Электрмен жабдықтау шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында ҚТЖ «Диспетчерлік ортада телемеханика құрылғыларын жаңғырту» жобасын іске асыруда, деп хабарлайды Rail-news.kz. 

2025 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Ақмола магистральдық желі бөлімшесінде, Көкшетау электрмен жабдықтау дистанциясында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. «Лисна» телемеханикасының ескірген жүйесі заманауи «АМТ» кешеніне ауыстырылды. 

Жаңа жүйе электрмен жабдықтау объектілерін басқаруды, диспетчерлік пунктке деректерді жинауды және беруді қамтамасыз ететін көп деңгейлі бағдарламалық-техникалық кешен болып табылады. АМТ-ны енгізу жұмыстың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, ауысуларды жедел орындауға, зақымдалған учаскелерді тез анықтауға және жөндеуді қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. 

2029 жылға дейін осындай жұмыстар Ақадыр, Сары-Шаған, Астана, Шу және Жамбыл электрмен жабдықтау дистанцияларында  жүргізілетін болады.

Нәтижесінде диспетчерлік ортаны телемеханизациялау 4 237 км электрлендірілген учаскелердің 2448-ін қамтиды, бұл пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін, электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және еңбек пен материалдық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.