«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 200 астам HR-маманы «Қордың жаңа кадрлық саясаты» тақырыбы бойынша өткен жиында Самұрық-Қазына өкілдерімен кездесті.

Спикерлер ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Эльмира Каримова және Самұрық-Қазына бизнес-академиясының директоры Шолпан Жұмағазиева сөз сөйледі.

Бейресми кездесу барысында спикерлер жаңа кадрлық саясат тек басшыларға ғана емес, қарапайым қызметкерлерге де қатысты екенін алға тартты.

– Ашықтық пен барлығына тең мүмкіндіктер Самұрық-Қазынаның басымдығы болды. 2022 жылы Samruk Qyzmet бірыңғай рекрутингтік порталы толыққанды жұмысын бастады. Бір жыл ішінде портал арқылы бізге 134 мың қазақстандық жүгінсе, соның 7300-і жұмысқа орналастырылды. Қазір кез келген азамат qsamruk.kz арқылы бос лауазымдарға үміткер бола алады, – деп атап өтті Эльмира Каримова.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның HR-мамандары Қордың кадр саясатының жаңа бағыттарымен және негізгі міндеттерімен, сондай-ақ жаңа корпоративтік құндылықтармен танысты. Қор өкілдері кездесуге қатысушылардың жұмысқа орналасуға, жалақы жүйесіндегі ашықтыққа және басқаларға қатысты сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларға Samruk Business Academy, HR School, IR School, PR School және басқа да Қордың құзыреттерін дамытудың жаңа бағдарламалары таныстырылды.

– Жаңа үрдістермен және үздік HR-тәжірибелермен танысу мақсатында біздің   еншілес компанияларымызға жыл сайынғы HR конференциясына қатысу мүмкіндігі берілді, сондай-ақ Samruk Business Academy-мен жемісті ынтымақтастық ұсынылды, – деп атап өтті Шолпан Жұмағазиева.