Швейцариялық Stadler компаниясы Дания үшін контакт-аккумуляторлы RS ZERO рельсті автобустарының жаңа модификациясын әзірлейді. Жоба бойынша жеке тасымалдаушы Lokaltog төрт құрам сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұл жобаға 2024 жылы жарияланған тендерде түркиялық Bozankaya мен хорватиялық Koncar компаниялары да қатысқан. Келісімшартқа қажетті рұқсаттар алынғаннан кейін 2027 жылдың басында қол қою жоспарланған. Осылайша, Дания Stadler-дің жаңа RS ZERO платформасына тапсырыс берген алғашқы ел болады.
Жаңа пойыздар 2031 жылдың бірінші жартысында Копенгаген маңындағы ұзындығы 7,8 шақырым учаскеде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Lokaltog бағалауынша, дизельді пойыздарды жаңа құрамдарға ауыстыру жыл сайынғы көмірқышқыл газы шығарындыларын шамамен 800 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Жоба үшін зарядтау инфрақұрылымын швейцариялық Furrer+Frey компаниясы қамтамасыз етеді.
RS ZERO платформасы Stadler-дің RS1 рельсті автобустарының жалғасы саналады. Ол бір немесе екі вагонды нұсқада шығарылып, 70-тен 150-ге дейін жолаушы тасымалдай алады. Платформа сутегі немесе контакт-аккумуляторлы тартқыш жүйемен жабдықталуы мүмкін.
Жаңа құрамдар Stadler-дің Берлиндегі зауытында өндіріледі. Компания қазіргі уақытта сутегімен жүретін бір вагонды RS ZERO прототипін Германияда сынақтан өткізіп жатыр.
Айта кетейік, Stadler бұған дейін Lokaltog компаниясымен 24 FLIRT Akku контакт-аккумуляторлы пойызын жеткізу туралы келісім жасаған. Оларды 2028-2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған.