Ақтау портына Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы жаңадан тағайындалған консулы Альптекин Сабри бастаған Түркия Бас консулдығының делегациясы келді.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейте түсуге басымдық берді. Бүгінде Қазақстанның бірден-бір портты аймағы Маңғыстау облысының Түркия Республикасымен сыртқы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Өткен 2022 жылы 73,7 млн АҚШ долларын құраса, түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 86 кәсіпорын тіркелген.
Кездесуде сондай-ақ мәртебелі меймандар түрік көліктік-логистикалық компанияларының Ақтау портын дамытудың болашақтағы жобаларына қатысу мүмкіндігіне қызығушылық білдірді.
Айта кетейік, Түркия мен Қазақстан арасындағы іскерлік, мәдени және бауырластық қарым-қатынастардың қарқын алғанына отыз жылдан асты. Биыл наурыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жұмыс сапары аясында өткен кездесу барысында Түркия – Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіретінін атап өтті. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жеткен.