Үкімет: сала дамуы сөз болды

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Сейсенбі күнгі Үкімет отырысының күн тәртібінде теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Премьер-министр жетекшілік еткен жиында Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс министрлері мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы, сондай-ақ онлайн форматында облыс әкімдері баяндама жасап, отырыстан соң баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.

Қазақстандағы барлық жүк айналымының 57%-ы теміржол көлігіне тиесілі, ол сондай-ақ бүкіл көлік саласы жалпы өнімінің үштен бірін қамтамасыз етеді. Ал осы алып саланың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту және жылжымалы құрам парктерін жаңарту бағыттарында қандай шаруалар атқарылып жатыр? 

Алғашқы сөз кезегін алған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда жүк вагондары нарығы толығымен бәсекелестік ортада жұмыс істеп тұр. Паркте жалпы қазір шамамен 147 мың вагон бар, олардың басым бөлігі жеке операторларға тиесілі. 

– Инфрақұрылымды одан әрі дамыту өнеркәсіптің өсуіне, экспорт көлемінің ұлғаюына және мемлекеттің транзиттік әлеуетінің нығаюына тікелей әсер етеді. Теміржол саласында біз үш негізгі бағытты бөліп қарастырамыз, олар – локомотивтер паркі, вагондар паркі және магистральдық желі. Мұндағы жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілуде, ал басты мақсат – өткізу қабілетін арттыру және тасымалдауға болашақ сұранысты қамтамасыз ету, – деп атап өтті министр. 

2014-2019 жылдар аралығында елімізде тартымдық жылжымалы құрамды сатып алу көлемінің төмен болуына байланысты локомотив тапшылығы қалыптасып, ал осы жағдайды түзеу үшін соңғы жылдары жаңарту бағдарламасы іске қосылған. Отандық өндірістің жаңа локомотивтерін тасымалға қосу 2028 жылға дейін жалғаспақ. Бүгінгі таңда жаңартылған парк тасымалдаудың ағымдағы қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі болды. Осылайша, жүргізілген жүйелі жұмыстың арқасында локомотивтердің тозу деңгейін 74%-дан 49%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туған. Сонымен қатар тартымдық ауыр машина паркінің орташа жасы – 30-дан 21-ге дейін айтарлықтай қысқарыпты. Жаңғырту жұмыстары еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсуі үшін сенімді база қалыптастыра отырып жалғасатын болады. 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ&SMART RAIL ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛЕДІ 

Мемлекет басшысының еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің қуатын белсенді түрде арттыруда. Бүгінде біздің еліміз құрлықтағы жүктердің 80%-ының Қытайдан Еуропаға өтуін қамтамасыз етіп отыр. Көлік министрлігі жоспарында көлік дәліздерін дамыту, кен орындарына жаңа жолдар мен терминалдар салу бар. 

– Транзит отандық теміржол саласының басты драйверіне айналды. Соңғы 5 жылда транзиттік тасымал көлемі 20 млн-нан 33 млн тоннаға дейін өсті. Біздің міндетіміз – таяу онжылдықта осы динамиканы жеделдету. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 67 млн тоннаға жеткізіп, екі есе арттыруды, ал 2040 жылға қарай транзит көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев. 

Оның айтуынша, терминалдық инфрақұрылым ел ішінде де, шетелде де жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазір маршруттар бойында жеті терминал жұмыс істеп тұр, оған қосымша 7 нысан салынуда. Бұл «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында бірыңғай логистикалық желіні қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен кен орындарына апаратын жолдарды жаңғыртуға назар аударылып отыр. Министрліктің перспективалы жобаларының тізіміне Қарағанды облысының Қарағайлы ауданындағы кен орындарының жолдарын жаңғырту және өңірді тікелей қатынаспен байланыстырып, Батыс Қазақстанның дамуына қуатты серпін беретін «Индербор-Орал» жаңа желісінің құрылысы енгізілген. 

– Қазіргі уақытта теміржол саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сектордың барлық негізгі объектілері бойынша бірыңғай «деректер көлі» (Data Lake) қалыптасады. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды қолдану арқылы басқарудың тиімділігін арттырады. Нәтижесінде шығындар азайып, қауіпсіздік деңгейі артады, – деп атап өтті министр.

ЖОЛАУШЫЛАР ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ 

Көлік ведомствосының басшысы Қазақстанда соңғы жылдары 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылғанын тілге тиек етті. 2030 жылға қарай министрлік жолаушылар паркін жаңарту деңгейін 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. 

Ал жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұлттық оператор атынан сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов, Қазақстанда жолаушылар вагондарының тапшылығы мәселесі толығымен шешіліп, парктің тозу деңгейі 36%-ға дейін төмендегенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ жылжымалы құрамды жаңғырту жайын жанжақты баяндады. 

Оның айтуынша, соңғы үш жылда 433 локомотив сатып алудың нәтижесінде тарту құрамы тапшылығы толық шешімін тауып, бұл магистральдық локомотивтердің орташа тозуын 66%- дан 58%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берген. Ал жолаушылар секторында 5 жыл ішінде тозу деңгейі 46%-дан 36%-ға дейін қысқарған. 

– Біз жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңартуды жалғастырып келеміз. 2030 жылға дейін тағы 754 локомотив сатып алу жоспарланған, олардың қатарына жүк, жолаушы және маневрлік локомотивтер кіреді. Қызмет ету мерзімінің аяқталуына байланысты істен шығатын құрамды ескере отырып, шамамен 20 мың жаңа жүк вагоны сатып алынады. Сонымен қатар алдағы жылдары 746 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан барлық шаралар теміржол тасымалдарының қауіпсіздігі мен сенімділігін түбегейлі арттыруға мүмкіндік береді, – деді басқарма төрағасы. 

Ал баспасөз конференциясында сөз алған ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов жолаушылар пойыздарын жаздың соңына дейін интернет желісіне толық қосу жоспарланып отырғанын айтты. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда интернет Нұрлы жол – Семей пойызында іске қосылған, сондай-ақ Алматы – Павлодар, Павлодар – Түркістан және Нұрлы жол – Атырау құрамдарында терминалдар орнатылуда. Бұған дейін жаңа технологияның техникалық дайындығы Астана – Алматы және Астана – Өскемен бағыттарында Eutelsat OneWeb және Starlink жүйелерін пайдаланған екі пилоттық жоба арқылы расталған болатын. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмысты бастаймыз. Мен тек жолаушылар пойыздары, оның ішінде ұлттық тасымалдаушының пойыздары туралы айтып отырмын. Біздің жоспарымыз – жаздың соңына дейін негізгі бағыттарды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету, – деді Әнуар Ахметжанов. 

АУЫР МАШИНА ЖАСАУ ӨНДІРІСІНІҢ ӨСІМІ – 22,5% 

Мемлекет басшысының көлік әлеуетін дамыту және елдің өнеркәсіптік негізін нығайту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде теміржол машина жасау отандық индустрияның негізгі бағыттарының біріне айналып отырғаны Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдемесінен белгілі болды. 

Оның айтуынша, бүгінде сектордың машина жасаудағы үлесі 13%-ды құрап отыр. Салада 60 кәсіпорын жұмыс істеп, онда 8 мыңнан астам адам еңбек етуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 22,5%- ға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті. 

– Жалпы соңғы бес жылда вагон паркін жаңартуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде салада инвестицияның өсуі байқалады. Біз Wabtec, Alstom және Stadler секілді жетекші әлемдік компаниялардың өндірістерін іске қосу арқылы капиталды тартып, саланы сапалы өзгерте алдық, – деп атап өтті министр. 

Бүгінгі таңда өнімнің жекелеген түрлері бойынша локализациялау деңгейі 35-40%-ға жеткен. Локализацияны одан әрі дамыту отандық компаниялармен кооперацияны кеңейтіп, жаңа қосалқы бөлшектерді игеру және бірлескен өндіріс құру арқылы жалғасуда. Жалпы осы жылғы бес айда салада вагондардың барлық түрлері бойынша оң динамика байқалып отыр екен. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда кемінде 9%-ға, ал жекелеген өнім түрлері бойынша 1,7 есеге өскен.

ЖАҢА ЖОБАЛАР – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес теміржол инфрақұрылымын ауқымды дамыту жалғасуда: жаңа желілер салынып, қолданыстағы жолдар жаңғыртылуда, жылжымалы құрам жаңартылып, вокзалдарда реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

– Мемлекет басшысы еліміздің теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет екенін атап өтті. Жаңа теміржол желілерін салу, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, қолданыстағы жолдарды жаңғырту және вокзалдарды реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша биыл бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтау жоспарлануда. Олардың ішінде «Дарбаза-Мақтаарал», «Мойынты-Қызылжар» желілері бар. Жаңа жолдардың ашылуы транзиттік тасымал көлемін биыл 55 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов. 

«Дарбаза-Мақтаарал», «Мойынты-Қызылжар» желілері бойынша қозғалысты іске қосу биылғы қараша айына жоспарланып отыр. Үкімет басшысы бұл жобалармен шектеліп қалмай, жаңа теміржол жобаларын әзірлеуді тапсырды. 

«Біз ел экономикасының одан әрі өсуін қамтамасыз етіп, Еуразия кеңістігінде көлік-логистикалық хабқа айналу үшін теміржол инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңіне дайындалуымыз керек», – деді Премьер-министр. 

Осыған орай, ол Көлік министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына келешегі зор инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаржыландыру көздерін айқындай отырып, техникалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ мемлекетаралық өткізу пункттерін кеңейту экспорттық және транзиттік бағыттағы жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Осыған байланысты Үкімет басшысы көршілес елдердің теміржол әкімшіліктерімен бірлескен шешімдер әзірлеу үшін тұрақты жұмыс жүргізуді тапсырды. 

Транзиттік әлеуетті арттырудың келесі бір қадамы халықаралық терминалдар желісін кеңейту бойынша жобаларды жүзеге асыруды жеделдету екені де сөз болды. Олжас Бектенов Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту және жаңа жүк ағындарын тарту үшін Астана, Алят, Свислочи, Селятино, Будапешт, Чэнду және Констанцадағы жобаларды қоса алғанда, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін халықаралық терминалдық желіні дамытуды жеделдетуді тапсырды. 

Күн тәртібінде тағы бір маңызды мәселе теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарын уақытылы бітіру болды. Үкімет басшысы оны әлеуметтік жоба деп бағалап, облыс әкімдеріне нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуді, туындаған мәселелер бірден шешімін табуы тиіс екенін ескертті. Сондай-ақ ол вагондардың жай-күйіне қатысты жолаушылар шағымына жауап беріп, қысқа мерзімде Stadler компаниясының жаңа вагондарын іске қосуды тапсырды. 

Жолаушылар тасымалы
19.06.2026
Ұлттық тасымалдаушы жоғалған отырғызу талонын қалпына келтіру жолын түсіндірді
Басты жаңалықтар
19.06.2026
Үкімет: сала дамуы сөз болды
Аймақтар
19.06.2026
Ақтөбеде локомотив паркі жаңаруда
Қауіпсіздік
19.06.2026
Дегелең мен Семей станциялары аралығында теміржол мүлкі мен жүк қауіпсіздігі тексерілді
Спорт
19.06.2026
Теміржолшылар арасындағы футбол турнирінде «Батыс» өңірлік филиалы жеңіске жетті
Инфрақұрылым
19.06.2026
Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі
Жаңалықтар / Мұрағат
19.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №47 19 маусым 2026 жыл
Спорт
18.06.2026
ҚТЖ-да футзалдан чемпионат өтуде
Жаңалықтар
18.06.2026
ҚТЖ пойыздарды басқарудағы Испанияның цифрлық тәжірибесін зерттеді
Әлемде
18.06.2026
Өзбекстанда тағы екі бағытта жоғары жылдамдықты пойыздар қатынайды
Аймақтар
18.06.2026
Тараздық түлектер теміржол саласындағы бос жұмыс орындарымен танысты
Аймақтар
18.06.2026
Жақсының аты өлмейді
Аймақтар
18.06.2026
Теміржолдағы 40 жылдық еңбек
Әлемде
18.06.2026
Қытайдың CRRC компаниясы Түрікменстанға алғашқы үш секциялы жүк тепловоздарын жеткізді
Инфрақұрылым
18.06.2026
Ақсу – Жаңа-Семей теміржол учаскесінің инфрақұрылымын жаңғырту жүзеге асырылды
Әлеумет
17.06.2026
Теміржолшылардың 10 мыңнан астам баласы лагерьде демалады
Инфрақұрылым
17.06.2026
Алтынкөл – Жетіген теміржол инфрақұрылымы учаскесін жаңғырту жүзеге асырылды
Әлемде
17.06.2026
Stadler төрт осьті жүк электровозын таныстырды
Жаңалықтар
17.06.2026
Қазақстан мен Иран көлік дәлізі мен порт инфрақұрылымын дамытуды жеделдетуге келісті
Аймақтар
16.06.2026
Қарағанөзек станциясында теміржолдан өту ережесін бұзған 20-ға жуық адам анықталды