Түбек теміржолшылары шаңды дауыл кесірінен теміржол бойын жауып қалған құммен күресуде. Қыстыгүні болса да түбектің қар-жауынсыз құрғақ ауа райында құтырына соққан долы желден теміржолды топырақ басып қалуда.

Бұл, әрине, пойыздар қозғалысына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған орай кей жерлерде пойыздар жылдамдығы 25 км/сағатқа дейін төмендетілген. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Жол дистанцияларының жұмысшылары топырақ басып қалған жолды аршып, жұмыла әрекет етуде. Әсіресе, ашық жерлерде жел жылдамдығының жоғарылығы, тал-дарақтың жоқтығы жағдайды шиеленістіре түскені анық.

Жалпы, Өзен-Бастау, Жетібай, №14 бекет-№15 бекет, №10 бекет-Маната бекеті, Сам-Ноғайды, Ноғайды-Тұрыш, Бейнеу-№1 бекет, Қызыләскер-Бейнеу аралықтарындағы жолды топырақ жиі басып қалады. Сондықтан бұл жергілікті теміржолшылардың көрмеген құқайы емес. Осы жолы да «үйреніскен жаумен» күрес қимылдарына кіріскен.

– Құм басқан жерлерді тазалауға қол күшімен қатар техникалар да жұмылдырылып, арнайы қоршаулар жасалуда. Яғни шпалдан, автомобиль дөңгелектерінен, арнайы щиттен құмға қарсы қоршау қоюдамыз. Қамыс та отырғызылуда. Құм басқан телімдерді аршу, тазалау жұмыстары, әрине, өз алдына жүріп жатыр. Топырақ басуға бейім жерлер қадағаланып, үйілсе дереу тазалап отырамыз. Мысалы, 11-13 ақпан күні желдің жылдамдығы артып, біраз жерді құм басты. Маңғыстау жол дистанциясына қарасты Өзен-Бастау, №10 бекет -Маната бекеті аралығындағы телімдер топырақ астында қалды. Жұмысшыларымыз жұмыла қимылдап, дер кезінде жолдарды ашып үлгеріп, пойыздар қозғалысына нұқсан келген жоқ. Бұл үшін Өзен-Бастау аралығына күндіз 6 адам, түнгі кезекке 3 адам, №10 бекет-Маната бекеті аралығына СМ-7Н №005 техникасы шығарылды, – дейді Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің жол бөлімінің басшысы Марлен Көктеубаев.