Жұмысшы мамандығына мәртебе беріледі

Жаңалықтар
20.12.2024, 09:30
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Жастар жиыны шеңберінде өткен «Жұмысшы мамандықтары жылы: Мақсат. Болжам. Іске асыру» тақырыбындағы панельдік пікіралмасуға «ҚТЖ» ҰК» АҚ топ-менеджерлерімен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры Елдос Өмірзақов қатысты.

Панельдік дискуссия алаңына модераторлық еткен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Әлеуметтік саясат департаментінің бас менеджері Замир Серіков пікіралмасудың алғашқы сауалын Қор өкілі Елдос Өмірзақовқа бағыттады.  

Модератор: – Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осы ретте сіздің көзқарасыңыз қалай, қор және оның құрамындағы портфельдік компания ретінде біз қалай әрекет етуіміз керек?

Е.Өмірзақов: – Келер жылға жоспар көп. Жыл бастамасын Түркістан қаласында жастар форумынан бастағалы отырмыз. Бұл форумға өндірісте жұмыс істеп жатқан жұмысшы жастарды шақыруға басымдық бергелі отырмыз. Қазір біз портфельдік компаниялардан ұсыныс алып жатырмыз. Өңірдегі әріптестерге, жұмысшы мамандықтарына айрықша назар аударылады. ҚТЖ компаниясы жыл он екі ай өңірдегі жұмысшы мамандарының біліктілігін арттыруға, ардагерлерге көп көңіл бөледі. Бірақ біз жүргізген зерттеу барысында байқаған бір нәрсе, ҚТЖ-да 20-35 жас аралығындағы жастар белсенді, енді 35-50 жас арасындағы еңбек адамдарын да назардан тыс қалдырмай, белсенділікке тарту керек деп ойлаймын. Алдағы жылы жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыру бағытында біраз іс-шараларды атқару жоспарда бар. Әрине осы бағытта біз портфельдік компаниялармен қоян-қолтық жұмыс жүргізетін боламыз.  

Модератор: – Келесі сұрақты компанияның бас инженері Рамазан Болатбекұлы, сізге жолдағым келіп отыр. Қазіргі жастарға өндірістік мамандықты таңдауға қалай кеңес беруге болады, мұны сұрау себебім, жалпы елімізде өндіріс мамандарына сұраныс жоғары, осы ретте ірі жұмыс беруші компания ҚТЖ қалай әсер ете алады?  

Р.Садырқұлов: – Әрине, әр адам болашақта кім болатынына, қандай мамандықты таңдайтынына өзі таңдау жасайды. Көп жағдайда жастардың ойы өндірістік мамандық ауыр жұмыс, төмен жалақы, қызметтік мансап жоқ дегенге саяды. Әрине бастапқы кезеңде қайламен де, күрекпен де жұмыс істеу керек болады. Жұмысшы мамандығы үшін бұл міндетті кезең, әрине барлық компанияда жағдай мұндай емес, қол жұмысын қолданбайтын жоғары технологиялық компаниялар да бар. Ал төменгі жалақы, мансаптық өсу жоқ деген мәселеде сөз таластыруға болады. ҚТЖ-да жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, өндірісті механикаландыру мен автоматтандыру жағынан көп жұмыс атқарылуда. Мансаптық өсуге де еш кедергі жоқ. Ол енді әр жұмысшы маманның өзінің белсенділігі өзін дамытуына байланысты. Қазір көп жастар әлеуметтік желідегі алдамшы «табыстар» жетегінде жүр. Шын мәнінде үлкен табысқа табанды еңбек, өзін өзі жетілдіру, білім көкжиегін үнемі кеңейту арқылы қол жеткізе аласың. Елімізде қазір шетелдік компаниялар ашылып жатыр, оларда техникалық мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Ал жастар өндіріс саласын таңдау үшін бұл мамандыққа бала кезден дайындалуы керек. Орта сыныптан бастап балаларға кәсіби бағдарлау жұмыстарын күшейту керек. ҚТЖ-ның бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары көп. Бұрынғыдай теміржолшылар мектебін қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ қызметкерлерді кәсіби бағдарлануға даярлайтын бөлек құрылымдық бөлімше құру керек.  

Әрі қарай «Алдағы жылы өндірістік персоналды не күтіп тұр? Қандай да бір өзгерістер бола ма?», «2025 жылы қандай бастамалар, жобалар іске асырылады» деген сұрақтар «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС топ-менеджерлері Сакен Рахметов пен Владимир Бабиченкоға қойылды.  

Олар өз кезегінде, екі мекеменің де қызметі тікелей өндіріспен, қозғалыс қауіпсіздігімен байланысты болғандықтан өндіріс жұмысшыларының мүдделері, құқықтары, құзыреттері қашан да басымдықта болатынын атап өтті. Айтуларынша, жыл сайын жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, теміржол көлігі мамандарын оқытатын оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Болашақ теміржол саласының мамандары саланы сырттай емес, ішкі «асханасынан» бастап білуге тартып, өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, өндірісте еңбек ететін теміржолшылардың білім-біліктілігін арттыру үшін әртүрлі оқу-жаттығулар, тәжірибе алмасулар, ішкі тренингтер жиі өткізіледі, бүгінгі өтіп жатқан жастар форумының да жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруге маңызы зор екенін жеткізді спикерлер. Сонымен қатар алдағы жылы бұл іс-шаралар жалғасын табатыны, жүк тасымалы шаруашылығы бойынша 7 жерде озық тәжірибе мектебі өтетіні, оған арнайы қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқаны және 1000-ға жуық жұмысшы маманды қамтитыны белгілі болды.  Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығы» филиалы директорының орынбасары Ирина Капанова профильді оқу орындарымен меморандум шеңберінде тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеп жатқандарын атап өтті. Сонымен қатар ол филиалда Құзыреттілік орталығы құрылғанын жеткізді.  

«Құзыреттілік орталығы деген не? Бұл нақты бір бағыт. Мәселен, биыл біз бір пилоттық жоба жүзеге асырдық, ол – машинист көмекшілерінің даярлығы. Биыл жыл басынан осы жоба шеңберінде 98 машинист көмекшісін даярлықтан өткіздік. Қазір олар тәжірибеден өтуде. Бұл оқу мен тәжірибе үйлесім тапқан дуальды оқыту болатын. 2025 жылы локомотив паркі жаңартылады, соған білікті мамандар керек. Бұл орталықтар 2025 жылы тираждалады. Ал келешекте мұндай білім беру бағдарламасына вагоншыларды да қосу ойымызда бар», – деді Ирина Капанова.

 

Аймақтар
21.08.2026
Арыс станциясында болашақ жүргізушілерге машинист көзімен темір жол көрсетілді
Жолаушылар тасымалы
21.08.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» пойызының қатынау мерзімін жыл соңына дейін ұзартты
Трансформация
21.08.2026
Машинажасау саласы қалай дамуда?
Инфрақұрылым
21.08.2026
Жетіген – Құрөзек: екі учаске жаңғыртылды
Аймақтар
21.08.2026
Шу теміржолшылары мен полиция бірлескен рейд өткізді
Аймақтар
21.08.2026
Атырауда «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында 8 өткелде рейд өтті
Аймақтар
21.08.2026
Үздік вагон депосы – Маңғыстауда
Аймақтар
21.08.2026
Шалқар жол дистанциясы аумағында жыл басынан бері 5 мал басу оқиғасы тіркелді
Әлеумет
21.08.2026
Білім күніне базарлық
Әлеумет
21.08.2026
Есте қалатын ерекше күн
Жаңалықтар
21.08.2026
Донорлар қатары артуда
Жаңалықтар / Мұрағат
21.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №66 21 тамыз 2026 жыл
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ станцияларды басқарудың жаңа цифрлық платформасын енгізуде
Трансформация
20.08.2026
Қазақстанда локомотив пен вагон өндірісі еселеп өсті
Инфрақұрылым
20.08.2026
Ақшолақ – Үшбұлақ аралығында ауыр жол техникасын қолдана отырып, темір жолы сауықтырылуда
Жаңалықтар
20.08.2026
Қазақстан Орталық Азияның теміржол желісін жаңғыртуға негізгі үлесті қосуда
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ ALT University-мен ынтымақтастықты дамытуда
Әлемде
20.08.2026
Қытай 2026 жылдың алғашқы жеті айында жолаушылар ағыны бойынша жаңа рекорд орнатты
Жаңалықтар
20.08.2026
Жыл басынан бері пойыздардың 44 әйнегі сынған
Әлемде
20.08.2026
Қырғызстан неліктен «Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан» теміржол жобасының ұзын әрі қымбат бағытын таңдады?