Қазақ теміржолшылары қазақ салт-дәстүрін ұлықтады

Жаңалықтар
20.03.2022, 15:58
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Шығыс халқының жыл қайыруында күн мен түннің теңеліп, жаңару мен жаңғырудың бастауы болған әз Наурыз мерекесі елімізде ерекше аталып өтеді. Биыл да бұл мейрам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту туралы тұжырымдамасына сәйкес 14 наурыз – Көрісу күнінен басталды. Жұртшылықтың асыға күткен бұл мейрамын «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниясы да кең ауқымда атап өтті

«Нұрлы жол» теміржол вокзалы кешені аумағында алты қанат ақ шаңқан киіз үйлер тігілген этноауылға сенбілік таңертең көп адам жиылды. Әрбір киіз үй жанында қазанда буы бұрқырап ет асылып, палау пісіріліп, шоқ самауырынның түтіні бұрқырап шығып жатты. Күннің бет қарырлық суығына қарамастан қызыл-жасылды қазақтың ұлттық бүрмелі көйлектері мен қамзол-кәжекейлерін киген бұрымдылары, кимешек киген келіннен бастап ақ жаулықтылары, шапан жауып, тақия, қалпақ, ұзын қоныш етік киген бөріктілері алты ай қыстан жазғұтырым жайлауға қоныс аударып, бір-бірімен есен аман қауышқандандарына шұрқырасып, қуанысқан қазақ ауылдарының көрінісін елестеткендей еді. Бұл жерде найзасы мен қалқанын қатар ұстап, дулығасы басында, сауыты үстінде бойы екі метрлік алып тұлғалы батырларды да, құмай тазыларын алдарына салып жетектеген, қолына қомданған қыран бүркітін қондырған аңшыларды да, алтыбақан теуіп, беттері әлсіз аяздың шымшығанынан ба әлде көңілге ұя салған қуаныштан ба, алқызылданып алтыбақан тепкен бүлдіршіндер мен жастарды да көруге болатын еді.

Теміржолшылар биылғы мерекені «Наурыз –  көктем шуағы!» атауымен атап өтті. Осы тақырып аясында Ұлттық компанияның еншілес ұйымдары мен филиалдары Наурызды жоғары деңгейде атап өтуге тың дайындық жасап, әрқайсысы ұлттық салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды қамтитын қойылымдар қойды. Айтыс  дегенде ішкен асын жерге қояр қазақ, бұл жолы да тапқырлық пен шешендіктің, маржан сөз бен ұтқыр ойдың  қазынасы саналатын қыз бен жігіт айтысының куәгері болды. «Жолаушылар тасымалы» компаниясының суырып салма ақындары Данияр мен Шолпан әзілі мен әділдігі, қалжыңы мен ащы шындығы астарласқан әдемі сөз қақтығысу ұйымдастырып, жұрт қошеметіне бөленді. 

Ай, Шолпан қасымызға жақын келді, 

Семейдің арулары батыр келді.

Ағайын қарсы алыңдар дәл қасыма,

Тальгоға сия алмайтын ақын келді, – деп Данияр Шолпан қыздың толықша келген денесін нысанаға ала отырып, «Тальго» пойызының да тар екенін қағытып өтсе,  

Ай Шолпан, Тальгоға симайсың деп,

Данияр әзіліңмен қатырдың ғой, 

Кәдімгі Найман деген елім туған, 

Ағайын Томиристей батырмын ғой, 

Купенің Тальгосына симайтұғын,

Грузовоймен жүретін ақынмын ғой, – деп ақын қызда есесін жібермеді. 

Бұдан кейін дүйім жұрт «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның ақ жаулықты аналары сәбилі болғандарына сүйінші сұрап, тәттілерден шашу шашып, бөбекті бесікке салған салт-дәстүрін тамашаласа, бөбектің өсіп, тұсауын кескен дәстүрін «ҚТЖ Экспресс» мекемесінің ұжымы іліп әкетіп, сүйкімді сәбидің тұсауын кесіп, әдемі қойылым жасады. Бұл күні «Қазтеміртранс» АҚ қызға сырға салудың қыр-сырымен бөлісіп, елді тамаша дәстүрдің бір үлгісімен тәнті етті. Ал Магистральдық желі дирекциясының еңбеккерлері үкілеп өсіріп отырған ару қыздарын қимаса да, табиғаттың заңы десіп, қазақтың жөн-жоралғысымен ақ баталарын беріп, ақ жол тілеген ақ матасын төсеп, сыңсу айтып, «Кедентранссервис» АҚ ауылына ұзатты. Сөйтіп ЦЖС пен «КДТС» мерекелік қойылым бойынша да, шын мәнінде де (екі жас расында да Алланың қалауымен жақын күндері бас қосқалы отырған жұптар екен, авт.)  төс қағысып, құдаласты. Өз кезегінде, Кедентранссервистің азаматтары да аянып қалған жоқ. Беташарды барынша жоғары деңгейде ұйымдастырып, көркем сөзді домбырада әуелетіп, келіннің бірнеше мәрте иіліп сәлем салуын ұйымдастырды. Құтты келіннің иіліп сәлем салғанына жан атасы саналған ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаевтан бастап өзге де игі жақсылары елжіреп, ақшалай тарту жасап, баталарын берді. Атап өтерлігі, беташардан түскен барлық ақшаның мекеменің мүмкіндігі шектеулі балалары бар қызметкерлерінің отбасыларына мерекелік тарту ретінде берілетіні мәлім болды. 

 Наурыз мейрамын бұқаралық тойлауға арналған алаңдардың бірінде  қонақтар дәмі тіл үйірер бауырсақ, палау, наурыз көжеден дәм татса, спорт алаңында теміржолшылар арқан тарту, асық ату, кір тасын көтеру, қол күресі сияқты ұлттық ойын сайыстарында күш таластырып, бақ сынады. 

Сонымен қатар, бұл күні теміржолшылардың балаларына да өз өнерлерін ортаға салу мүмкіндігі туды. Яғни балғындар мен жасөспірімдер алаңында балалар ләңгі тебу, асық ату сайыстарға қатысып,  сондай-ақ, қазақ халқының мәдениеті мен тарихы бойынша білімдерін таразыға салған викторина, аквагрим аймағында түрлі әрлендіру шараларында бақ сынады.

Ал көңіл сергіту алаңында жұртшылық Қыдыр ата мен Жер ананы күтіп алып, ақ батасын алатын  театрландырылған  қойылымды, билер мен ән-күйлерден құралған мерекелік концертті тамашалады. 

Этно-ауылда тігілген «ҚТЖ»ҰК»АҚ еншілес ұйымдары мен филиалдарының  киіз үйлерінің тақырыптық безендірілуі, қазақ ұлттық дәстүрлер мен ғұрыптардың, киімдердің таныстырылымы және мерекелік дастархандардың ұйымдастырылуы Кәсіподақ және ардагерлер кеңесі өкілдерінен құралған комиссия тарапынан бағаланды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қазақ халқының құндылықтары мен дәстүрлері арқылы корпоративтік мәдениетті нығайтуға бағытталған шара өз  үлестерін қосқан теміржол мекемелеріне мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыстады. 

Әлемде
18.05.2026
Қытай – Еуропа теміржол экспресі 130 мың рейс межесіне жетті
Спорт
18.05.2026
Тараз теміржолшылары арасында тораптық спорт жарысы өтті
Әлемде
18.05.2026
Еуропа теміржолдарына бірыңғай билет жүйесі енгізілмек
Жаңалықтар
18.05.2026
Теміржол вокзалдарын жаңғыртуды үйлестіру және жеделдету жөніндегі жедел штаб құрылды
Әлеумет
17.05.2026
Ақтөбе облысында заманауи өнер мектебі салынуда
Инфрақұрылым
16.05.2026
Қазақстанның бес өңірінде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын
Әлемде
15.05.2026
Биыл Ресей теміржолдарында апат пен пойыздардың рельстен шығу жағдайлары көбейген
Жолаушылар тасымалы
15.05.2026
Қарағанды – Балқаш бағытында жолаушылар пойызы қатынайды
Аймақтар
15.05.2026
Қозғалыс қауіпсіздігін күзеткен теміржолшылардың аналарына құрмет көрсетілді
Инфрақұрылым
15.05.2026
Жаңаланған жолдар – қауіпсіздік кепілі
Аймақтар
15.05.2026
Көктемгі байқау кемшіліктерді анықтады
Аймақтар
15.05.2026
Семейлік теміржолшылар қаржылық сауаттылығын арттыруда
Жаңалықтар
15.05.2026
Астанада жас теміржолшылар үшін кәсіби бағдарлау курсы өтті
Аймақтар
15.05.2026
Әмбебап маман
Аймақтар
15.05.2026
Қауіпті сейілткен теміржолшының анасы алғысқа бөленді
Аймақтар
15.05.2026
Бір жұмысшы – бір өсімдік
Жаңалықтар / Мұрағат
15.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №37 15 мамыр 2026 жыл
Жаңалықтар
14.05.2026
ТМД темір жолдары интеграцияны нығайтуда
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Көлік вице-министрі «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің іске асырылу барысын тыңдады
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Солтүстік Қазақстандағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын