«Қызылорда жүк тасымалы» бөлімшесінде «Қазпрофтранс» ұйымының аймақтық филиалының ұйымдастыруымен ерекше шара өтті.   Бөлімше ғимаратының кіре берісінде орындықтар қойылып, ақ халатты дәрігерлер жайғасқан.  Ертеңгілік жұмысқа асығып жеткен қызметкерлерді кәсіподақ ұйымы өкілдері  жетелеп әкеліп, «Денсаулық» акциясы ұйымдастырылғаны жайлы түсіндіріп, дәрігерлік тексеруден өткізуде. Алғашында шараға тосырқай да таңырқап қараған теміржолшылар істің байыбына барған соң уақыт тауып, дәрігерлік тексеруден өтуге кезек алып, маманның кеңесін алуға асығуда.  –«Апаттар медицинасы госпитальдары» Қызылорда филиалы емханасының дәрігері Ақмарал Құланбаева мен медбике Гүлмира Тұрғанбековалар келіп бүгінгі акцияның өтуіне өз үлестерін қосуда. Бүгінгі өтіп жатқан денсаулық акциясына НОД, НЖС бөлімшелеріне қарасты мекеме теміржолшылары қатысып, денсаулық жайлы кеңес берілуде. Бұл акция теміржолшының денсаулығының маңыздылығын білдіру мақсатында сала кәсіподағының 25 жылдығы және Халықаралық денсаулық күніне орай өткізілуде, – деді «Қазпрофтранс» аймақтық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Ахметов.  Таңертеңгі сағат 08.30-10.30 аралығындағы екі сағатқа жуық уақыт ішінде 100- ден аса теміржолшы дәрігерлік тексеруден өтіп, акция барысында тонометр, глюкометр, таразы және дене индексі таблоларымен, медқұралдармен «қаруланған» дәрігерлер теміржолшылардың салмағын, бойын өлшеп, қан құрамындағы қант мөлшері мен қан қысымын анықтап, дұрыс тамақтану қағидаларын түсіндіріп, қажетті кеңестер берді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда