорынның негізгі қызметі «барқыт» жолдарды қамтамасыз ету болып табылады.

«Біздің сырттан рельс алдырмай, Ақтөбе рельсарқалық зауытынан шығатын өзіміздің отандық өнім 100 метрлік жаңа рельстерді пайдаланып, оларды бір-біріне жалғап, пісіру арқылы 800 метрлік ұзынөлшемді рельс бунақтарын дайындап, ел өңірлеріндегі жол мекемелерінің тапсырыстарын орындап келе жатқанымызға үш жылдың жүзі болды. Бұрындары рельс бунақтарын пісіру үшін 25 метрлік рельстер Ресей, Украинадан сатып алынатын еді. Бағасы да қымбатқа шығатын. Ал қазір Ақтөбе зауытынан ұзынөлшемді рельстерді біздің кәсіпорын мамандары өздері жасап шығарған арнайы құрамдармен өздеріміз әкелеміз. Мәселен, үстіміздегі жылдың алты айында бізге 168 км/п құрайтын 100 метрлік жаңа Р65 рельстері, 8,5 км/п көлемінде 25 метрлік рельстер келіп түсті. Біз осы жаңа рельстерден 112 км/п құрайтын ұзынөлшемді түйіспесіз рельс бунақтарын дайындадық, әу бастағы жоспар 71,76 км/п болатын, біз жоспарды 40 км/п үстінде орындадық, сондай-ақ, теңестіретін рельстер жоспарын да 6 км/п орнына 13,8 км/п орындап шықтық. Бірақ, 25 метрлік рельс бунақтары тапсырмасында жоспардан кешеуілдеп отырған жайымыз бар. Оған себеп, қатты қорытпа пластиналардың болмай қалуы», – дейді өндірістік-техникалық бөлім бастығы Арман Есімов.

Оның айтуынша, Бурабай рельс дәнекерлеу кәсіпорнының негізгі қызметі – рельс бунақтарын пісіру, яғни, жаңа 25, 100 метрлік рельстерден темір жолдарға төселетін ұзындығы 150 метрден 800-ге дейін жететін ұзынөлшемді түйіспесіз бунақтарды жасап шығару. Бұл рельс бунақтарын төсеуден не ұтамыз дейтін болсақ, біріншіден, ол пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға ықпал етеді. Екіншіден, пойыздардың қозғалыс жылдамдығын еш алаңсыз көтеруге, жолаушылардың өздерін ыңғайлы сезінуіне мүмкіндік береді. Түйіспе жолдардағыдай селкілдеу жоқ, сол себептен мұндай жолдарды ауызекі тілде «барқыт» жолдар деп атайды. Атына заты сай екенін, түйіспесіз жолдарда проблеманың болмайтындығымен де байланыстыруға болады. Ал түйіспе жолдарда болттар мен өзге де тетіктердің жағдайын үнемі бақылауда ұстау керек. Айтпақшы, болттар мен тетіктер демекші, аталған кәсіпорын түйіспе жолдарға қажетті дүниелерді де жасайды. Тіпті, арнайы цех та бар. Онда жолдың үстіңгі қабатына қажетті «айдауға қарсы» пружина дайындалады. Жол шаруашылықтары жиі тапсырыс беретін бұл материал пойыздардың жүрісі кезінде рельстердің орнынан қозғалып кетпеуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аталған кәсіпорында пайдалануға жарамды ескі рельстерді түзеп, қайта қалпына келтіру және олардан ұзынөлшемді немесе 25 метрлік рельс бунақтарын дәнекерлеп шығару, қала берді ПРСМ – Жолдағы рельсті дәнекерлеу машинасымен рельс бунақтарын қалпына келтіру, сондай-ақ, жолдағы рельстерді жөндеу, яғни рельстің тозып кеткен бастарын, бағыттағыш бұрмалардың айқастырмаларын балқытып қап-тастыру, байланыстырушы материалдарды пісіру жұмыстарымен де айналысады.

«Ескі жарамды рельстерді ажарлап, өңдеп, түзетіп, тегістеп, оларға қайтадан «екінші өмір» беру де біздің негізгі қызметіміздің бірінен. Айталық, өткен бірінші жартыжылдықта біз ескі жарамды рельстерден жоспардағы 16 км/п орнына 27 км/п құрайтын ұзынөлшемді рельс бунақтарын дәнекерлеп шығардық. Сондай-ақ, 30 км/п ескі жарамды рельстерді ажарлап, өңдеп бердік. Бұл тапсырманы межесіне жеткізе алмадық. Себебі қатты қорытпа пластиналардың жоқтығы қолбайлау болды», – дейді Арман Есімов.

Мұның сыртында, Жол және құрылыстар департаментінің тапсырысы бойынша жолдың үстіңгі құрылымына қажетті материалдар, атап айтқанда, рамалық және ауыспалы рельстер, рельстік байланыстырушылар, фигуралық рельстер дайындайды. Кәсіпорынның бұл жұмыстарды атқаруға күш-қуаты жеткілікті. Кейбір қажетті дүниелерді кәсіпорын қызметкерлері өздері ойластырып жасап алады екен. Яғни, өнертапқыштарға өріс кең.

– 2016 жылы рельс дәнекерлеу кәсіпорнында отандық 100-120 метрлік рельстерді қабылдау үшін қабылдау қоймасына жүк көтергіш жабдықты орната отырып, қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ, ТУ СТ АО39745182-0452010 сәйкес, 120,100,7 метрлік жаңа рельстерді 800 метрлік ұзынөлшемді бунақтарға дейін жеткізіп пісіру бойынша бағдарлық картасы технологиялық үдерістерімен қоса жасалып енгізілді. Ол кәсіпорын цехтарында орнатылған жабдықтарға қарай дәнекерлеуге ыңғайлы етіп жасалған. 120 метрлік рельсті ұзынөлшемді бунақтарға бейімдеп пісіру бір уақытта екі технологиялық линиямен жүргізіліп, бірден рельстасушы құрамдарға тиеледі, – дейді бөлім бастығы.

Бурабай курорты рельс дәнекерлеу кәсіпорнының бірқатар қызметкерлері Жолдағы рельс дәнекерлеу машинасымен, қысқаша ПРСМ деп аталып кеткен техникамен жұмыс істеуге жұмылдырылған. Олар жолдағы рельстердің ақаулы жерлерін жөндеу, рельстің тозып кеткен бастарын, бағыттағыш бұрмалардың айқастырмаларын балқытып қаптастыру, байланыстырушыларды пісіру жұмыстарымен де айналысады. Мәселен, алты ай ішінде ПРСМ көмегімен 3871 түйіспе қалпына келтірілген. Бүгінде кәсіпорында түрлі ұлт өкілдерінен құралған үш жүз елуге жуық адам бір атаның баласындай ынтымақ-бірлікпен жұмыс істеуде. Цехтарда техника қауіпсіздігі мен еңбектің қорғалуына аса басымдық берілген. Жұмысшылар мен шеберлер жұмысқа түсер алдында қауіпсіздік ережелеріне қатысты нұсқаулықтан өтіп, арнайы киім-кешек, қорғану көзілдірігімен қамтамасыз етілген. Аса жоғары электр тогымен зілбатпан темірлерді 1200-1300 градус ыстықта балқытып, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізетін мамандардың жұмыс орны зиянды еңбек жағдайы болып саналады.

Сондықтан оларға тұрақты түрде тегін сүт таратылып тұрады. Жалпы әртүрлі мамандықтың тізгінін ұстаған мамандар кәсіпорында 10-ға жуық жұмыс түрін жүзеге асыруда. Кәсіпорын еңбеккерлеріне ұжымдық шартқа сәйкес кезекті еңбек демалыстары, шипажайларға демалуға жолдама беріліп тұрады.

Жаңалықтар
20.05.2026
Жол жүру ережесін бұзған 200-ден астам жолаушы пойыздан түсірілді
Әлемде
20.05.2026
Бішкек «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол жобасына Қытайдан 305 млн доллар алады
Жаңалықтар
19.05.2026
Түркістан облысында Сырдария өзені арқылы өтетін бірегей теміржол көпірі салынуда
Әлемде
19.05.2026
Баку–Тбилиси–Баку жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды
Аймақтар
19.05.2026
Маңғыстауда Транскаспий бағыты арқылы өтетін жүк тасымалы өсті
Инфрақұрылым
19.05.2026
«Бақты-Аягөз» телімінде құрылыс қызу жүріп жатыр
Аймақтар
19.05.2026
Теміржолшылар қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған үздік жобаларын таныстырды
Аймақтар
19.05.2026
Ақтөбеде биыл 56 шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізіледі
Жаңалықтар
19.05.2026
Жаңа техникалар алды
Инфрақұрылым
19.05.2026
Бекеттердің жолы жаңартылып, жүк тасымалы ұлғаяды
Жаңалықтар
19.05.2026
Жауапкершілік жүгі ауыр
Аймақтар
19.05.2026
Жәдігерлер – өткен күннің белгісі
Жаңалықтар
19.05.2026
11 локомотив пайдалану депосы жаңа техникаға ие болды
Спорт
19.05.2026
Аманжол – Азия чемпионы
Жаңалықтар / Мұрағат
19.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №38 19 мамыр 2026 жыл
Жүк тасымалы
18.05.2026
Қазақстан астық пен ұн экспортын жаңа бағытқа бұрмақ
Әлемде
18.05.2026
Қытай – Еуропа теміржол экспресі 130 мың рейс межесіне жетті
Спорт
18.05.2026
Тараз теміржолшылары арасында тораптық спорт жарысы өтті
Әлемде
18.05.2026
Еуропа теміржолдарына бірыңғай билет жүйесі енгізілмек
Жаңалықтар
18.05.2026
Теміржол вокзалдарын жаңғыртуды үйлестіру және жеделдету жөніндегі жедел штаб құрылды